Әлемге танымал актер Джеки Чан Алматыға келіп, Armour of God: Ultimatum халықаралық көркем фильмінің өндірісін ресми түрде бастау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
"Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін", – деді шарада премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелесті. Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті.
Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерді тарту етті. Іс-шара соңында қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсті. Осылайша фильм өндірісінің ресми басталғаны айшықталды. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асырылуда.
Фильм түсірілімі шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді.
Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасқан.
Джеки Чан Қазақстанда: Маңғыстауда "Доспехи Бога 4: Ультиматум" фильмінің түсірілімі басталды
Джеки Чанның фильмі Қаскелеңде түсіріледі. Жоба үшін арнайы кинопавильон салынып жатыр