Тікелей эфир

Мүгедек балаларды топқа бөлу, күтуші жәрдемақысы, баспана кезегі. Заң жобасын түсіндіреміз

Заң жобасы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәжілісте "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы" заң жобасын таныстырды. Оны қабылдау бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға 55,4 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылмақ.

Заң жобасы:

  • БҰҰ Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының заңнамадағы кемсітушілік терминдерді жою жөніндегі нормаларын имплементациялау (жүзеге асыру);
  • мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру;
  • мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруды ынталандыру және олардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау;
  • табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету;
  • әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инватакси алуға құжаттар ресімдеу (2023 жылдан бастап);
  • "еңбек ардагері" санатын кеңейту;
  • бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің кепілді деңгейін белгілеу мақсатында әзірленді.

Заң жобасының жаңалықтары

№1. Мүгедектерге күтім жасаушыларға жаңа жәрдемақы енгізу

Мүгедектік себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу көзделеді. Осы жәрдемақымен 24 мыңға жуық адам қамтылады.

№2. Балаларға мүгедектік топтары бойынша жәрдемақы беру

Қазақстанда мүгедек балалар 16 жастан бастап 18 жасқа дейін топтарға бөлінетін болса, енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды да бөлу көзделіп отыр. Бұл шара балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшерін сараланған түрде белгілеуге мүмкіндік береді. Барлық топтағы мүгедек балалар үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін артып, шара 31 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды.

Осы норма аясында Байқоңырда тұратын мүгедек балаларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де өседі.


Оқи отырыңыз: Мүгедек балаға күтім жасау уақыты зейнет өтіліне есептеле ме?


№3. Асыраушысынан айырылған мүгедек балалары бар отбасыларға екі жәрдемақы беру

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру. Бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған норма енгізілген кезде 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қоса, асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы алады.

№4. Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін өтемақы жарналарын енгізу

Жапония, Франция, Германия секілді елдердің тәжірибесін ескере отырып мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. Жинақталған қаржы есебінен мүгедек адамдарға жұмыс істеуге болатын ұйымдар құрылады. 

Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге:

  • арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға;
  • мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға;
  • әлеуетті жұмыс берушілерде мүгедек адамдардың ақы төленетін тағылымдамаларын ұйымдастыруға бағытталады.

№5. Мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарын беру

Еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда оларға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Мүгедек баланың ата-анасына сотта қандай жеңілдік бар? 


№6. Тұрғын үй кезегін сақтау

Кәмелетке толмаған мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй кезегінде тұр. Бірақ, 18 жасқа дейін олар үй алып үлгермесе, қайтадан кезекке тұруға мәжбүр. Заң жобасына сәйкес, кәмелетке толған бала I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасының кезегін сақтауға мүмкіндік береді.

№7. Табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем

Бала бір жасқа толып еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда оның күтіміне байланысты табысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем сомасының кепілдік берілген деңгейін белгілеу. Әлеуметтік төлем республикалық бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша осындай ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде болмақ. 

№8. Мүгедек балаға күтім жасау уақытын 18 жасқа дейін ұзарту

Мүгедектігі бар баланы күту уақытын 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылады. Бұрын мүгедектігі бар баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілді. Бұл норма мүгедек балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі және жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға әсер етеді.

Серіктестер жаңалықтары