Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Жеңіл атлетика федерациясының президенті болып тағайындалды

Бұл қызметті оған дейін Даниал Ахметов атқарған болатын.

Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеген Даниал Ахметовтың орнына Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті болып тағайындалды. Министр Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетика федерациясын бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметовке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, президенттікке тағайындалған Ольга Рыпакованың қызметіне сәттілік тіледі. 

"Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз", – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Жиын соңында министр Ольга Рыпаковаға еліміздегі жеңіл атлетика спортының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыру, спортшылардың дайындығына және резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысы спорт басқармасының басшылығына Олимпиада чемпионы тағайындалды


 

Серіктестер жаңалықтары