Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді кезең-кезеңімен қайта ашатынын хабарлады.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстер 20 маусымнан бастап, ал Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша 10 шілдеден бастап қайта орындала бастайды. Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер уақытша Пәкістан аумағы арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты ұшу кестесі кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі.
- Алматыдан ұшатын рейстер 15-21 маусым аралығында аптасына екі рет – сенбі және жексенбі күндері орындалады. Кейін олардың саны біртіндеп артып, 6 шілдеден бастап күнделікті қатынайтын болады.
- Астанадан Дубайға рейстер 10 шілдеден бастап аптасына үш рет іске қосылады. Тамыз айының басынан бастап бұл бағыт бойынша да күнделікті рейстер орындалады.
Сондай-ақ компания бұған дейін 31 шілдеге дейінгі мерзімге қайта брондалған билеттердің иелеріне сапар күнін тегін өзгерту мүмкіндігін ұсынды. Алматыдан ұшатын жолаушылар билет күнін 20 маусымнан бастап, ал Астанадан ұшатындар 10 шілдеден бастап ертерек рейстерге ауыстыра алады.
Air Astana Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақты бақылап отырғанын және жағдайға байланысты ұшу кестесіне қосымша өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.