2 млрд теңге ұрлығы: бюджет ақшасына Lamborghini мен пәтер алғандар тергеліп жатыр

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Күдіктілер элиталық пәтер мен Lamborghini сатып алған.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жеті ауданда әлеуметтік нысандар құрылысына бөлінген 2 млрд теңгеден астам қаржы жымқырылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті QazConstructions ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу дерегінше, күдіктілердің арасында серіктестіктің бұрынғы директорының орынбасары және Күршім аудандық мәслихатының депутаты бар.

"Аталған жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған болатын. Алайда заңсыз әрекеттердің салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылды сумен қамтуға арналған су желілері пайдалануға берілмей қалған. Бұл ауылдарда 20 мыңнан астам адам тұрады", – делінген хабарламада.

Агенттік мәліметінше, жымқырылған қаржының жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Қаражат күдіктілермен байланысты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тергеу барысында заңсыз табыстарға сатып алынған Астанадағы элиталық пәтерлерге, сондай-ақ Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes секілді қымбат автокөліктер мен асыл тұқымды жылқыларға сот санкциясымен тыйым салынды. Қазіргі уақытта екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары