50 мың теңге несиені 752 мың теңге қылып қайтаруды талап еткен: Депутаттар заңсыз несие берушілерді тексеруді сұрады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Бұл нақты алған сомадан шамамен 23 есе көп.

"Ақ жол" фракциясының депутаттары заңсыз несие беретін ұйымдарға қатысты шара қабылдауды сұрады. Құрылтай отырысында депутат Юрий Ли оқыған сауалда мысал ретінде "Alem Credit" платформасының қызметі келтірілген. Депутаттардың мәліметінше, 50 мың теңге көлемінде несие азаматқа іс жүзінде 32 мың теңге ғана аударылған. Алайда 752 мың теңге қылып қайтару талап етілген. Бұл нақты алған сомадан шамамен 23 есе көп.

"Ақ жол" депутаттары 28 мамырда заңсыз өсімқорлардың қызметінің таралуы туралы мәселе көтергенін еске салды. Олардың айтуынша, "Alem Credit" микрокредит беру лицензиясы мен тиісті тіркеуі болмаса да, ондаған интернет-ресурс арқылы азаматтарға қарыз берген.

Сондай-ақ депутаттар платформа сайттарында қарыз алушылардың биометриялық деректері жиналғанын және қарыздардың жеке тұлғалардың карталары арқылы берілгенін айтты. Сауалда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі заңда белгіленген шектен 9,5 есе, ал айыппұл санкциялары 10 есе жоғары болғаны көрсетілген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 26 маусымдағы жауабында "Alem Credit" қызметінен Азаматтық кодекстің 160-бабында көзделген жалған мәміле белгілері байқалғанын хабарлаған. Алайда агенттікте тиісті өкілеттік болмағандықтан, материалдар Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.

Депутаттардың айтуынша, қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратқа қарамастан, платформаның интернеттегі жарнамасы жалғасып, жаңа сайттар пайда болған.

"Азаматтардың хабарлауынша, мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде үздіксіз қоңырау шалу, туыстары мен жұмыс берушілері арқылы қысым көрсету, жеке ақпаратын таратамыз деп қорқыту, жасанды интеллект көмегімен әдепсіз сипаттағы суреттер жасау, сондай-ақ іздеуде жүргені және қылмыс жасағаны туралы жалған хабарламалар жіберу сияқты тәсілдер қолданылған", – деп жазылған сауалда.

Депутаттар заңсыз несие берушілердің қызметі бір азамат пен кредитор арасындағы жеке дау емес, жаппай заңсыз қаржылық қызмет белгілері бар мәселе деп санайды.

"Ақ жол" фракциясы Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінен көтерілген мәселені бақылауға алып, қабылданған шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау