Қазақстанда мектепке дейінгіден бастап, техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау ережелері әзірленді. Ереже жергілікті атқарушы органдармен келісілген. Енді басқа мүдделі мемлекеттік органдармен келісім жасалуда.
Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқарма басшысы Айман Дүйсембаеваның сөзінше, бүгінде әрбір деңгейдің өзіндік талаптарынан бөлек бәріне ортақ келесі міндетті талаптар бар:
- үміткердің 72 сағаттық менеджмент курсынан өтуі;
- бірінші, жоғары немесе жаңа деңгейдегі сарапшы, зерттеуші, шебер санаттарының болуы.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің жалақысы қалай өседі? Есептейік
Конккурс төрт кезеңнен тұрады:
- үміткердің құжаттарын қарау;
- қамқоршылық кеңесіне жіберу;
- облыстық білім басқармасынан келісім алу;
- жергілікті жердегі конкурстық комиссияларға бару.
Министрлік "Болашақ" бағдарламасының түлектері мен Президенттік кадр резерві мүшелерін бірден төртінші 4 кезеңге жіберуді қарастырып отыр. Қамқоршылық кеңестен өтпеген үміткерлер облыстық білім басқармасына ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Педагог мәртебесі туралы заң
Үміткерлер Еңбек кодексі, Білім туралы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Педагог мәртебесі туралы заңдарды білуі тиіс. Одан бөлек педагогика және психологиядан 120 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Әрбір бағыттан кемінде 50 пайыздық ұпай жинаған үміткер ғана конкурсқа жіберіледі.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың сөзінше, білім беру ұйымдары басшыларын тағайындау туралы бұйрыққа өзгеріс енгізудегі мақсат – неғұрлым сапалы деңгейдегі балабақша, мектеп, колледж, қосымша білім беру мекемелерінің басшыларын даярлау. Себебі, мектеп басшысы білім сапасын жақсартуға әсер ететін бірден-бір тұлға.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда оқытушы тапшы. Қандай пән мұғаліміне сұраныс көп?
Директорларды тағайындау мен қатар, оларды аттестаттау тәртібі де өзгермек. Енді олардың еңбекақылары аттестаттау нәтижесіне байланысты болады. Бүгінде аттестаттау нәтижесі бойынша бірінші, екенші және үшінші дәрежелі басшылар болып бектіліген.
"Олардың әрқайсысында біліктілік талаптары бар. Осы талаптарға сәйкес келсе және тиісті ұлттық біліктілік тестілеуінен өткенде, екінші кезеңінде білім беру ұйымының даму жоспарын бекітіп, оның іске асырылуын, нақты нәтижесін көрсете білген жағдайда аттестаттаудың қорытындылары бойынша шешім қабылданады", – деді Шолпан Каринова.
Оның сөзінше, білім мекемесіне қойылатын талаптар да жоғарылайды. Жалпы білім беретін мектептерге бір талаптар қойылса, гимназияларға, лицейлерге, дарынды балаларға арналған мектептерге қойылатын талаптар одан сайын күшейтіледі. Ал колледж бен жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар әлі бекітіліп жатыр.