Астанада азаматтарды автокредит рәсімдеуге алдап көндіріп, қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Астана прокуратурасы.
Прокуратураның мәліметінше, сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адамның болғаны және олардың әрқайсысының нақты міндеттері болғаны анықталды.
"Олар азаматтарға 1–2 млн теңге көлемінде сыйақы берілетінін айтып, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сондай-ақ несие төлемдерін өздері өтейтіндерін уәде еткен. Алайда рәсімделген автокөліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, олардың атына 165 автокөлік рәсімделген", – делінген хабарламада.
Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және алаяқтық жасағаны үшін айыпталушылар 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.