Тікелей эфир

50 пайызы халықаралық тәжірибеге сай бөлінеді: ғылымды қаржыландыруда фокустық тәсіл қолданылмақ

Ғылым мен инновацияға бөлінетін қаражаттың қалған 50 пайызы нақты жалпымемлекеттік технологиялық басымдықтарға бағытталады.

Министр Бағдат Мусин республиканың инновациялық әлеуетін одан әрі тиімді кеңейту үшін технологиялық дамудың басым бағыттарына бөлінген қаржының концентрациясын арттыру қажет екенін атап өтті. Фокустық саясаттың жаңа механизмі ғылым мен инновацияға бөлінетін қаражаттың 50 пайызын нақты жалпымемлекеттік технологиялық басымдықтарға бағыттауды көздейді. Ал қалған 50 пайызы озық халықаралық тәжірибеге сәйкес басқа бағыттарды қолдауға бөлінеді, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты. 

Бұдан бөлек, жоғарыда аталған басым бағыттар бойынша технологиялық платформалар құру бойынша шаралар қабылданады. Технологиялық платформа – белгілі бір технологиялық тапсырманың айналасында шоғырланған егжей-тегжейлі жол картасы сияқты. Ол нақты шараларды қамтиды және барлық қажетті стейкхолдерлерді біріктіреді. Бұл механизм Еуропалық Одақтағы технологияны дамыту тәжірибесіне негізделген.

Сондай-ақ жалпы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және инновацияны қаржыландыруды ұлғайту бойынша қадамдар көзделіп отыр. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдарына, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуге және венчурлік капитал нарығын дамытуға қатысты. Атап айтқанда, коммерциялық банктер мен сақтандыру компанияларына заңнамалық деңгейде бекіте отырып, венчурлік инвестицияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.


Оқи отырыңыз: 2024 жылы арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Оны кімдер алады?


Әлихан Смайылов сонымен қатар Astana Hub базасында қазіргі уақытта пилоттық режимде жұмыс істеп жатқан ҒЗТКЖ-ны қаржыландырудың бірыңғай платформасын ілгерілету үшін барлық нормативтік рәсімдерді жеделдету қажеттігін атап өтті.

"Барлық кәсіпорындар, инноваторлар және ғылыми қоғамдастық өкілдері мұндай платформа бар екенін білуі керек. Оның шеңберінде ҒЗТКЖ саласындағы тапсырыс берушілер мен мердігерлер бір алаңда өзара іс-қимыл жасай алады, тапсырыстарды орналастырады немесе қабылдай алады. Ең бастысы – платформа пайдаланушыларға ыңғайлы болуы керек", – деді премьер-министр.

Сонымен қатар жиында MedTech инновациялық бағытын дамыту бойынша ұсыныстар қаралды. Оның шеңберінде барлық медициналық ақпаратты сақтайтын eDensaulyq платформасын құру, медициналық техника мен өндірістік жабдықтардың қолда бар қорын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалардың үлесін арттыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, әлемнің үздік мамандандырылған жоғары оқу орындарында ядролық медицина мен медициналық физика саласы бойынша қазақстандық мамандарды даярлау, MedTech-ке венчурлік қаржыландыруды тарту және басқа да бірқатар шара көзделген.


Оқи отырыңыз: Шетелде ғылыми тағылымдамадан қалай өтуге болады? Маңызды 15 сұраққа жауап


Әлихан Смайылов азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде аталған инновациялық бағыттың рөлі өте маңызды екенін атап өтті.

"Бұл медициналық көмек көрсету деңгейін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін қашықтықтан тексеру, медициналық болжау және жасанды интеллект технологияларын қолдануға қатысты", – деді үкімет басшысы.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктеріне MedTech бағыты бойынша ұсынылған тәсілдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету және тиісті технологиялық платформа құру тапсырылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары