Factcheck.kz тілшісі Жансерік Тілеухан МӘМС жүйесі туралы сегіз мифтің ақ-қарасын ажыратты.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылды. Жүйе бойынша мемлекеттік жеңілдікке ие азаматтардан бөлек әрбір азамат МӘМС-ке жарна төлеуі міндетті. Яғни айлығыңыздың белгілі бір мөлшерін мемлекетке өзіңізді медициналық сақтандыру үшін төлейсіз. МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың медициналық қызметтерді тең алуына мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені (МӘМС туралы заң, 1-бап, 12-тармақ)
МӘМС жүйесі іске қосылғалы бері халық арасында түсініспеушіліктер мен түрлі мифтер тарап жатыр. Осыған орай Factcheck.kz сайты ең көп тараған мифтерді сейілтіп көрді. Алдымен тізімін жасап алсақ:
- МӘМС – салық түрі;
- МӘМС-ті міндетті түрде төлеу керек;
- МӘМС жарнасы барлығына ортақ;
- МӘМС төлемесе, айыппұл салады;
- МӘМС жоқ болса, мемлекеттік емханалар қарамайды;
- МӘМС жоқ болса, жедел жәрдем келмейді;
- МӘМС тек бекітілген қызметтерге ғана, қалғаны тегін не ақылы;
- МӘМС арқылы тек жеке (мемлекеттік емес) клиникаларда емдейді .
МӘМС – салық түрі
Үкім: Жалған. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңның 484-бабына сәйкес, МӘМС салық салу нысанына жатпайды.
МӘМС – ай сайын еңбекақыдан алынатын жарна, ол салық түріне жатпайды. Себебі, МӘМС-ті мемлекеттік жеңілдікке ие болған азаматтар төлемейді, олар үшін мемлекет төлейді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан 15 жеңілдік санатындағы азаматтардың саны 11 млн 195 мыңға жетті.
МӘМС-ті міндетті түрде төлеу керек
Үкім: Шындық. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңына сәйкес, әрбір азаматтың МӘМС-ке жарна төлеуі міндетті. Әрбір адам жарна төлу арқылы мемлекеттің азаматтарға арналған кеңейтілген медициналық мүмкіндіктерін ала алады.
Оқи отырыңыз:
- Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер. Маңызды 13 сұраққа жауап
МӘМС жарнасы барлығына ортақ
Үкім: Жалған. МӘМС жарнасы және оны есептеу жүйесі әртүрлі. Оны төмендегі суреттен немесе fms.kz сайтынан білуге болады.
МӘМС төлемесе, айыппұл салады
Үкім: Манипуляция. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 92-1 бабына сәйкес, жұмыс берушілердің, дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және/немесе жарналарды төлемеуі, уақытылы және/немесе толық төлемеуі түрінде орындамауы не тиісінше орындамауы – ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал жұмыспен қамту орталығына тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС-ті мемлекет төлейді. Орталыққа ресми тіркелмеген жұмыссыз азаматтар МӘМС үшін жарнаны дербес төлеуші ретінде төлем жүргізілмеген айлар үшін (2015 жылғы 16 қарашасындағы №405-V ҚР3 Заңының 5-бабы 3 тармағы) 2 125 теңге төлеуі керек. Алайда төлемді соңғы 12 айдан аспайтындай мерзімде төлеу қажет. Бірақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында ресми тіркелмеген жұмыссыз азаматтарға айыппұл салу қарастырылмаған.
МӘМС жоқ болса, мемлекеттік емханалар қарамайды
Үкім: Манипуляция. Денсаулық кодексінің 196-бабына сәйкес мемлекет тарапынан әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) қарастырылған.
Заңға сәйкес азаматтар ТМККК бойынша алғашқы медициналық-санитарлы көмекті ала алады. Сонымен қатар әрбір азамат ТМККК шеңберінде әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу үшін мемлекеттік емхананың көмегіне МӘМС-сіз жүгіне алады. Аурулар тізімін жоғарыдағы 196-баптан қарай аласыздар.
МӘМС жоқ болса, жедел жәрдем келмейді
Үкім: Жалған. Денсаулық сақтау кодексінің 77-бабына (Қазақстан азаматтарының құқықтары) сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге құқылы.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек (санитариялық авиацияны, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына алып келетін аурулар кезінде ұтқыр бригаданың қызметтерін қоса алғанда) кіретіндіктен жедел жәрдем шақыруға МӘМС-тің болуы міндетті емес.
Ал тегін медициналық көмектің кепілдік көлемінің тізімін мына жерден білуге болады.
МӘМС тек бекітілген қызметтерге ғана, қалғаны тегін не ақылы
Үкім: Шындық. Денсаулық сақтау кодексі бойынша азаматтарға екі пакет қарастырылған: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), оларға сәйкес тұрғындар медициналық көмек ала алады.
МӘМС арқылы азаматтар мемлекет бекіткен белгілі бір қызметтерді пайдалана алады. Ал тегін медициналық көмек әрбір азаматқа кез келген уақытта қол жетімді.
МӘМС арқылы тек жеке (мемлекеттік емес) клиникаларда емдейді
Үкім: Жалған. МӘМС-ке жарна төлеу арқылы кез келген азамат мемлекет ұсынған кеңейтілген медициналық көмектің тізбесін пайдалана алады. Сондықтан МӘМС арқылы тек жеке клиникаларда емдейді деген ақпарат – жалған.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысына сәйкес МӘМС пакетіне келесі медициналық қызметтер кіреді:
- амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде:
- профилактикалық медициналық тексерулер;
- бейінді дәрігерлердің учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша қабылдауы мен консультациясы;
- бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылауы;
- уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
- диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ).
- мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық медициналық көмек (жоспарлы және шұғыл нысанда, оның ішінде тәуліктік стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар өткізу);
- медициналық оңалту.
- стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету. Амбулаториялық жағдайларда белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін уәкілетті орган бекітетін медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес жүргізіледі.
Контекст
Медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, қазіргі таңда ресми тіркелген 18 млн 917 мың халықтың 15,9 млн-ы, яғни 84,5%-де МӘМС бар. 15,9 млн халықтың 11 млн 195 мыңына мемлекет МӘМС төлейді, яғни олар жеңілдікке ие. Ал қалған 2,9 млн адам әлі сақтандырылмаған.
Егер сіз өзіңіздің сақтандыру статусыңызды білгіңіз келсе fms.kz сайтына кіріп ЖСН номеріңізді теру арқылы немесе 1406 номеріне хабарласу арқылы анықтай аласыз.