2028 жылы жеңіл атлетикадан Азия жастар чемпионатын Шымкентте өткізу туралы бастама қолдау тапты

Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы
Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы
Қала жеңіл атлетика дамуы бойынша Қазақстан өңірлерінің үздік үштігіне кіреді.

1-2 қазанда Шымкент қаласындағы жаңа жөндеуден өткен стадионда жасөспірімдер арасындағы төртсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова мен бас хатшысы Келбет Нұрғазина қатысты. 

Чемпионат аясында федерация өкілдері Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесты. Оның барысында өңірде жеңіл атлетиканы дамыту мәселелері талқыланды. 

"Шымкент бүгінде жеңіл атлетика дамуы бойынша еліміздің үздік үштігіне кіреді. Жаңа реконструкциядан өткен стадион әлемдік стандарттарға сәйкес, қажетті құрал-жабдықтарды алуды қолға аламыз", – деді қала әкімі. 

Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы

Федерация президенті Ольга Рыпакова 2028 жылы Шымкентте жастар арасында Азия чемпионатын өткізу туралы ұсыныс жасады. Әкім бұл бастаманы қолдап, елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға бар күшін салатынын атап өтті. 

"Федерация атынан Ғабит Әбдімәжітұлына зор алғысымызды білдіреміз. Осындай қолдау барлық өңірлерде көрсетілсе, қазақстандық жеңіл атлетиканың болашағы одан әрі нығаятынына сенеміз", – делінген федерацияның хабарламасында. 

Серіктестер жаңалықтары