Алматы әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшасында әл-Фараби даңғылында адам шығынына әкелген жол апатына байланысты пікір айтты.
"Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы – қала үшін орны толмас қасірет. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", – деді әкім.
Оның айтуынша, қалада көлік санының артуы жол жүктемесін күшейтіп отыр. Осыған байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау күшейтіледі.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды полицияға көлікті дұрыс қоймаудан бастап, өрескел жол ережесін бұзу фактілеріне дейін қатаң шара қабылдауды тапсырғанын атап өтті.
Әкімнің мәліметінше, биыл қалада жалпы ұзындығы 290,2 шақырымды құрайтын 360 көшеде, оның ішінде 17 магистральды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта жол жабынын қалпына келтіру, люктер мен нөсер суын қабылдайтын құдықтарды ретке келтіру жұмыстары басталған.
"Мердігер ұйымдар жұмыстың сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтауға тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда", – делінген әкім мәлімдемесінде.