Биыл шекті балл жинаған түлектер саны 7 пайызға артты. Былтыр шекті балды ҰБТ тапсырған оқушылардың 60 пайызы ғана жинай алған еді. Бірақ, орташа нәтиже үш балға төмендеді, деп мәлімдеді "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Руслан Емелбаев.
Биыл ҰБТ кіреберісіндегі тексеру нәтижесінде 327 оқушы тестілеуге жіберілмеді және олардың нәтижесі жойылды. Мұнымен қатар, тестілеу кезінде 322 талапкердің ерекше ереже бұзғаны анықталған.
"2019 жылы ҰБТ-ға алып кірген тыйым салынған заттар саны 228 мыңды құраған еді. Биыл бұл көрсеткіш 400 есе азайып отыр. Бұл талапкерлердің көшіруге емес, өзінің біліміне сеніп отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ, биыл ҰБТ-ға бөгде тұлғалардың кіруіне байланысты бір ғана факті анықталды. Өткен жылы осындай 18 факті анықталған еді. Бір өңірде туған ағасы інісінің орнына ҰБТ тапсырмақшы болған. Бірақ кіреберістегі сәйкестендіруден өте алмағандықтан, тестілеуге жіберілмей, іс құзырлы органдарға бағытталды", – деді Руслан Емелбаев.
Оқи отырыңыз: ҰБТ-дан кейін аппеляцияға берілген 50 мың өтініштің 318-і қанағаттандырылды
Мұнымен қатар, тестілеу орталығының директоры ең жоғары балл жинаған талапкерлердің нәтижесі тексерілетінін айтты. Бұдан өзге, бұрынғы нәтижесімен салыстырағанда балы күрт өскен оқушылардың да тест нәтижесі тексерілетініне тоқталды.
"Өткен жылы ең жоғары балл 140 еді, ал биыл 139 болып отыр. Өкінішке орай, екі талапкердің де ереже бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Үшінші талапкердің нәтижесі де тексеріледі. Осы 139 балға қол жеткізген талапкерлердің бірінің нәтижесі наурызбен салыстырғанда бірден 60 балға өскен. Осыған байланысты қазір тексеру жүріп жатыр. Қазіргі таңда бұдан бөлек 200-ге жуық баланың нәтижесі біздің ерекше бақылауымызда тексеріліп жатыр", – деп қосты Руслан Емелбаев.