Тікелей эфир

Мүгедек қызға қолынан келер жұмыс керек, көмек сұрайды

Арбаға таңылған Алтынайдың өмірге талпынысы күшті. Ол қоғамға қажеттілігін сезінгісі келеді
Арбаға таңылған Алтынайдың өмірге талпынысы күшті. Ол қоғамға қажеттілігін сезінгісі келеді
Туа біткен сал болса да, өз кәсібім болса, әке-шешеме көмектессем деп армандайтын Алтынай туралы Фейсбук қолданушысы Жанна Тулендиева өз парақшасында жазды.

Алтынайдың арманы көп. Алдымен мүгедекке ыңғайлы кәсіп іздейді

Алтынайдың арманы көп. Алдымен ыңғайлы кәсіп іздейді / Жанна Тулендииеваның ФБ парақшасынан алынды


"Достар, жанашыр үлкен ағамыздың өтініші бар еді. Ақпараттық көмек көрсетейік деген ұсыныс айтты. Бойды тік ұстап жүрген адамға білінбейді. Арамызда арбаға таңылған, бірақ қоғамға сіңіп, елмен бірдей өмір сүргісі келетін жандар бар.

"Мені қатарларыңызға алыңызшы" деп сұрап тұрады. Кәсіп үйреніп, коллдежге түсіп, өз нанымды тауып жесем деген мақсаты бар. Ортаға тартайық. Шымкентте тігін, шаштараз кәсібіне үйрететін қандай колледждер бар, білесіздер ме?" – деп жазды Фейсбук белсендісі Жанна Түлендиева өз парақшасына.

"Мені қатарларыңа қосыңдаршы"

Осылай деп қоғамға үн қатқан Алтынай Мұсабекова – бірінші топтағы мүгедек.

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауылының Ағыбет бөлімшесінде тұрады. Қолдары қайырылып өскендіктен, тек саусақтары ғана икемге келеді. Соған қарамастан қоғамға пайдасын тигізіп, ата-анасына көмектесуді армандайды.

Алтынайдың жасы 25-те. Отбасындағы бес баланың үшіншісі. Анасы мектепте асханада, ал әкесі балабақшада күзетшілік қызметте. Мардымсыз айлық біріне жетсе, біріне жетпейді. Енді Алтынай өзіне лайықты жұмыс іздеп жүр.

– Менің қазіргі басты арманым – жұмыс табу. Кішкене ғана төрт бөлмелі үйде тұрамыз. Жағдайымыз төмен. Төрт қабырғада қамалып отырамын, үй шаруасына да көмектесе алмаймын. Сонда да осы жағдайымызды өзгерткім келеді.

Бала кезімнен дизайнер болсам деп армандадым. Бірақ қолым икемге көнбейді. Сондықтан ең болмағанда бір дизайнердің жанында отырып, көмекшісі болсам деймін.

Мен сүйетін жан бар. Бірақ ол менің өмірде бар екенімді де білмейді

– Өлең оқуды жаным сүйеді. Көбіне Абайдың өлеңдерін оқимын. Табиғат аясында серуендеп, достарыммен сырласқанды ұнатамын.

Үйде жалғыз қалғанда махаббат туралы өлең тыңдап, бірге қосылып, дауыстап айтамын. Өте қиялшылмын, – дейді Алтынай.

Қиялының қанатына жан бітіріп, өмірге деген құштарлығына қуат беретін де махаббат тақырыбы.

– Жанымда сүйікті адамым болса деп армандамайтын қыз жоқ шығар. Сенімді, адал болса, екеуміз өзіміздің үйімізде тұрсақ деп армандаймын. Бірақ әзірге сөз салып жүрген адам жоқ.


Алтынай үнемі көңілді жүруге тырысады / Фото Алтынайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

[/image_block

– Бірақ маған ұнайтын жігіт бар. Алайда ол білмейді. Мен оның теңі емеспін және оның сүйетін қызы бар. Осылайша жауапсыз махаббатты бастан кешіп жүрмін. Айтуға батылым жетпейді. Ғашық екеніңді ешкімге айта алмау қандай қиын. Бұл – өзіммен бірге болатын құпия сыр болып қалмақ.

Бақытты сәтім – жүріс арбасымен жүгірген кезім

Алтынайдың естуінше ауруы емге көнетін көрінеді. Оны алғаш рет Астана қаласындағы оңалту орталығына барғанда білген. Тек емделу уақытын өткізіп алыпты.

Алтынайға облыс орталығындағы оңалту орталығына белгіленген тәртіпке сай жылына үш рет бару керек. Алайда кейде квота жетпей қалып, екі рет қана баратын кездері болады. Ал сол орталыққа бару үшін 20 шақты анықтама талап етіледі. Оның бәрін жинаудың өзі азап.

– Сау адам өзін 100 пайыз бақытты санаса, менің де сондай сәттерім болды. Мысалы президенттен көмек алған сәтімді ең бақытты кезім деп айтсам болады.

Бұдан 6-7 жыл бұрын мен елбасы тікелей эфирде сұхбат беріп жатқан кезде көмек сұрадым. Соның арқасында кезексіз Астанадағы оңалту орталығына барып қайттым.

Онда мүгедектерге арналған жүріс арбасымен емін-еркін жүрдім. Мамам мені іздеп таба алмай қалатын. Баспалдақтармен еркін көтеріле беретінмін. Шіркін, сондай арбам болса... Ешкімге масыл болмас едім, – дейді еріксіз қиялға берілген Алтынай.


Алтынайдың Фейсбук парақшасындағы сурет
Алтынайдың Фейсбук парақшасындағы сурет / Фото Алтынайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Мүгедектерге арналған жүріс арбасының құны 500 мың теңге. Алтынайға ол да арман. Аяғымен жерді нық басып жүргенде өмірінің қандай боларын елестеткен қиялшыл қыз әлеуметтік желідегі парақшасына өзінің суретін көшеде келе жатқан қыздардың суретіне алмастырып қойыпты.

Мен кемтар болмауым керек еді. Бірақ тағдыр солай...

Алтынай тағдырының осылай қалыптасқанына кінәлі адамды біледі.

– Мен қызымды босанғаннан кейін бойынан кемтар баланың белгісін байқамадым. Ал босандырған аурухананың қызметкерлері акушердің шарананы қолынан түсіріп алғанын айтқан еді. Қанша уақыт өтіп кеткен соң, кімге кінә артасың, – дейді Алтынайдың анасы Күләш Орынбаева.

Анасы енді өз-өзін кінәлайды. Өйткені кішкентай кезінен Алтынай дұрыс ем қабылдамаған.

– Қызымның кемтар болатынын білмедім. Дәрігерлер де ештеңе айтпады. Ауылда барлығымыз тіс дәрігеріне қаралатынбыз. Өйткені жалғыз дәрігер сол болатын. Ол да қайдан білсін. Қызым алты айында отырмады. Бір жасқа келгенде жүрген жоқ. Содан уайымдай бастадым. Алайда қазақшылыққа салып, дәрігерге апармадым.

Қолымда төсек тартып жатқан енем болды. Соның да жағдайын ойладым.

Тілі де дұрыс шықпады. Тек 3-4 жасқа келгенде аурханаларға апарып емдете бастадым. Онда да квота алу өте қиын. Бірақ емнің пайдасы болмады.

Мектеп – ең қызық шақ

Алтынай Леңгір қаласында мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатты 2008 жылы бітірген. Өміріндегі ұмтылмас қызықты сәттер сол жерде өтті дейді.


Тағдырлас достарымен оңалту орталығында

Тағдырлас адамдармен оңалту орталығында / Фото Алтынайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.


– Сабақты жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Дұрыс сөйлей алмаймын. Содан ұялып, мінезім де тұйық болды. Көбіне жалғыз қалып, ойланып отыратынмын. Сол себепті қатарластарымнан артта қалып қойдым. Ал интернатты бітірген басқалардай колледжге түсіп, кәсіп үйренуге менің шамам келмеді.

Бірақ мінезім тұйық болғанмен, кейде сыныптастармен қосылып бұзықтық жасайтынмын. Сабақ оқымай барған балалар апаймен сөз таластырып тұрғанда сыныпты басына көтеріп қосылып, әдейі шулайтынбыз. Ұлдардың басынан кітаппен ұратынбыз. Тыныш отырғаннан шаршайтын болсам керек.

"Қолымнан келсе, көмекті аямас едім"

Алтынай қиялы қанатына мініп, жер шарын шарлайды. Арманын аялап, айрылмас досына айналған кеудесіндегі үмітін әлдилеумен отырады.

– Мен әлі де өз армандарымның орындалатынан сенемін. Адамдар бір-бірінен қолынан келген көмектерін аямаулары керек қой. Он екі мүшем сау болғанда диплом алып, қарапайым халыққа ақысыз көмек көрсетер едім. Ал мен... – деп жасқа булыққан Алтынай сөзін жалғастыра алмады.

– Кейде сіз сияқты журналист болғым келеді. Мені басқа адамдардың өмірі қызықтырады. Тағдыры әрқилы адамдардан сұхбат алар едім.

Алтынай анасын аяйды

Алтынай анасын қатты құрметтейді. Жасы 25-ке келсе де, анасының көмегіне зәру болғандықтан, кішкене болса да қолқабыс берсем дейді. Өйткені анасының көмегін қажет ететін тағы бір інісі бар.

12 жасар Мағжанға да церебралды паралич диагнозы қойылған. Мектепті енді аяқтаған тағы бір інісі Нұртас қана үй шаруасына көмектеседі. 27 жастағы ағасы жұмыссыз. Әпкесі тұрмыс құрғанымен, оған да ата-анасынан көмек қажет. Өйткені күйеуі қайтыс болғалы үш баланы жалғыз бағып отыр.

Алтынайдың анасы Күләш Орынбаева қызы мен ұлының жағдайын көзіне жас алмай айта алмайды. Құжат толтырудан бастап, екі баланы емдетудің қиындығын айтып тауысу мүмкін емес дейді.

– Қызымның талпынысы күшті. Интернатта 9 сыныпты аяқтаған соң, тігінші болғысы келді. Кентау қаласындағы колледжге апарғанмын. Баспалдақпен шығып, түсуі қиын болды. Тіпті бір басқыштан екіншісіне түсү үшін қара терге түсіп, қолдары дірілдеп кететін. Қолы да икемге келмейді. Оқуын жалғастыра алмады.


Алтынай анасы және інісі Мағжанмен

Алтынай анасы және інісі Мағжанмен / Фото Алтынайдың жеке мұрағатынан алынды.


– Қазір алтыншы сынып оқитын баламды уақытынан бір жарым ай асқанда босанғанмын. Туа бітті сал ауруына шалдыққанын дәрігерлер айтпады, білмедік. Алты жасында оңалту орталығына барғанда тұсауын кестік. Құжат жинаудан, емдетуден шаршадым.

Қазір ештеңеге зауқым жоқ. Қолымда қаражат та жоқ. Ал Алтынай үнемі "мен сияқты кеш болып кетпесін, Мағжанды уақытында емдет" деп отырады.

Қазір кіші балам да қолымда. Білім алады, компьютер үйренеді деп Алтынай қоймаған соң, интернатқа беріп едім, екі ай оқыған соң бармай қойды. Жылағанына қарамастан тастап кеткенмін, үлкен балалар әлімжеттік көрсетеді екен. Оның үстіне тамағы нашар, қарным ашады дейді.

"Анасыз өмір сүрудің өзін ойлау қорқынышты"

– Дәретке үйге барамын. Оны айтудың өзі ұят. Тек саусақтарымның ұшы қимылдайтындықтан, үнемі көмекке зәрумін.

Алтынай қазір ата-анасына ғана иек артып отыр. Күн өткен сайын оны әке-шешемнен айрылып қалсам, қалай күн көремін деген ой мазалайды. Әкесі 56-да, анасы 53 жаста.

– Анасыз өмір сүруді ойлаудың өзі қорқынышты. Олар үнемі жанымда бола бермейді ғой. Құдай сақтасын, ата-анам болмаса, мені бауырларым қарай алмайды. Олардың өз өмірлері бар.

Мүгедек қыз үйге кезекке тұра алмай жүр

– Қызым жағдайы жасалған жеке пәтерде тұруды армандайды. Мұнда аядай үйде бұрышта тұрған түбекке отырады. Ал өз бетімен қозғалуға мүгедектерге арналған жүріс арбасын алатын жағдай жоқ. Өзім жуындырып, тамағын дайындап кетемін, – дейді анасы.

Ата-анасы Алтынайды үй кезегіне қою үшін Шымкент қаласына да бірнеше рет барған. Алайда 18 жастан асқан соң заң жүзінде қамқорлыққа алмағандықтан, үй кезегіне қоя алмаған. Ал ондай қамқорлықты сот арқылы ғана бекітеді. Әкесі құжат жинаумен бір жыл айналысып, шегіне жете алмапты. Шаршапты.

Алтынай облыс әкімінен көмек сұрап барғанымен ол да нәтижесіз қалған.

Жанашыр дос табу қиын

Дегенмен Алтынай мойымайды. Ол әлеуметтік желіде белсенді. Достарымен сырласады. Көбі тағдырлас жандар. Өйткені олар бірін-бірі жақсы түсініп, көмектесуге әзір.


Алтынай өмір сүруге құштар

Алтынай өмір сүруге құштар / Алтынай Мұсабекованың ФБ парақшасынан алынды


– Алтынайдың өмір сүруге құлшынысы өте жоғары. Оңалту орталығында танысқанбыз. Араласқанымызға екі жыл болды. Басқа қыздар секілді тұрмыс құрғысы келеді. Бірақ дәл қазір басты мақсаты – кәсіп үйреніп, жұмыс жасап, жеке үй алу. Өйткені отбасының жағдайы төмен, әрі ауылда шағын үйде тұрады. Жағдай жасалмаған, – дейді тағдырлас құрбысы Арайлым да.

Алтынай өмір сүруден қорықпайды. Достарының барына, көмектесетініне сенімді.

Кемтар жанға кім көмектеседі?

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар қабылданған. Облыс, аудан орталықтарында оларды еңбекке бейімдеу мақсатында тегін курстар ашылған. Алайда кәсіп меңгерсе де мүгедек адамдарды жұмысқа алуға келгенде жұмыс берушілер құлықсыздық танытады. Өйткені жұмыс орындары мүгедек жанға лайықталып, жабдықталмаған. Сондықтан олар қоғамның қолдауына зәру жандар.

Мүгедек жандардың белсенді өмір сүруіне жекелеген азаматтар да ат салысу керек. Кез-келген бизнес өкіліне мүгедек жандарға қолдау көрсететіндей жауапкершілік жүктеген жөн. Сонымен қатар мүгедектерге психологиялық кеңес беріп отыру маңызды. Сонда олар өздерін қоғамға қажетті азаматтардың бірі санайды.

ҚР "Мүгедектерді əлеуметтік қорғау туралы" Заңына сəйкес, мүгедектерді жұмыспен қамту бөлімінде "қызмет орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде мүгедектерге жұмыс орындарынан квота бекіту" қарастырылған. Бірақ мүгедек жандар бұл Заң орындалмай отыр дейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары