Тікелей эфир

200 млн теңге шығын: Түркістан облысының шаруалары егінін суара алмай отыр

Су тапшылығы салдарынан шаруалар 200 миллион теңгеден артық шығынға батуы мүмкін.

Бес ауылдың диқандары жаздың басында кеуіп кеткен каналдарды күзетіп күн өткізуде. Бір ғана Талапты ауылына қарасты 220 гектар алқап қазір қурап барады. Тез арада тіршілік көзі жетпесе, шаруалар 200 миллион теңгеден артық шығынға батуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шаруалар ағын судан азап тартуларына аудандағы "Қазсушар" мекемесінің басшылығын кінәлайды.

ША-9 каналы Талапты ауылы құрылғалы осындағы алқапты суару үшін арнайы салынған. Жергілікті халық бастапқыда судың көптігі соншалық, арнасынан асып жататынын айтты. Соңғы 2 жылдан бері каналдың суы тартылғаны соншалық, батпаққа айналып барады. Тартылып қалған шалшық су төрт түліктен артылмайды. Көпшілік канал басына келетін тіршілік көзін су шаруашылығының басшысы туыс, таныстарына бөліп беретінін айтуда. Соның салдарынан арықтың бел ортасынан төмен қарай орналасқан алқаптарға ағын су жетпейді.

"Мына каналдың бойында 200 гектар жер бар. Су ішпегелі қанша болды. Қауын да, жүгері де өспей қалды. Қазір собықтайтын кез келді, бірақ әлі шашақ та шығарған жоқ", – дейді Талапты ауылының тұрғыны Қойшығұл Мамыров.

Ерте көктемде диқандар "Қазсушар" мекемесінің аудандағы өкілдігімен келісім жасасып, рұқсатын алған. Тіпті, тұтынатын тіршілік көзі үшін ақысын да төлеп қойған.

"Ауызсуды алқапқа жеткізетін арнайы су тартқыш құрылғыны да әрқайсымыз сатып алып, канал бойына орнаттық, бірақ бәрі бекер болды. Бала-шағамның аузынан жырып 20 миллион теңге несие алғанмын.  Көктемде әкімшіліктен ештеңе егілмесе жерді алып қоятыны туралы хабарлады. Ексек те, міне, каналда су жоқ. қауынды қойып, мал ішетін су болмай жатыр", – дейді шаруа Бақтияр Мәмбетәлі.

20 гектар алқаптың тең жартысы қурауға шақ тұр. Каналға келуі тиіс су Арыс өзенінен алынуы керек, бірақ оны тартатын тоғыз насостың тең жартысы істен шыққан.

"Жоқ суды мен қайдан алып берейін? Басшылықтарға барып, қолымды жаямын. Олар да қолын жаяды, себебі су көзі жоқ. Арыс өзенінде бұрынғыдай су жоқ, бұл енді табиғи ресурс қой", – дейді "Қазсушар" РМК Отырар аудандық бөлімшесінің басшысы Хамитбек Елкей.

Көпшілікпен ортақ келісімге келген басшы ауылдағы алқапқа 10 күнге су жеткізіп беретіні туралы уәде берді. Шаруалар мәселені түбегейлі шешіп беруді сұрайды.


Оқи отырыңыз: Шымкентте субсидия алмаған шаруалар көкөніс бағасын 30% көтеруге мәжбүр


 

Серіктестер жаңалықтары