Тікелей эфир

Энергетика министрі: Майнингтің бір техникасы үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады

Оңтүстік өңірлерде электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 12% артқан.

2021 жылға дейін Қазақстанда майнерлер болмаған кезде электр энергиясын тұтыну жылына орташа есеппен 2% өсті. Былтыр оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну өсімі 6,1%-ды құрады. Ал оңтүстік аймақта бұл көрсеткіш 12%-ға дейін жетіп отыр, деп мәлімдеді энергетика министрі Болат Ақшолақов. 

"Ең жоғары жүктеме тіркелген кезде энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалып отыр. Бұл өз кезегінде энергия өндіретін ұйымдардың жабдықтарының істен шығуының жиілеуіне алып келеді. Мұнымен қатар, қосылған қуат мөлшері күрт өседі. Қажеттіліктің өсуінің негізгі себебі – цифрлік майнинг субъектілерінің қызметі", – деді Болат Ақшолақов. 

Әрі қарай министр криптовалюта өндірісінің энергетика саласында апаттардың жиілеуіне қалай әсер етіп отырғанын түсіндірді. 

"Криптовалюта өндіру – ауқымды энергияны қажет ететін процесс. Қандай да бір цифрлық валюта түрінде сыйақы алу мақсатында қосылған жабдық тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ретте жабдықтың жекелеген модельдері сағатына шамамен 2,5-3 кВт энергия тұтынады. Ал бұл бір жабдықтың айлық тұтынуына тең, яғни үш бөлмелі пәтердің тұтынуынан 8 есе артық. Мысалы, Bitmain Antminer S19 pro 110th 3,25 кВт/сағ электр энергиясын тұтынады", – деді министр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанды энергия дефицитінен не құтқарады?


Елдегі майнинг жабдықтарының саны ондаған мыңға жетіп отыр. Осы орайда, Болат Ақшолақов халық үшін энергия шектеуге байланысты ауыр салдарға жол бермеу мақсатында жүйелік оператор күнделікті негізде барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты. 

"Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласындағы кейбір нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізді", – деп қосты министр. 

Еске салсақ, Қазақстанда заңсыз майнерлер мың мегаваттан астам электр энергиясын тұтынып отырғаны туралы хабарлаған едік. Ал тіркелген, яғни "ақ" майнерлердің үлесі – 400 МВт шамасында.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары