"Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум" фильмі Қаскелең қаласында түсіріледі. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі хабарлады.
Салтанатты рәсімде Голлиивуд жұлдызы, әйгілі актер Джеки Чан жіберген символикалық уақыт капсуласы құрылыс алаңына тікұшақпен жеткізілді. Оны осы павильон аумағында түсірілетін алғашқы жоба – "Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум" (Доспехи бога 4: Ультиматум) фильмінің режиссері Роберт Кун қабылдап алды.
Кино түсірілімі үшін арнайы Dala Stage кинопавильоны салынып жатыр. Басты рөлді Джеки Чан сомдайды.
"Жарты жыл бұрын ғана біз осы жобаны жоспарлап, талқылаған едік. Ал бүгін сол келіссөздер шындыққа айнала бастады. Біз павильон құрылысының ауқымды түрде бастау алғанын көріп отырмыз. Джеки Чан барша қазақстандыққа жалынды сәлем жолдап, осы жобаға өркендеу тілейді", – деді актердың продюсері Ли Чиу Ва.
Жаңа кинопавильонның жалпы аумағы 15 гектарды құрайды, ал ғимараттың өзі 3000 шаршы метр болады. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Жоба Қазақстанның киноиндустриясын дамытуға және халықаралық түсірілімдерді тартуға бағытталған.