Тікелей эфир

Сәкен Сейфуллиннің еш жерде жарияланбаған видеосы табылды

Оны Тіл білімі институтының ғалымдары тапқан.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, атап айтқанда PhD доктор Ермұхамет Маралбек пен Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейтбатқал Маскеудегі мемлекеттік архивтен бірнеше құнды видео тапты.

Зерттеу жұмысы институттың Ахметтану бөлімінің зерттеу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан "Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі" (AP13068356)" гранттық жобасы аясында жүзеге асты. 

"Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатында қазақтың тарихы, мәдениеті жайлы видеожазбалар сақталған. Соның ішінде "Қазақ АССР 15 жыл" деген құжатта Сәкен Сейфуллиннің түрегеп тұрған бейнесі кадрға алынған. Бұл видеоның басында Михаил Калинин Алматы вокзалынан, көлікке отырады. Қала көшелерімен келіп, іс-шара өтетін жерге келеді. Михаил Калинин сөз сөйлейді, оған гүл шоғы табысталады. Осы аралықтарда келген қонақтардың арасынан Сәкен Сейфуллиннің бейнежазбасын көруге болады. Бұл мерейтой Республика көлемінде аталғандықтан, оған қазақтың беткеұстар азаматтарының қатысуы заңдылық еді. Осындай үмітпен бейнеқұжатты көруге алдырдық. Үмітіміз ақталып Сәкен Сейфуллиннің 7 секундқа созылған видеосы табылды", – деді PhD доктор Ермұхамет Маралбек Informburo тілшісіне. 


Оқи отырыңыз: "Қызым өмір сүретін қоғам үшін өзімді, айналамды өзгертуім керек". Суретші Мөлдір Қарубайқызымен сұхбат


Тіл білімі институтының ғалымдары Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин, Ораз Исаев, Ораз Жандосов сынды тұлғалардың видеосы алдағы уақытта жарияланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейтбатқал алда Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатынан қазақтың тарихы, мәдениеті жайлы көптеген фото мен видео табуға болатынына тоқталды. 

"Аталған іс-шараға Сәкен Сейфуллинмен қатар Әліби Жангелдин, Ораз Жандосов сынды тұлғаларда қатысқан. Михаил Калининнің жанында Әліби Жангелдин екі кадрда көрініс тапқан. Біріншісі алдынан алынған, екіншісі қырынан түсірілген. 8 күн әрине аз, мұрағат бара салып, алып келетін нәрсе емес, оны қазу, әртүрлі ақпаратты қорыту, бір нәрсені табу үшін мыңдаған деректер мен құжаттарды ақтару. Ал грант аясында осындай іссапарды ұйымдастыруға болады, бірақ аз күнге ғана, өйткені гранттың мүмкіндігі соншалық қана. Ұзақ мерзімді мұрағат жұмыстарын мемлекеттік қолдаумен арнайы ұйымдастыру керек деп ойлаймын", – деді Әрлен Сейтбатқал. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
2

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары