2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы балмұздақ өндіруші ірі компаниялардың бірі – Shin-Line өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсім көрсетті. Нақты айтқанда, өндіріс көлемі 28 пайызға артты, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Айта кетейік, 2023 жылы өсім 22%-ды, 2024 жылы 24%-ды құраған. Ішкі нарықтағы сату көлемі 31%-ға өскен, бұл орташа нарықтық көрсеткіштерден жоғары және отандық өнімге деген сұраныс деңгейін көрсетеді.
"Бұл жетістік Алматы қаласында автоматтандырылған желілермен және заманауи технологиялық шешімдермен жабдықталған жаңа өндірістік кешеннің іске қосылуымен тікелей байланысты. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік беріп, операциялық тиімділіктің жоғары болуын және одан әрі нығаю әлеуетін қамтамасыз етеді. Компания экспорттық бағытты да белсенді қолға алуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша балмүздақтар Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қоса алғанда, 10 шет мемлекетке экспортталды", – делінген министрліктің хабарламасында.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Shin-Line балмұздақ өндіру саласындағы жетекші отандық өндіруші мәртебесін тағы да растады. Компанияның инвестициялық жобаларын іске асыру агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдеу саласын дамытуға, жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайтуға және Қазақстанның халықаралық азық-түлік нарықтарындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
USD:
502.3 / 505.3
EUR:
596.0 / 600.0
RUB:
6.49 / 6.61

