Тікелей эфир

Ақмола облысында 80 мың гектар егістік алқабын ақбөкендер таптап тастады

Қазір алқапта 200 мыңнан артық ақбөкен жүр.

Ақбөкендер егін алқабын таптап тастағандықтан, Егіндікөл, Атбасар, Жақсы, Қорғалжын, Целиноград және Жарқайың аудандарының диқандары қыруар шығынға ұшырады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазір өңірде 200 мыңнан артық ақбөкен, алқаптарда ойқастап жүрген көрінеді. Оған қоса, қазір ала жаздай жаумаған ақ жаңбыр толастамай, диқандар еккен арпа-бидайын жинай алмай отыр.

Атбасар ауданындағы диқандар ақбөкендерден төрт жылдан бері зардап шегіп келе жатқанын айтады. Ала жаздай тер төгіп, еккен арпа-бидайды топтасқан киіктер бір сәтте жапырып өтеді.


Оқи отырыңыз: Ақмола және Қостанай облыстарында ашыққан ақбөкендер мыңдаған гектар егіс алқабын таптады


"Биыл жаздай жаңбыр болған жоқ. Оның үстіне киік көп келді. 5400 гектар жерді таптап өтті. Енді толассыз жаңбыр жауып жатыр. Егінді жинай алмай жатырмыз. Бізге Үкімет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Жыл сайын киіктің басы көбейіп жатыр. Бірдеңе істеу керек. Үкімет көмектесу керек", – деді "Шортанбай" ЖШС директоры Абылай Комбатуров.

Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл облыста барлығы 77 мың гектарға жуық егістік алқабы зақымданған. Оның басым бөлігі – бидай. 23 мың гектар алқаптағы егін толығымен жойылды. Облыс диқандары Ауыл шаруашылығына тағайындалған жаңа министрден көп үміт күтеді. Мәселемізді түбейгейлі шешеді деп сенеді. Ал орман шаруашылығы инспекциясы ақбөкендерден зардап шеккен диқандарға қолдан келген көмекті көрсететіндерін айтты.


Оқи отырыңыз: Ақбөкен жайлы мәліметтер тұяқты жануарлардың әлемдік көші-қон атласына енгізіледі.


"Өңірде ақбөкендер көп таралған аудандарға көмек көрсетіліп жатыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы қосымша экипаждар жіберді. Ақбөкендердің санын реттеп, мәселені шешу үшін халықаралық сарапшылар тартылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі де киіктердің санын реттеу туралы мәселені қарастыруда", – деді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Дінәлі Айтқожин.

Серіктестер жаңалықтары