Тікелей эфир

ҰБТ-дан кейін аппеляцияға берілген 50 мың өтініштің 318-і қанағаттандырылды

Өтініштері қанағаттандырылған талапкерлердің сертификаты жеке кабинетте қолжетімді.

2022 жылы 154 мың талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп мәлімдеді "ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова. 

"Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады. Бұл ретте екі тестілеу кезінде бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдады. Пәндердің саны өзгеріссіз қалды: үш міндетті және екеуі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат, яғни 240 минут", – деді департамент басшысы. 

Мұнымен қатар, Гүлжан Жарасова биыл апелляцияға 50 мыңнан астам өтініш берілгенін айтты. Алайда олардың тек аз бөлігі қанағаттандырылған. 


Оқи отырыңыз: Қала мен ауыл білімі арасындағы алшақтық қысқарып келеді


"Олардың ішінде 318 өтініш қанағаттандырылды. Мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді", – деді департамент өкілі. 

Биыл, бұдан өзге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тестілеуге 40 минут қосымша уақыт берілген. Сонымен қатар, олар үшін суреттерсіз, диаграммаларсыз және схемаларсыз сынақ нұсқалары әзірленді. 

"Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл олардың саны 10 есеге жуық артып, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 811 бала қатысты", – деді Гүлжан Жарасова. 


Оқи отырыңыз: PISA: қазақстандық оқушылардың білім деңгейі айтарлықтай жоғарылаған


Сондай-ақ, биыл алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданған. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары