Қазақстанда тікелей эфир кезінде қорлау, балағат сөз айту, қауіпті пранктер ұйымдастыру және әдейі арандатушы контент тарату үшін жауапкершілікті күшейтілуі мүмкін. Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай депутаттық сауалында осындай ұсыныс білдірді.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирдің аудиториясы артып, кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды қорлап, мазақ ететін болған.
"Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр", – деді Жарқынбек Амантай.
Ол тікелей эфирлерде әртүрлі жастағы мыңдаған адам көре алатын анайы және қауіпті әрекеттердің де көбейгенін атап өтті.
Депутат осыған байланысты "треш-стриминг" ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақтылауды ұсынды. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді сұрады.
Бұдан бөлек, ол TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және олардың авторларын сәйкестендіру тетігін қалыптастыруды ұсынды.
Жарқынбек Амантай азаматтарды келісімінсіз эфирге шығару және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту қажет екенін айтты.
Сонымен қатар депутат әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, оның нәтижелері туралы қоғамға ашық ақпарат беруді ұсынды.
"Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек", – деді депутат.
Балаларды әлеуметтік желіден қорғау: депутат Үкіметке төрт ұсыныс жолдады