Алматыда 90 мыңға жуық азаматтан 25 млрд теңге тартқан "Asar Baspana" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Туғанбаев Н.М. бастаған топ салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін табыс түсетінін уәде еткен. Олар құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған ақпарат таратқан.
Тергеу барысында өнімдердің шын мәнінде өзге жеткізушілерден сатып алынып, "Asar Baspana" логотипімен таңбаланғаны анықталған.
2024 жылғы желтоқсаннан бастап пирамидаға деген сенім азайған кезде ұйымдастырушылар автомагазиндер ашылып, дилерлермен ынтымақтастық орнатылғаны туралы жалған мәлімет таратқан. Іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген.
Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 13 өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды.
Сонымен қатар жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.