ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімін жариялады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, осы кезеңде талапкерлер негізгі тестілеуді екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады. 11–16 сәуір аралығында өтініш бір рет берілсе, 17–25 сәуір күндері екінші мүмкіндік қарастырылған.
Тестілеудің өзі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығы сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы қабылданады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдай алады.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Түлектер үш міндетті және екі бейіндік пән тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120, ең жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут беріледі. Минималды шекті балдар бұрынғы деңгейде сақталды: ұлттық ЖОО-ларға – 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – 50 балл. "Педагогикалық ғылымдар" бағыты үшін – 75 балл, "Денсаулық сақтау" – 70 балл, "Құқық" – 75 балл. Тестілеу кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар қағаз нұсқалары да беріледі, – делінген хабарламада.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тестілеу пункттерінде металл іздегіштер, байланыс сигналдарын басатын құрылғылар және бейнебақылау жүйелері қолданылады. Тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге болады.
2026 жылғы ҰБТ нәтижелері бойынша бейнежазбалар 31 қазанға дейін тексеріледі. Ереже бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады.