Тікелей эфир

Банкрот болу борышкер жеке тұлғаларға не береді?

Сарапшылар "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын талқылады.

"Ашық НҚА" порталында "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасы жарияланып, ашық талқылауға шығарылды. Ол Президент бастамасымен қолға алынған. Бұл жоба нені көздейді? Азаматтар мен қары ұйымдарының қандай құқы ескерілуі тиіс? Сарапшылар заң жобасындағы кейбір баптарға тоқталып, өзекті мәселелерге қатысты ұсыныс-пікір білдірді.

Заң жобасына қандай ұсыныстар енгізілді?

Қайрат МИЯТОВ, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

– Заң жобасы бойынша кепілде тұрған жалғыз баспананы сот банкроттығы барысында алып қоюы мүмкін. Ал сот рәсімін қолдану үшін қарыз шегі 1 600 АЕК деңгейінде белгіленген. Сондай-ақ, несие алу үшін 5 жылға және шетелге шығу үшін 3 жылға шектеу қойылды. Сонымен қатар, банкроттықтың қайталануына – 7 жыл.

Бірінші ұсыныс – шетелге шығу негіздерін кеңейту керек. Бұдан басқа, кепілде тұрған жалғыз тұрғын үйді сату кезіндегі ерекшеліктерді қарастыру қажет. Борышкердің қаржылық басқарушылардың қызметін төлеуге ақшасы болмай қалуы мүмкін, сондықтан сот банкроттығы кезінде белгілі бір санаттағы борышкерлер жалдаған қаржылық басқарушы қызметін мемлекеттік бюджеттен төлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылуда.

Сондай-ақ, банкроттық кезіндегі алаяқтық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс бар. Уәкілетті орган банкроттықтан кейін 3 жыл бойы жеке тұлғаның қаржылық жағдайына салық декларациясының деректері негізінде мониторинг жүргізу міндеті қарастырады. Сот рәсімінде қаржы басқарушыларын тағайындау жөніндегі міндетті уәкілетті органға жүктеу, құжаттамалық аяқтау тәртібін көздеу туралы да ұсыныс бар. Осыған байланысты электрондық үкіметтің веб-порталында автоматты режимде электрондық хабарлама жасалады, ол банкроттық рәсімінің 6 айы аяқталғаннан кейін борышкерге және кредиторға жіберіледі.

Тағы бір ұсыныс – банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін ақпараттың 7 жыл ішінде электрондық үкімет порталында және Мемлекеттік кредит бюросында сақталуы. Бүгінгі таңда ақпаратты сақтау мерзімін 5 жылға ұлғайту туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ, бастапқы кезеңде 0,3 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж қарастыру, сот банкроттығы рәсімінде бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі туралы ұсыныстар да қолдау тапты.

Сонымен қатар, кредиторларға сот банкроттығын бастау құқығын беру, заңды шетелдіктерге, қандастарға және Қазақстанда тұрақты тұратын жері бар адамдарға қолдану, басқарушы лауазымдарға орналасуға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлғаның құрылтайшысы, акционері болуды немесе мемлекеттік ұйымдардағы қызметті шектеу туралы ұсыныстар айтылды. Кредиторлардың отбасы мүшелерінің мүлкі туралы мәліметтер алу құқығын көздеу ұсынылды. Мұнда бастапқы кезеңде қаржылық басқарушыларға осындай мүмкіндік беру және оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көру ұсынылып отыр.


Оқи отырыңыз: Өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?


Өзін банкротпын деп жариялаған адам шетелге шыға ала ма?

Рахым ОШАҚБАЕВ, қоғам қайраткері, Talap қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі:

– Үшінші және төртінші бапта борышкерлердің басым бөлігі банкроттық рәсіміне кірмеуі үшін бірнеше тиімді кедергілер белгіленген.

Жүйе көптеген жылдар бойы банктік лоббидің пайдасына қарай жасалды және қазір бұл жағдай сақталып отыр. Егер заң осындай редакцияда қабылданса, осы арқылы отбасының тағдырын өзгертемін дегендер үміттенбесін, бұл ештеңені өзгертпейді, өйткені бұл екі бап сізді соттан тыс өндіріп алу мүмкіндігінен айырады.

Сондай-ақ, шетелге шығуға тыйым салу туралы норманы мүлдем алып тастау керек.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі:

Егер 3 және 4-бап бойынша ұсыныстар болса, ұсынуды өтінеміз. Талқылаймыз. Атап айтқанда 4-бапта тек бес жыл көлеміндегі қарыз емес, басқа да негіздер бар. Мысалы қарыз сомасы мүлік құнынан асып кетсе немесе белгілі бір деңгейден жоғары болса, сотқа жатпайтын банкроттыққа беруге болады. Яғни, бес жыл барлық жағдайға байланысы емес. Қарызды өтеу мерзімінен тәуелсіз жағдайлар да бар.

Банкрот деп танылған адамдардың несиесін кім төлейді?

Сапарбай ЖҰБАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес институты:

– Банк пен қаржы ұйымдарының мүддесін кім қорғайды? Мысалы, мен 600 мың теңге несие алып, оны алты ай ішінде төлей алмадым. Сөйтіп сотпен, қаржылық басқарушымен келісіп, уәкілетті органмен келісіп, соттан сырт өзімді банкрот деп жарияласам, банк мүддесін кім, қалай қорғайды? Кейін бір жерде жазылған соттың шешімімен мендегі қарыз жойылады. Ал кім оны төлейді? Сөйтіп үш-төрт жылда қайтадан банкрот бола берсем, банктің, қаржы ұйымдарының қарызы кімнің есебінен өтеледі? Ертең жемқорлыққа жол ашпаймыз ба?

Біздегі көп адамдардың атында ештеңе жоқ. Лауазымы жоғары шенеуніктердің де атында ештеңе жоқ. Бәрі әйелдерінің, балаларының атына жазып тастаған. Көліктері де әжелерінің атында.

Сосын Батыс елдерінде адам жұмыссыз қалып, өзін банкрот деп жарияламауы үшін мәжбүрлеп жұмыс істету жүйесі қарастырылған. Оның табысының біраз бөлігі арқылы қарызын өтеу жүйесі жолға қойылған. Қазір Қазақстанда жұмыс орындары көп. Мәселен, құрылыс, көше сыпыру, асханада ыдыс-аяқ жуу сияқты жұмыстарға адамдарды үнемі іздеп жатады. Ал біздің көпшілік адамдар "менің жұмысым жоқ, жұмыссызбын" деп отырады. Банкроттық шешім шығарар кезде қаржылық басқарушылар адамның денсаулық мүмкіндігіне қарай осындай жұмыстарды мәжбүрлеп істету тетігін қарастыруы керек.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі:

– Егер адам банкрот деп танылса, демек бұл шешіммен кредиторлар келісті деген сөз. Соның ішінде банк те бар.Ол банкроттыққа жүгінердің алдында банк өзінің жұмыстарын толық жүргізеді. Алдымен кредиттің категориясын ауыстырады, кейін өзінің ұйымдары арқылы мәжбүрлеп өндіру бойынша жұмысын жасайды. Содан кейін ғана банкрот болып жариялануға мүмкіншілік пайда болады.


Оқи отырыңыз: Алимент төлемеген азаматтар өзін банкрот деп жариялай алмайды


Кепілге қойылған баспана тартып алына ма?

Қанағат ТӘКЕЕВА, "Азаматтық бастамаларды қолдау қоры" қоғамдық қорының басшысы:

– Егер Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, өзін банкрот деп жариялаған адам түксіз қалып, көшеде қалуға мәжбүр болады. Осы жерде осындай отбасыларға минималды жалдау ақысымен жалдамалы әлеуметтік баспана беру керек деп ойлаймын. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай белгіленеді. Сондай-ақ, борышкерлердің жалғыз баспанасын алып қою мәселесі бар.

Жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау кезінде төленген соманың несиеге алынған сомамен мөлшерлес болуы ескерілуі керек. Сонымен қатар, тұрғын үйдің көлемі де ескерілуі тиіс. Мысалы, азаматтың атында тұрған жалғыз баспана 1000 шаршы метр болып, онда 3 адам ғана тұруы мүмкін немесе 42 шаршы метрлік баспанада бестен көп адам тұруы мүмкін.

Сосын борышкерлер қайтыс болса, оның борышы кәмелетке толмаған баласына мұра бола ма? 1-баптың 2-тармағы, 1-тармақшасына да назар аударғым келеді. Бұл жерде кепілге қойылған мүліктің бағасы нысанның нарықтағы бағасының 10 пайызынан төмен болмауы керек. Себебі біз кепілге қойыған мүлікті нарықтағы бағадан 50 пайызға төмен бағада бағалаған жағдайды да көрдік. Қаржылық басқарушының жауапкершілігі де жазылмаған. 41-баптың 2-тармағы да түсініксіз.  Борышкердің елден тыс мүлкі қалай ізделеді, табылады? Ол үшінші тұлғаларға рәсімделген болуы мүмкін.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі:

– Мүліктің бағасын борышкердің өзі белігеп, сатуына мүмкіндік беруді қарастырамыз. 2025 жылдан бастап барлық азамат жалпыұлттық декларация тапсыруға міндеттеледі. Соның аясында азаматтардың мал-мүлкін біліп, мәліметтерді салыстыра отырып, анықтаймыз. Егер мүлік жасырылған болса, Қылмыстық кодекс бойынша қаралады. Жауапкершілік сол кодексте жазылған. Егер жалған банкроттық болса, уәклетті орган деректерді экономикалық тергеу органына беруге міндетті. Бұл қазір де бар. Ал несиеге алынған сома мен төленген соманың мөлшерлемесі ипотека туралы заңға сүйенген. Егер соманың 80 пайызы өтелген болса, мүлікті тартып алуға болмайды.


Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?


Назар РАХИМОВ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының заң мәселелері жөніндегі басқарушы директоры:

– "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" Заң жобасы қаржы ұйымдары алдындағы кез келген берешекті тоқтатуға ықпал етпеуі тиіс. Ал борышкер бұл жобаны өзінің барлық міндеттемелерін есептен шығару мүмкіндігі ретінде қарастырмауы керек. Соттан тыс банкроттық пен сот ісі заңнамада белгіленген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін жасалады.

Борышкер таңдау жасау барысында оның салдары барын түсінуі тиіс. Өзін банкрот деп жарияласа, шетелге шығуы шектелуі керек. Егер қандай да бір қаражаты болса, оны қаржы секторы алдындағы ғана емес, сондай-ақ мемлекет алдындағы және басқа да қызметтерді жеткізушілер алдындағы міндеттерін өтеуге жұмсауы тиіс. Сондықтан борышкердің шетелге шығуының негіздері тізбесін кеңейтпеуді сұраймыз.

Ал жалғыз тұрғын үйді алу мәселесіне келсек, ипотекалық несиелендіру деген бар. Егер несие берушілер ипотекалық қарызды қамтамасыз ету үшін қойылған кепілді өндіріп ала алмаса, ипотекалық несие беруді тоқтату керек. Өйткені тұрғын үйге инвестицияланған қаражатты қайтару бойынша тетіктер болмайды. Сондықтан осы заң жобасына үйлесімді түрде қарауды сұраймын. Борышкерлердің ғана емес, кредиторлардың да мүддесін ескеру қажет.

Борышкердің туысқандарының мүлкі тексеріле ме?

Асқар ҚАЛДЫБАЕВ, "Атамекен" ҚР ҰКП Төрелік орталығының атқарушы директоры, Talpyn корпоративтік құқықты зерттеу орталығының директоры:

– Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жауапсыз борышкерлердің үлесі өте аз. Ал біз қазір мүлкін сыртқа шығарып, жасыратын борышкерлер көбейеді деп қорқып отырмыз. Біріншіден, мұны анықтау оңай және оған белгілі бір жауапкершілік те қарастырылған. Екіншіден, халықтың бәрінен жаппай күдіктену де дұрыс емес. Сот процедурасына қатысты рәсімді күрделендірмеуді ұсынамыз. Борышкердің мүлкін тексеру кезінде борышкердің өзін ғана емес, оның туысқандарын да тартуға болады. Себебі, борышкер өзін банкрот деп жариялағанға дейін мүлкін сатып, ақшасына жақын туысқанының атына мүлік алып қоюы мүмкін. Сол себепті оның туысқандарының да кірісі мен мүлкін тексерген дұрыс.

Ал кепілге алынған үйді тәркілемес бұрын борышкердің отбасылық жағдайы жіті тексерілуі тиіс. Бұл шектеуге қарағанда жазалауға көп ұқсайды. Біз борышкерлердің қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінуіміз керек. Яғни, ол асыраушысынан айырылған немесе дертке шалдыққан, жұмыссыз қалғандар болуы мүмкін. Сондықтан, шетелге шығуына, кәсіппен айналысуына және несие алуына тыйым салу дұрыс емес.

Борышкерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келетін қаржы қалдыруға келсек, қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңгені құрайды. 36 мың  теңгеге бір ай қалай өмір сүруге болады? Мұны да ойлану керек. Себебі борышкер біздің елдің азаматы. Оларды көшеде қалдырып, кедейлікке итермелемеуіміз керек. Көлікті сатуға келсек, қазір отбасыларға көлік қажет-ақ. Егер ол қымбат көлік болмаса, тартып алудың не керегі бар? Борышкер түксіз қалса, айналып келгенде мемлекет өз қамқорлығына алады. Бірақ бұл кезде біз кредиторлардың мүддесін мемлекеттен биік қойып отырған болып шығамыз. Сондықтан, борышкердің қолында қанша мөлшерде табыс қалуы керек екенін анықтау қажет.


Оқи отырыңыз: Банкрот деп танылған жеке тұлғаларға несие беріле ме?


Банкрот деп танылған адам мемлекеттік қызметте істей ала ма?

Естер БАБАДЖАНЯН, Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті жеке құқық департаментінің профессоры:

– Банкрот – азаматқа берілген бәрін қайта бастау мүмкіндігі, өмір бойы борышкер болып жүруден шығудың жолы. Сондықтан шетелге шығу мен мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымды алуға тыйым салу дегеніміз – жазалау. Біз банкроттық үшін осындай жауапкершілік тағайындағалы отырмыз. Мүмкін оның мүлкі өртеніп кеткен болар, жұмыстан шығып қалған шығар, еңбек ету қабілетінен айырылған болар. Осы үшін адамды жазалап, шетелге шығармай қоямыз ба?

Банкрот мәселесіне жауапсыз адам тұрғысынан қараудың қажеті жоқ. Жауапсыздық танытқан жағдайда басқа да заң арқылы қаралады. Ал мемлекеттік қызметінен айырылған адам жұмыссыз болып қалады. Ал қызметін жалғастыра берсе, қарызын өтеуге қандай да бір мүмкіншілігі болады.  

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі:

– 28 наурыз күні осы заң жобасы бойынша ашық тыңдау өткіземіз. Барлық органдар мен қызығушылық танытып отырған қоғамдық ұйымдарға хат жіберілді. Әлі де сауалдар қайталанып келеді. Ол себепті заң жауапкершілігі бар борышкерлер мен кредиторлар үшін жұмыс істеуі керек. Ол арам пиғылды адамдарға мүмкіндік бермеуі тиіс.

Серіктестер жаңалықтары