Қазақстанда соңғы жылдары кластерлік даму, урбанизация, қалалардың рөлін арттыру, агломерациялық процестерді күшейту, "ақылды" және "жасыл" қалалардың пайда болуы секілді аумақтық дамудың жаңа трендтері қалыптасып келеді. Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді мегаполистердегі тұрғындар саны күн санап артса, Шымкент үшінші "миллионер" қалаға айналды.
ЖІӨ-нің жартысын екі қала, екі облыс береді
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Наиля Нұрланованың айтуынша, әлемдік экономика ғылымы мен тәжірибесінде соңғы жылдары инклюзивті даму тұжырымдамасы кең етек жайып келеді. Инклюзивті даму халық арасындағы теңсіздікке жол бермей, оларға барлық игілікті қолдану мен шешім қабылдау процесінде тең мүмкіндіктер беруді қамтамасыз етеді.
"Инклюзивті даму білім деңгейінің артуы, денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайын жақсарту, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру мен жұмыссыздықты қысқарту секілді халықтың өмір сүру сапасын барлық параметрлер бойынша арттыратын экономика секторларының өсіміне әкеледі. Инклюзивті даму тұжырымдамасы әлемде кең қолданылса да, әлі күнге дейін ұлттық экономиканы кеңістіктік дамыту тұрғысынан қаралмады", – деді Наиля Нұрланова.
Десе де, елімізде аймақтар арасындағы теңсіздік қалыпты үрдіс ретінде қалып отыр. Бүгінде Қазақстан экономикасы жетекші төрт аймақ – Атырау, Қарағанды облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында шоғырланған. Елдегі жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) жартысынан астамы (51,9 пайыз) осы аумақтарға тиесілі.
Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?
Зерттеушілер Қазақстанда экономикалық кеңістіктің поляризациялануы байқалатынын айтады. Полюстің бірінде ЖӨӨ-нің жан басына шаққандағы көрсеткіші дамыған елдер деңгейіндегі өңірлермен тең, ал екіншісінде артта қалған елдермен салыстырылатын өңірлер бар. Арадағы алшақтық – 8,1 есе.
Өңірлер арасындағы ЖӨӨ бойынша теңсіздік бірте-бірте қысқарғанымен, аймақтардағы халық табысы мен жұмыспен қамтылу деңгейі біркелкі емес. Қала мен ауыл тұрғындарының табыс деңгейінде елеулі айырмашылық бар. Осы себепті экономика ғалымдары инклюзивті даму тұжырымдамасын енгізуді ұсынды. Бұл халықтың өмір сүру сапасының деңгейін арттыруға және барлық өңірде жан басына шаққандағы нақты табыстың өсуіне, әлеуметтік қызметтер мен басқа да қоғамдық игіліктерге теңдей қол жеткізуге, мүліктік жіктелу дәрежесі мен кедейшілік деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданды
2019 жылдың соңында Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қазақстан аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы және 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда:
- урбанизацияланған аймақтар арқылы өсім орталықтарын дамыту;
- "Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде тірек және спутниктік ауылдарды жаңғырту;
- халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірлік стандарттар жүйесін енгізу көзделген.
Бүгінде 17 өңірде 87 қала және 6,5 мың ауыл бар. 2015 жылдан бастап урбанизация деңгейі 58,2%-ға дейін өсті. 4 агломерация, 14 ірі урбанизацияланған аймақ, шалғайдағы және шекара маңындағы 18 шағын қала өсім орталықтары ретінде анықталды. "Ауыл – ел беcігі" жобасы аясында 7 млн тұрғыны бар 3 477 елдімекен жаңғыртылады.
Оқи отырыңыз: Ақмола, Целиноград, Астана. Енді Нұр-Сұлтан?
"Проблемалық аумақтарды қолдау саласындағы ұлттық экономиканы аумақтық кеңістікте дамытудың негізгі міндеттерін нақтылау қажет. Халық сирек қоныстанған, әсіресе, шекара маңындағы, өмір сүру деңгейі төмен және жұмыссыздық деңгейі жоғары өңірлер, экологиялық және техногендік апат аймақтар көңіл бөлуді қажет етеді", – дейді профессор Наиля Нұрланова.
Депрессивті өңірлер санын қысқарту қажет
Өндірістің ұзақ құлдырауы, төмен инфрақұрылымдық қамтамасыз ету салдарынан жұмыспен қамту, экология, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер саласында жағымсыз үрдістердің болуымен сипатталатын әкімшілік-аумақтық бірлік депрессивті өңір деп аталады.
Ғалымның пікірінше, мемлекеттік қолдауды талап ететін депрессивті өңірлердің санын қысқарту үшін елдің түрлі өңірлеріндегі экономикалық және әлеуметтік даму деңгейін теңестіру, проблемалық өңірлерде өндірістік қызмет пен іскерлік белсенділікті ынталандыру, инвестициялар ағыны үшін қолайлы институционалдық жағдайлар жасау, проблемалы өңірлерге еңбекке қабілетті халық пен білікті кадрлардың келуін ынталандыру қажет. Мұндай аймақтарды қолдау үшін олардың депрессивті деңгейіне қарамастан сараланған механизмдерді қарастыру керек:
- депрессивті, аз игерілген, адам аз қоныстанған өңірлерді дамытудың ірі мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларын әзірлеу;
- проблемалы аумақтарды реттеудің экономикалық негізін қолдану: мемлекеттік субсидиялар, тікелей мақсатты трансферттер, мемлекеттік инвестициялар, жеңілдетілген салық режимі мен несиелер;
- ауылдық жерлерде өңдеуші өндіріс орындарын ашу мен кооперацияларды дамытуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін қодану;
- жан басына шаққанда ең төменгі әлеуметтік стандарттарды белгілеу;
- проблемалы аймақтардың ішкі әлеуетін барынша қолдануға ынталандыру;
- өндірістік және қызметтік ғимараттарды жалға алуға жеңілдіктер ұсыну;
- кәсіпкерлік қызметке сертификаттар, лицензиялар, рұқсаттамалар беру;
- мемлекет қолдауы елдің тоқырауға ұшыраған, экономикалық жағынан артта қалған өңірлері үшін басым түрде жүзеге асырылуға тиіс;
- өңірлерді ішкі ресурстар есебінен дамыту мүмкін болмаған жағдайда ғана көмек беру керек;
- көмек міндетті түрде атаулы, мақсатты болуы тиіс;
- оны жүзеге асыру әдістері өңір экономикасының депрессивтілік деңгейіне байланысты болуы тиіс.
Төртінші урбанизация орталығы Ақтөбе болады
Академик Аманжол Қошанов урбанизация процесі Қазақстанда белсенді түрде жүріп жатқанын, Қазақстан үкіметі келешегі жоғары урбанизацияланатын орталықтар ретінде Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларын айқындағанын атап өтті.
"Қалалардың табысты дамуы және оларды агломерация ретінде қалыптастыру көліктік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның даму деңгейіне тікелей байланысты. Мегаполистер экономиканың қозғаушы күші деп танылды. Олар жұмыспен қамту мен инновацияның өсуіне ықпал етудің маңызды әлеуетіне ие. Бүгінде Жер бетіндегі 600 мегаполис әлемдік ЖІӨ-нің 50%-ынан астамын құрап отыр", – деді академик Аманжол Қошанов.
БҰҰ мен дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстан 2017 жылы урбанизация деңгейі бойынша 207 елдің ішінде 57,3% көрсеткішімен 112-орын алды. Бельгия – 97,6%, Аргентина – 91,7%, Жапония – 91,5%, АҚШ – 82,1%, Ресей – 74.3%, Украина – 69,3%. 2030 жылға қарай Қазақстан халқының кемінде 70%-ы қалада өмір сүреді деген болжам бар. Сарапшылардың пікірінше, қалада тұратын халықтың дәл осындай үлесі қазіргі заманғы индустриядан кейінгі экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
XXI ғасырда агломерацияларды басқару проблемасы орасан зор қаржыны, қалалық жоспарлау мен басқарудың жаңа деңгейін талап етті. Ал Қазақстанда қалалар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында көшірілген кәсіпорындар базасында қалыптасып, әлі күнге дейін табиғи ресурстарды игеріп отыр.
Мысалы, республикалық маңызы бар Шымкент қаласында 72 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде қала экологиясына әсер ететін ірі металлургиялық, химиялық, мұнай өңдеу зауыттары бар. Олар қаншама жұмысшы мен олардың отбасыларына кері әсер етеді. Қала халқының 42%-ы денсаулығын сақтауды, медициналық қамтамасыз етуді, инновациялық экономика тұрғысынан осы объектілерді техникалық жаңғырту шараларын талап ететін жастар болып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғындар санының халқының қарқынды өсуі алаңдатады. Астананың 2018-2025 жылдарға арналған даму жоспарында елорда халқының саны 2 млн адамға дейін жетеді деп болжанып отыр. Академик Аманжол Қошанов елорда халқы Вашингтон мен Бразилия сияқты ең алдымен астана функциясын орындауға бағытталған ұтымды критерийлерімен реттелуі тиіс екенін айтады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер"Республикада облыс орталықтары сәтті дамып келеді. Халық саны миллионға жетпесе де, экономикалық, интеллектуалды, әлеуметтік-мәдении дамудың тұрақты орталығына айналған тарихи құрметке ие қалалар бар. Олар республика бойынша өнеркәсіп өнімдерінің 1/5 бөлігін өндіреді", – дейді академик.
Еркін экономикалық аймақтар құру қажет
Ұлттық инженерлік академиясының адемигі, профессор Оразалы Сәбден аграрлық жерлерді жаңаша дамытуды көздейтін "Қазақ өрісі" деген жобасын ұсынды.
"Бес-он жыл өткеннен кейін халықты ауылға апару мүмкін емес. Түркістан облысында 3 млн халық тұрады. Қанша жұмыссыз жастар жүр. Оларға жағдай жасалса, айлығы жақсы болса, көтермеақы, үй берсе аграрлы ауылдарға барып жұмыс істер еді. Әсіресе, шекрара маңындағы құнарлы жерлеріміз игерілмей жатыр. Еркін экономикалық аймақтар құрып, жеміс-жидек, көкөніс өсіруді жолға қойса, ауылды дамытудың жолы сол", – дейді академик Оразалы Сәбден.
Ол урбанизацияны қалада емес, ауылда жүргізу идеясымен бөлісті. Ал эконимика ғылымдарының докторы Серік Святов ауылда банк филиалдарының болмауы мәселесін көтерді.
"Біздің барлық коммерциялық банктер жеке меншікте. Банктік несиелеу шағын және орта бизнесті қаржыландырудың жалғыз көзі. Тәуелсіздік алғаннан бері банктер филиалдарын өңірлік аудандарда ашуға құлшыныс танытпады. Банк филиалдары негізінен облыс орталықтарында орналасқан", – деді Серік Святов.