Дәрігер қателігін анықтау мүмкін бе? Мүмкін болса, ақ халаттыларға қатысты істердің басым бөлігі неге сотқа жетпей, қысқарып қала береді? 31 арнаның "Сөздің шыны керек" бағдарламасы осы мәселеге тереңдеді.
"Шұғыл көмек көрсетпеді"
Түркістан облысы, Төле би аудандық ауруханасына тиесілі перзентханаға босануға барып, сәбиінен айырылып қалған Ақмарал Барахатова "дәрігерлер толғақ кезінде шұғыл қимылдағанда сәбиім шетінеп кетпес еді" дейді.
"(Перзентханаға) жедел жәрдеммен түстім. Екі жарымда хабарластым. Сағат тура үш жарымда осы жерде болдым", – дейді Киелітас ауылының тұрғыны Ақмарал Барахатова.
Ол ай-күні жетіп аудандық перзентханаға 2 сәуір күні толғақпен түскен. Сағат күндізгі үш жарымда түскен келіншекті дәрігерлер екі сағаттан соң босандырып алған. "Жағдайымды көрген соң кесарь тілігін жасауға қолымды қойғызып алғанымен, уақыттың басым бөлігі бір-бірімен ұрысуға кетті" деп келіншек ашынып отыр. "Бірінші сәбиімнің шетінеп кеткенін айтып, баламды аман алып қалыңыздаршы деп жалындым" дейді ол.
"Айқайлап кіріп келді. Аузына тамақ салып алған. "Неге қабылдап алдың бұны. Тазовый деп тұр ғой. Жібермейсің бе Шымкентке? Не үшін алып қалдың" дейді. Кіргеннен мені тудырғысы келмей тұрды. Мені бес минут сайын толғақ қысып жатыр. Олар өзара ұрысып жатты. Сосын үш қағаз алып келді. Кесарь тілігін жасаймыз деді. Мен бәріне келісемін, баламды аман-есен босандырсаңыз болды дедім. Өзімнің де жаным қиналып жатыр ғой", – дейді Ақмарал Барахатова.
Алайда, сол күйі кесарь тілігі жасалмаған. Ана өздігінен босанған. "Кейін білгенімдей, сол сәтте керегі жоқ анықтамаларды жинатып, ойымды басқа жаққа бұрған екен. Ол құжаттарды жинап ұлымды Шымкент ауруханасына алып кеткеннен кейін артынан барсам, баламның жансақтау бөлімінде комада жатқанын бірақ білдім", дейді.
"Жылап жүрмін. Үш күн бойы мені алып қалды. Баламды уайымдап жүргенім бір бөлек, "күйеуіңнің, балаңның 027, 063, рентген, туберкулез анықтамаларын – бәрін жинайсың" деді. Ал мына жақта маған "қайда жүрсіз" деді. Не болғанын сұрасам, "балаңыз комада жатыр" дейді. Мен кома дегенді бұрын-соңды көрмегенмін", дейді Ақмарал Барахатова.
Оқи отырыңыз: "16 жерінен пышақтаған". Соққыға жығылған әйелдерді кім қорғайды?
Арада сегіз күн өткенде ғана баласын қолына алған келіншек небәрі 18 күн ғана өмір сүрген сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр.
"Иіскегім келеді, сүйгім келеді. Он сегіз күнде баламды қолға алған кезде бірінші рет ана болып жатқан сияқты сездім. Аузындағы аппараттарымен қолыма алдым. Жарты сағат ұстап отырдым. Мені он адам босандырды, сенесіз бе? Дәрігерлер ауысып жатқан уақытқа түстім. Мен де жұмыс істеймін. Менің жұмыс істейтін жерімде кәсіби маман болмасам, мені ұстамайды", – дейді Ақмарат Барахатова.
Небәрі 22 күн ғана өмір сүрген сәбиіне Рамазан деп есімін де қойып үлгерген Ақмарал Барахатова сәбиінің өліміне қатысты аудандық прокуратураға да арыз қалдырған. Әзірге құзырлы органнан жауап алмапты. Ал, Төле би аудандық ауруханасының басшысы, Ақмаралдың шағымына қатысты медициналық мекеменің 10 қызметкеріне сөгіс жарияланғанын айтты.
"Тексеру медицина қызметкерлердің қатысуымен жүргізіледі. Жалпы бұл кісінің жүкті болғанынан бастап, босанғанға дейінгі жағдайдың бәрі талқыланған. Тексеру жұмысы жүргізілді. Екі ақ адам емес", – дейді Төле би аудандық ауруханасының директоры Қарлығаш Умарова.
"Өңешінде мақта ұмытып кеткен"
Бағдарламаға Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетіне қарасты "Ана мен бала" орталығында баласына ота жасатқан ана да жүгінген. Айтуынша, бір жас екі ай ғана болған сәбиінің "астыңғы жақ сүйегі дамымай қалды" деп, өсіру үшін дәрігерлер 2021 жылдың желтоқсан айында аппарат салған екен. Ал, бұл медмекемеге сол темірді алғызу үшін ота жасатқан. Квота арқылы, жоспарлы ота 19 мамыр күні жасалады. Алайда, дәрігерлер ота жасау кезінде баланың тамағына қан кетіп қалмасы үшін өңешіне мақта қойып, отадан соң ол мақтаны алуды ұмытып кеткен көрінеді.
"Дәрігер де, кірген кезде қанша құрылғы кірді, шыққанда қанша құрылғы шықты – соны санайтын медбике екеуі ұмытып кеткен. Анестезиологқа ештеңе айтпаған. Бала оянған кезде демала алмай қалған. Жақ сүйегі ісіп тұрған шығар деп аузын ашып қараса, үлкен мақта тұр екен аузында. Өңешіне салып қойған. Өздері алып шыққан. Сол уақытта біраз уақыт өтіп кеткен", – деді Арайлым Қайратқызы
Арайлым "өздігімен жүріп жүрген сап-сау баламды жансақтау бөліміне жатқызған дәрігерлер жұмысына салғырт қарағаны үшін жауапқа тартылсын, баламның денсаулығын қалпына келтіріп берсін" деп талап етіп отыр.
Оқи отырыңыз: "Қолымды ұлыма байлатып қойып ұрады". Зорлықшыл әкелерге тыйым бар ма?
"Баланың есінде ештеңе жоқ. Өзі жұтуды,емізігін соруды, қолымен ұстауды да білмейді, мні танымайды, жан-жаққа қарамайды. Тірі өлік қылып алып келді. Бір жарым күннен кейін, сенбі, яғни жұмыс емес күні баланы менің жаныма алып келді. Ешқандай дәрігер болмады, бәрі кезекшілер", – дейді Арайлым Қайратқызы
Ал Назарбаев университетіне қарасты "Ана мен бала" орталығының басшылығы басқа ақпарат құралдарына "ота жасағанда мақта қолданылмайды, баланың анасы дұрыс түсінбеген" деп сұхбат бергенімен, 31 арнаға сұхбат беруден бас тартқан.
Орталықтың баспасөз қызметі, "University Medical Center" корпоративтік қоры дәрігері, жақ-бет хирургі Руслан Ся Тун Чинге қатысты аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Дәрігер операциялардан және емдік консультациялардан шеттетілді", – деп жазбаша жауап жіберген.
"Салғырт қараған дәрігер жауапқа тартылуы тиіс"
Жалпы, біздің елде дәрігер қателігін дәлелдеу мүмкін бе? Мүмкін болса, ақ халаттыларға айып таққандардың арызы неге сотқа жетпей, қысқарып қала береді? Заңгер Камиша Есмұхамбетқызы, дәрігер қателігіне қатысты бірқатар істерді жүргізіп, "ол істердің алдымен қозғалуы қиын, қозғалғаннан кейін сотқа жетуі одан да күрделі" дейді. Тіпті, "сотқа жеткізілген қылмыстық істерде де дәрігер қателігін дәлелдеу көп қиындық тудырады" дейді.
"317-бап бар. Қылмыстық кодекстің жұмыс істемейтін бабы, былай айтқанда. Дау туындағанда, қылмысын антикор немесе басқа орган әшкерелегенде ғана, солардың беделінің түспеуіне байланысты ісі сотқа барады, жалпы қарапайым адамдар арасында іс сотқа бармайды", – дейді Камиша Есмұхамбетқызы.
Заңгер дәрігерлерге қатысты шағымның растығына көз жеткізу үшін тағайындалатын сот-медициналық сараптама жасайтын органдарда дәрігерлерден өзге де мамандар отыруы қажет екенін айтады.
"Бізде соңғы кездері дәрігерлердің саны көп те, сапасы жоқ. Сол себепті адамдар олар үшін күнкөріс нысаны болып отыр. Адамның қолымен өлсе, ол жазалануы тиіс. Өзінің өлімі болса, оны кіналай алмайсың. Адамның қолымен, дәрігердің қолымен жасалып тұрғаннан кейін, ол дәрігер неге жауапқа тартылмауы керек", – дейді заңгер.
"ҚР Қылмыстық кодексiнің 317-бабында медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы туралы жазылған. Қателік деген сөз жоқ. Мәселен, медицина қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа, ауыр зиян келтірсе деп... ары қарай жазасы көрсетілген. Яғни, науқастың алған жарақатына қарай жаза тағайындалады. Ал, ол жарақаттың дәрежесін анықтайтын кім? Әрине, дәрігерлер. Сондықтан да бір дәрігер екіншісінің қателігін аша бермейді, себебі медицинада "кез келген дәрігер қателесуі мүмкін" деген ұғым бар. Ал, салғырттық ше? Адамның өмірі қыл үстінде тұрған сәтте жұмысына салғырт қарап, сылбыр қимылдайтын дәрігер де жауапқа тартылуы тиіс. Бұл мамандардың пікірі", – дейді бағдарлама жүргізшісі.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы – Ирина Советжанқызы