Тікелей эфир

Мұғалімдер мен оқушыларға террорлық жағдайда әрекет ету бойынша сабақтар өткізіледі

Күдікті зат табылған кезде, жарылыс пен эвакуация кезінде не істеу керегі толық жазылған жаднама таратылады.

Бұл туралы білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі туралы өткен брифингте Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев айтты.

"Білім беру мекемелері мен мектептер адам көп жиналатын қоғамдық орын болып есептеледі. Сондықтан терроризм тұрғысынан алғанда тәуекелі жоғары. Ішкі істер министрлігі жыл сайын мектептердің қорғаныс деңгейін тексереді", – деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бейнебақылау, сигнализация және ұжымның террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы тұру білімі тексеріледі.

Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің мұғалімдері және оқушыларына ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға террорлық шабуылдар мен өзге төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі ұстау тәртібі түсіндіріледі. Күдікті зат табылған кезде, жарылыс пен эвакуация кезінде не істеу керегі толық жазылған жаднама таратылады.

Жақында Ресейдің Қазан қаласында болған қайғылы оқиға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудартып отыр.


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


Мұрат Баймұқашев атағандай, әкімдіктер мектептер мен балабақшалардың камерамен қамтамасыз етілуін тексерді. Қазір бейнебақылау камераларының санын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бақылау-өткізу жүйесі енгізіледі.

"Оған турникеттер мен электрондық рұқсат беру жүйелері кіреді. Атап айтқанда, мыңнан астам мектепте орталықтандырылған бақылау пульттері орнатылды", – деді ол.

333 мектеп турникеттермен жабдықталған.


Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?


Тыйым салынған заттардың қатарына:

  • қару-жарақ;
  • пышақ;
  • слинг;
  • кастет;
  • жарылғыш құрылғылардың имитаторы;
  • аэрозоль бояуы;
  • пиротехникалық құрал;
  • газ баллоны жатады.                                                                          

"Жыл басында министрлік Білім жіне ғылым министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарына алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесін әзірледі. Тиісті бұйрық тіркелген. Қазір ол Әділет министрлігінде, осы айда заңды күшіне енуі тиіс", – деді ол.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары