Тікелей эфир

Тұрмысы төмен өңір – қақтығыс ошағы. Депрессивті аймақтарды дамыту картасы не үшін қажет?

Мамыр айында қазақстандықтардың нақты табысының көрсеткіші 2,9 пайызға төмендеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірнеше облысында халық табысы күрт төмендеп кеткенін айтып, облыс әкімдерінің жұмысын сынады. Кейінгі жылдары күнкөріс деңгейі мәз емес өңірлерде қақтығыстар туындап жатқаны байқалып отыр. Өйткені, халықтың басым бөлігінің тұрақты жұмысы, жоғары табысы жоқ, көп отбасылар әлеуметтік жәрдемақыларға "байланған". Инфрақұрылымды сөз етсек, ауыз су мен жолдар сапасыз, интернет қолжетімсіз, білім беру, денсаулық сақтау салалары дамымаған, мамандар тапшы.

Informburo осы мәселелерді шешу үшін көптен "Депрессивті аймақтарды дамытудың жол картасын" қабылдауды ұсынып жүрген әлеуметтанушы, PhD Айсұлу Молдабекпен сұхбаттасты. 

Фото Айсұлу Молдабектің Facebook парақшасынан алынды

– Депрессивті аймақ деген терминді тарқатып өтсеңіз...

– Депрессивті аймақ дегеніміз – әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық және экологиялық дамуында тежеуілдер бар басқа аймақтарға қарағанда артта қалған елдімекендер, ауылдар, қалалар не өңірлер. Мәселен, әлеуметтік көрсеткіштер бойынша дүниеге келу аз немесе өлім коэффициенті жоғары, сальдо миграциясы теріс, яғни көшіп келушілерге қарағанда көшіп кетушілер көп, орташа номиналды жалақының көлемі аудан, облыс не республикаға қарағанда аз және жұмыссыздық жоғары, мың адамға шаққанда денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің саны жетіспейтін не аз, олардың техникалық жағдайы да нашар болуы мүмкін. 

Депрессивті аймақтарды бағалағанда назарға алынатын экономикалық көрсеткіштер: жан басына шаққандағы өндірістік өнім көлемінің аздығы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, шағын кәсіпкерлік үлесінің көлемі, тауар айналымының көлемі, жаңа үй құрылыстарының аздығы, жан басына шаққандағы жалпы инвестиция көлемінің немесе жергілікті бюджет көлемінің аздығы есепке алынады.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мамырда азаматтардың нақты табысы -2,9 пайыз болды, мұндай құлдырау көптен бері болған емес


Депрессивті аймақтарды бағалаған кезде экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштерді ғана есепке алмай ол жердің инфрақұрылымдық дамуын да талдауымыз қажет. Себебі ол жердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, экономикалық табысынан бөлек тұрғындардың өмір сүру жағдайына инфрақұрылым тікелей әсер етеді. Жол, көлік тасымалы, мектеп, балабақша, аурухана, газдандыру және ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз ету деңгейін де бағалау өте маңызы. Үйлердің сапасы, апаттық жағдайын да ұмытпау керек.

Таза ауаға бөлінетін шығарындылар, утилизацияға жататын және жатпайтын қалдықтар мен өңделетін және өңделмейтін қоқыстардың көлемі, таза суға деген қолжетімділік секілді экологиялық жағдайда халықтың сол аймақта тұруына немесе көшіп кетуіне тікелей әсер етеді.

– Неге Қазақстанда депрессивті аймақтар көбейіп кетті? 

– Экономика институтындағы ғылыми зерттеу жұмыс тобы жоғарыда аталған барлық көрсеткіш бойынша аймақтардан соңғы он жылдағы мәліметтерді жинап өңдедік. Соның нәтижесінде қай аймақта қай аудан депрессивті екенін бөліп көрсеттік. Қазақстанда депрессивті аймақтар көп облыстар – Жамбыл, Түркістан, Атырау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Әр облыстың ішінде, әсіресе шекаралас ауылдарда, аудандарда және моноқалаларда депрессивтілік деңгейі жоғары.

Елімізде депрессивті аймақтардың көбеюіне тікелей сол елді мекендердегі әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық және экологиялық ахуалдың нашарлауы тікелей әсер етті. Ондай елдімекендерде жұмыссыздық жоғары. Негізгі жұмыс көзі – ауыл шаруашылығы және бюджетттік мекемелер. Ал онымен қамтылғандар саны өте аз, одан бөлек өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер жоқтың қасы.

Депрессивті елді мекендердегі халықтың ерекшелігі – негізгі табыс көзі мемлекеттік төлемдер, жәрдемақылар, зейнетақы, мемлекеттік қызметшілердің ғана кірісі. Халықтың номиналды ақшалай кірісі өте аз.


Оқи отырыңыз: "Жамбыл өңірі орташа айлық жалақы бойынша 16-орында". Қордай қақтығысына әлеуметтік-экономикалық талдау


– Президент Тоқаев Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан секілді бірнеше облыста халық табысы күрт төмендеп кетті деп сынады. Кейінгі жылдары дәл осындай өңірлерде қақтығыстар туындап жатқанын байқап отырмыз. Бұл кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе, яғни өңірдегі халықтың жай-күйімен қандай байланысы бар? 

– Әрине, кездейсоқтық емес. Менің ойымша, кез келген саяси, құқықтық, діни және тағы басқа қақтығыстың тұтануы белгілі бір әлеуметтік фонда туындайды. Әлеуметтік экономикалық фон оның катализаторы болады.

Жамбыл, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының шет аудандарында жүргізілген сауалнамада халық ең алдымен жалақының аздығын, өмір сүруге деген қаражаттың жетіспеушілігін, дамуға деген мүмкіндіктің болмауын, жұмыс орындарының жоқтығын, соған сәйкес ақша табу мүмкіндігінің жоқтығын, кәсіби мамандану мен білім алуға деген қолжетімсіздік мәселелерін атап көрсеткен. Мұндай аудандарда инфрақұрылымдық, экологиялық проблемалар ушығып жатыр, әсіресе нашар жол, байланыс пен ғаламторға қолжетімсіздік, тұрғын үйдің нашар жағдайы, экологиялық проблемалар, таза ауыз судың жетіспеуі, білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы бар.

Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында халық табысының күрт төмендеуіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Ол аймақтарда халық көбіне ауыл және мал шауашылығында жұмыс істейтіндіктен жалақы көлемі өте аз, сондықтан халықтың ақшалай кірісі төмен аймақтар болып саналады. Жамбыл облысы да жалақының ең төмен деңгейіне ие өңірге жатады.


Оқи отырыңыз: Енді он жылда ауылдарда халықтың 30 пайызы ғана қалады. Қалалық урбанизацияның қаупі қандай?


– Сіз осыған дейін Қазақстанда депрессивті аудандардың жол картасын әзірлеуді ұсынған едіңіз. Бұл қандай карта? Депрессивті аймақтар мәселесін қалай шеше аламыз?

– Қазақстанда аймақтарды дамытудың түрлі бағдарламалары біртіндеп жүзеге асып жатыр, дегенмен нақты жұмыстар жетіспейтін сиқяты. Жол картасы – нақты қай ауданның депрессивті екені көрсетіліп, соған сай қажет іс-шаралардың нақты механизмдері көрсетілген құжат. Нақты жұмыстар жасамасақ депрессивті аймақтар көбейіп, ол жерлерден адамдар көшіп кетеді. Әсіресе, Солтүстік және Шығыс Қазақстанның шекаралас аймақтарындағы елдімекендерде халық қалмай жатыр.

Депрессивті аймақтар мәселесін шешу үшін мұны кешенді қарастыруымыз қажет. Ол аймақтың әлеуметтік, экономикалық қана емес, инфрақұрылымдық және экологиялық проблемаларын да шешуіміз керек. Қоныстандыру секілді демографиялық бағдарламаларды осы аймақтарға қарай бұру қажет.

Мұндай аймақтарда ең алдымен жұмыссыздық мәселесін шешу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын цехтардың жұмысын жолға қойып, жол салып, ауыз су, мектеп және ауруханамен қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатуымыз керек.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары