Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы қазіргі уақытта саны 2 миллионға жеткен бөкендер шаруалардың жайылым және шабыдық жерлеріне зиян келтіріп, өздерін шығынға батырып жатқанын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бір кездері саны сиреп, жойылуға шақ қалған ақбөкендер бүгінде көбейіп, көпшілікке зиянын тигізуде. Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысындағы 122 мың гектарға жуық шабындық және жайылым алқаптарды жайлап кеткен жануарлар шаруаларға 12 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Осыған дейін көздің қарашығындай сақтаған ақбөкендердің санын реттеу енді басты мәселеге айналып отыр. Мамандар қазірден қамданбаса, келер көктемде олардың саны 2 миллион 600 мыңға жуықтауы мүмкін. Ал, жабайы жануарлар көбейсе, төрт түліктің шөбі мен суына айтарлықтай әсер етеді.
"Ақбөкендерді жаппай ату ұсынылып отырған жоқ. Керісінше өзге жануарларды ұстауға арналған тор қақпан пайдаланылмақ. Бұл әдіс әдетте зоотехникалық және ветеринарлық өңдеу үшін қолданылады. Осылайша біз олардың нақты санын да білетін боламыз", – деді ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ақбөкен саны көбейіп келеді. Шенеуніктер оның етін тұтыну мәселесін талқылауда.
Ақбөкендер популяциясынан келетін тағы бір қауіп – індеттің таралуы. Топтасқан жануарлардың арасынан ауру шықса, оның үй жануарларына да жұғады. Сондай-ақ, 1999 жылдан бері қызыл кітапқа енгізілмегенімен, мемлекеттің қарауында болған ақбөкендерді атуға байланысты келер жылға дейінгі мораторийді жауапты мамандар ұзартуды қарастырмайтын болды. Оның орнына олардың санын төмендету қажет деп есептейді.
"Біз бұл мәселені ұнайды, ұнамайды деп қарамауымыз керек. Яғни керек десеңіз шаруалардың да мәселесі екінші орында. Егер киік саны тым көп болса, онда олар жаппай қырыла бастайды. Сондықтан бұл жерде қажетті санын сақтап, ешкімге кедергі келтірмейтіндей амалын қарастыру қажет", – деді ҚР ҒЖБМ ҒК зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында 80 мың гектар егістік алқабын ақбөкендер таптап тастады.
Ақбөкендер санын азайту мәселесі нақты шешілсе, киік етінен консерві дайындап, көпшіліктің пайдалануына шығару мүмкін. Өзге ағзаларын өртеп немесе арнайы орынға көму жағы әлі де қарастырылып жатыр. Киіктердің мүйізі мемлекет меншігіне өтіп, арнайы сақталады. Оны шет елге сату заңмен шектелгендіктен, барлығын жауапты қызметкерлер бақылауда ұстайды.