Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту экономиканың тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Президент инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру мақсатында "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы іске қосылғанын еске салды. Оның айтуынша, аталған тетік нақты нәтиже беріп отыр. Соңғы үш жыл ішінде кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін атап өтіп, ел алдында сенімді әрі заманауи энергетикалық инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұрғанын жеткізді. Осы мақсатта Үкімет "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруды бастаған.
"Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады", – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Атом станциясы – экономиканың жаңа сапалы кезеңге өтуінің белгісі
Президенттің айтуынша, Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктеліп отыр. Бұл қадамдар Қазақстан экономикасының одан әрі табысты дамуына негіз болады. Мемлекет басшысы энергетика саласын жаңғырту ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатынын да атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалана отырып, экспорттық әлеуеті жоғары энергетикалық державаға айналуы тиіс екенін баса айтты. Оның сөзінше, инфрақұрылымды жаңарту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ететін маңызды фактор.
USD:
516.1 / 518.9
EUR:
603.0 / 608.0
RUB:
6.41 / 6.53