Тікелей эфир

Қазақстан криптовалюта өндірісінен әлемде екінші орында. Майнингті дамыту керек пе, тыйым салған жөн бе?

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленген.

Қазақстанда криптовалютаға қызығушылар қатары көбейді. Бұрындары адамдар криптовалютадан пайда табуды көздесе, енді азаматтардың назары электр энергиясының сөнуіне әсер еткен "майнинг миграциясына" ауды. Майнинг деген не? Онымен заңды түрде қалай айналысуға болады? Неге шетелдік майнерлер Қазақстанға көшіп жатыр? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап береді.

Майнинг деген не?

Майнинг дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, цифрлы ақша, яғни криптовалюта өндіру. Криптовалюта – тиын не қағаз ақша ретінде сақтауға келмейтін виртуалды цифрлы ақша. Майнинг блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Блокчейн – кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Ал майнингті кез келген компьютер арқылы жасауға болады, бірақ биткоин немесе криптовалютаны табу үшін өте мықты компьютер немесе процессор керек. Себебі барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. 

Он мыңнан астам криптовалюта бар болса, биткоин солардың ең мықтысы деуге болады. Оны 2009 жылы ең бірінші Саташа Накомота ашқан еді. Бұл инженерлер тобы не бір адам болуы мүмкін, бірақ әліге дейін кім екені белгісіз.

"2020 жылдан бастап Азаматтық кодекске цифрлық активтер деген ұғым енгізілді. Виртуалды ақшаның қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген деген екі түрі бар. Астана халықаралық қаржы орталығында реттеледі және ол инвестиция болып саналады. Қазақстан заңнамасы бойынша елімізде тауармен және қызметпен қамтамасыз етілген цифрлық активтер айналымына шектеу жоқ", – деді криптовалюта сарапшысы Ғимран Әбдірахманов "Ашық алаң" бағдарламасында.

Майнер Қуаныш Нұрсиланың сөзінше, криптовалютаны кәдімгі валюта сияқты қолданады. Ақшаға ауыстырып алу мүмкін болса да оған инвестиция ретінде қарау керек дейді ол.

"Биткойн дегеніміз кәдімгі компьютер, ішінде алты зат бар: жүйелік тақта, процессор, оперативті жад, қатты диск, қуат беру блогы және видеокарта саны. Видеокарта неғұрлым мықты болса соғұрлым қымбат тұрады және көп табыс әкеледі. Компьютерді үйіңізге қойсаңыз сізге жұмыс істейді", – дейді майнер.


Оқи отырыңыз: Смартфон, 4G һәм әлеуметтік желілер немесе соңғы 10 жылдағы технологиялық құбылыстар туралы


Криптовалютаны криптобиржалардан алуға болады. Ал майнерлер криптовалюта табу үшін арнайы құрылғы ASIC не видеокартаны қолданады. Видеокарта – көп алгоритммен жұмыс істейтін экомайнинг. Ал ASIC болса бір ғана алгоритммен жұмыс істейтін, тек қана биткойн табатын зат. ASIC видеокартаға қарағанда электр тоғын сегіз есе көп жегенімен, 30% көп пайда әкеледі. Оны шығаратын зауыттар үш жылға ғана кепілдік береді және үлкен сервисті, арнайы ғимаратты қажет етеді. 

Криптовалюталарды сатып алу үшін Coinbase, Binance, OKEX, FTX, KuCoin, ByBit секілді криптобиржаларға тіркелу қажет. Биткоин және басқа да криптовалюталар осы биржалардағы шотта сақталады. Сол жерде басқа криптовалюталарды сатып алуға немесе сатуға болады. Сонымен қатар, оларды сақтауға флеш картаға ұқсайтын құрылғы қолданылады, бірақ олар өте қымбат.

Майнинг – тәуекелге бел буу 

Қуаныш Нұрсила майнингте тәуекел өте аз екенін, интернет өшіп қалу секілді форс-мажор жағдай болғанда ғана криптовалюта "құлап", ақшаны шығарып алу мүмкін болмай қалатынын айтады. 

"Криптовалютаға инвестиция деп қарап, қаражаттың 10-20 пайызын ғана жұмсау керек. Қазір үш миллион теңге салып, ай сайын 200 мың теңге шешіп отыруыңыз мүмкін. Бірақ қазір биткоин курсы төмен. Қазақстанда орта есеппен төрт миллион отбасы бар десек, әрбірі үйінде үш миллион теңгеден видеокарта қойып тастаса, айына екі жүз мың теңге пайда табады. Әр құрылғы бір кВт қана энергия жейді", – деді майнер Қуаныш Нұрсила.  

Ал криптовалюта сарапшысы Ғимран Әбдірахманов тәуекел өте үлкен болғандықтан майнингпен айналысу үшін қаржылық сауат болуы керек деп есептейді. Сол үшін ол цифрлық активтерді реттейтін Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген ресми криптобиржалар мен компанияларға жүгінуге кеңес береді.

Барлық криптовалюта криптографияға, сондай-ақ криптовалютаның барлық блоктары, элементтері арасындағы ашықтық пен өзара байланысты қамтамасыз ететін блокчейн технологиясына негізделген. Криптобиржадағы аккаунтыңыздың құпиясөзі пен кілтін білетіндер биткоинді ұрлай алады. Фишинг әдісі де өте танымал: олар қолдан сайт жасап сізді қақпанға түсіреді. Жалған сайтқа деректеріңізді енгізген соң әмияныңыз алаяқтарға қолжетімді болады.

Электр энергиясы тапшылығы

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Алайда сол жылдан бері елде энергия тапшылығы туындай бастаған. Оның себебі криптовалюта өндіретін бір бір құрылғы орта есеппен сағатына 3,5 кВт электр энергиясын тұтынады. Бір ғана ASIC айлық есеппен шаққанда 2,5 МВт энергияны пайдаланады.

"Бұл дегеніміз бес бөлмелі үйдің тұтынуынан едәуір көп. Ешкім қиналып ақша таппайды, бірақ энергияны өте көп талап етеді. Соның себебінен энергия тапшылығы туындады. Жыл сайын елімізде  энергия тұтыну орта есеппен екі пайызға өсетін. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 пайызға өсті", – деді Энергетика министрлігінің электр энергетикасын дамыту және интеграция басқармасының басшысы Болат Тұяқбаев. 

Майнинг заңды және заңсыз болып бөлінеді. Оны "ақ майнинг", "сұр майнинг" деп те атайды. Тығылып істеп жатқан заңсыз майнинг субъектілері энергияны көп тұтынады. Соның салдарынан қарапайым тұтынушыларға энергия көзі жетпей жатыр. Қытай майнинг компаниялардың тоқты аса жоғары мөлшерде тұтынуына байланысты энергетикалық қауіп төне бастаған соң олардың жұмысына тыйым салды. Сөйтіп олар ТМД елдеріне, ең тарифі төмен Қазақстанға және Ресейге ауа бастады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда заңсыз майнерлер мың мегаваттан астам электр энергиясын тұтынып отыр


Болат Тұяқбаевтың сөзінше, 2022 жылдан бастап майнерлер тұтынған 1 кВт үшін бір теңге салық төлейді. Ал заңсыз майнингпен айналысатындар салықтан жалтарып отыр. Энергетика министрлігінің жедел тобы оннан астам майнинг субъектілерін анықтап, олардың электр энергиясын өшірген. Бұл сала әлі заңмен реттелмегендіктен олардың жұмысына басқа да шектеу қоя алмайды. 

KEGOC өкілі Нұрбол Нұртаза заңсыз майнингтер 1000 мВт электр қуатын тұтынатынын айтып отыр. Ал ресми түрде техникалық шарттар алып жұмыс істеп жатқан майнерлер 400 МВт тұтынады.  

Майнинг ферманы қалай заңдастырады?

Майнер Қуаныш Нұрсила әріптестерінің басым көпшіліні кәсібін заңдастыруды қалайтынын, алайда оны қалай жасау керек екенін білмейтінін айтады. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет заңды түрде тіркелген майнингке қарсы емес екенін, бірақ осы салада жұмыс істегісі келетіндер тиісті рұқсат қағазын алуы керек деп айтқан болатын.

"Электр энергияны ойға қонымды тарифтермен төлеуге тиіс. Табысын рәсімдеп, салық аударуы шарт. Жасыл энергетика жобаларын іске қосуы қажет. Майнингке салынатын салықты да көтереміз. Қазіргі бір киловатт үшін бір теңге ставкасы өте төмен болып тұр. Үкіметке қысқа уақыттың ішінде оны бірнеше есеге көтеруді тапсырамын", – деді президент.

Мемлекет басшысы Қаржылық бақылау агентігіне майнинг өндіруді тәртіпке салуды, барлық майнингтік фермаларды анықтап, кедендік және салықтық құжаттарын тексеруді тапсырды.


Оқи отырыңыз: Энергетика министрі: Майнингтің бір техникасы үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады 


Криптовалюта сарапшысы Ғимран Әбдірахманов майнингпен айналысатындарды ешкім қадағаламайтынын, сол себепті адамдар заңдастыруға асықпайтынын айтады.  

"Заңдастыру үшін Цифрлық даму министрлігіне хат жазасыз. Қазақстан заңнамасына сәйкес майнинг фермаңызды Астана халықаралық қаржы орталығына 300 АҚШ долларына тіркеп заңды түрде жұмыс істеуге болады. Astana Hub-та дата-центр ретінде тіркелесіз. Олай болмаса өзіңіз бүкіл салықты төлеп отырасыз", – деп сарапшы майнингпен заңды түрде айналысу рәсімін түсіндірді.  

Сарапшы техникалық шарттарын басқа қызмет түріне алған майнерлердің "сұрдан ақ майнингке өтуі қиын" деп есептейді. Ол бұл саланы реттеу үшін әр майнерге лицензия беруді ұсынды. 

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин энергожүйеге "сұр майнингтің" экономикалық қылмыс, салық төлеуден жалтару екенін, олардың мекенжайлары туралы ақпарат болса b.galimzhan@mdai.gov.kz, e.smailov@mdai.gov.kz, a.ibraev@mdai.gov.kz электронды мекенжайларына хат арқылы хабарлауды сұрады.

"Көрсетілген мекенжайлар бойынша тексерулер жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданады. Сондай-ақ көлеңкелі тұстан шығып, заңды майнерге айналуды қалаған кісілерге әріптестерім кәсіби кеңес береді", – деп жазды Бағдат Мусин Facebook парақшасында.

"Сұр майнерлердің" мүлкі тәркіленуі мүмкін

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин "сұр майнерлерді" Энергетика министрлігі мен құқық қорғау органдары құратын мобильді топтар анықтайды. Олар ескертусіз тексерулер жүргізеді.  Уәкілетті орган ұйымдар тізімін , тұтынылған қуат деректерін жинап, салық және кедендік тексерулердің нақты алгоритмін әзірлейді.

"IP мекенжайларын шектеу арқылы "сұр майнерлердің" әрекетіне тыйым салу механизмдері әзірленеді. Тиімді шешімдердің бірі – олардың мүлкін тәркілеу. Елімізде цифрлы майнингті лицензиялау енгізіледі. Лицензия алудың негізгі критерийі – техникалық талаптарды сақтау, яғни қажет құал-жабдықтардың болуы, үй-жайлардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі", – деді министр.

Оның сөзінше, нарықтағы ойыншылар мен жалпы мемлекет үшін де ашық процесті құруға мүмкіндік беретін бөлек тарифтеуді ескере отырып, электр энергиясына квота жүйесін әзірленеді. Қаржы және Энергетика министрліктерімен бірлесе халықаралық тәжірибе мен елдегі жағдайды ескере отырып, оңтайлы салық салу жүйесі айқындалады.

Серіктестер жаңалықтары