Тікелей эфир

Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы талқылауға түспей жатып, мұғалімдердің наразылығын тудырды

informburo.kz
informburo.kz
Қазақстанда мұғалімдердің мәртебесін биіктететін заң әзірленіп жатыр. Жобамен танысқан тараптар құжат тек орыс тілінде әзірленген дейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы жолдауында Білім министрлігіне "Педагог мәртебесі" туралы жаңа заң дайындау тапсырылған болатын. Жуырда ғана Үкімет отырысында еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев "құжат 2019 жылы қабылданады, биыл қоғамдық талқылаудан өтеді" деп сүйінші сұраған.

Міне, қоғамдық талқылауға түспей жатып оның шикі тұстары туралы айтылып, жазыла бастады. Әлеуметтік желіге заң жобасынан үзінді келтірген ұстаздардың бірі құжатты "көшірме" десе, екіншілері "заңның түпнұсқасы қазақ тілінде дайындалмаған, онда қазақ ұстаздарының мүддесі қорғалмайды" дейді.

"Өзге заңдардың кебін кимесе болғаны..."

Заң жобасының мәтінінің мектептерге орыс тілінде келіп жатқаны туралы айтып, алғаш мәселе көтерген мұғалімдердің бірі – Мейіржан Темірбекұлы. Осы құжаттың атауымен аттас қоғамдық бірлестікті басқарып отырған ұстаз оның қазақша жазылып, қазақша талқылауын талап етеміз дейді.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында заң жобасын Білім және ғылым министрлігі мен Ұстаздар кәсіподағы дайындайтыны айтылған. Біздің мектепке кәсіподақтан құжаттың жобасы келді. Құжат толайымен орыс тілінде жазылған, сондықтан да бірінші қазақша дайындалсын, қазақ тілінде талқылансын деп отырмыз.

Әзірге талабымызды әлеуметтік желілерде тиісті органдарды тіркеп жазып отырмыз. Жазайық десек, хатымыз бір ай, екі ай жүреді, сол екі ортада жаңа жыл келіп, заң қабылданып та қоятын шығар – дейді "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбекұлы.

Жалпы, Білім министрлігі заң жобасына қатысты ұсыныстарын ұстаздар bilimdinews.kz порталына жолдауын сұраған. Мұғалімдер біраз белсенділік танытып, мазалаған сұрақтарын жолдап жатыр. Бірақ, Мейіржан Темірбекұлы "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің жіберген ұсыныстары жарияланған жоқ дейді.


Сайтта құжатты талқылау тақырыбы орысша қойылған

Сайтта құжатты талқылау тақырыбы орысша / bilimdinews.kz сайтынан скриншот


"Біздің бірлестіктің электронды поштасына отыз шақты ұсыныс түскен. Білім министрлігіне қарасты "Білімді ел" газетінде талқыланып жатыр. Арасында қазақша айтылған мәселелер мен ұсыныстар көп. Бірақ, біздің жібергендеріміз жарияланған жоқ".

Ал, "Мұғалім мәртебесі" туралы заң қандай болу керек?" деген сұрағымызға ол: "Білім туралы" заңда педагогтардың мәртебесі негізінен жан-жақты қорғалған. Бұрынғы заңдарда да сенбілікке күштеп шығару, газетке күштеп жазу деген жоқ, яғни, ұстаздардың құқықтары қорғалып, жазылған. Бірақ, артынан іздеушісі болмаған соң, осы заң да өзге заңдардың кебін кие ме деп қорқамыз", – дейді.

"Қысқа да нұсқа". Ұстаздар жаңа заң жобасы бес беттен аспауы керек дейді

Материалды дайындау барысында біраз ұстазбен ашық сөйлестік. Кейбір ауыл мұғалімдері бұндай құжаттың қабылданғалы жатқанынан бейхабар. Мектепке жеткен әлгі орыс тілді құжатты түгел талдап тастағандары да бар.

Кәсіподақ мектептерге жіберген жобада ұсыныстар мен ескертулер түрлі түспен белгіленіп, ерекше назар аударатын пункттері жасыл түске боялған.

"Жалпы, заң жобасын қарап шығып, түйгеніміз – Заң ұстаз мәртебесінен гөрі, тағы да сол білім саласының айналасындағы толып жатқан нормативтік актілерді қайталайтын сияқты. Толып жатқан нұсқаулық, ережелердің тармақтарын апарып, осы заңға қоса салғандай көрінеді. Ең бастысы, заң бар-жоғы бес беттен аспай, тек ұстаздарға, оның мәртебесіне ғана қатысты болу керек", – дейді пікір білдірген мұғалімдер.

"Мен не деймін, домбырам не дейді?" Кәсіподақ төрайымы заң жобасының таратылғанын жоққа шығарды

Мектептерге құжаттың жобасын ұстаздар кәсіподағы жіберді деген соң, Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаеваға хабарластық. Оның айтуынша, заң жобасы әлі толық аяқталмаған. Және " орысша ғана емес, қазақшасы қатар дайындалып жатыр" дейді.


Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева

Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева / Сурет elana порталынан алынды


– Біріншіден, Елбасының тапсырмасы болғаннан кейін алдымен заң жобасын әзірлейтін комиссия құрдық. Ол комиссияға Білім министрлігінен, кәсіподақтан, зерттеу институттарынан, зияткерлік және кәдімгі орта мектептердің мұғалімдерін тартып, директорларын кіргіздік. Заң жобасын әлі жазып біткен жоқпыз. Әлі толықтырылады.

Мен өзім қазақ тілінің жанашырымын, сондықтан, алғашқы мәтіні дайын болғаннан кейін тағы талқылап, баспасөз бетіне қазақшасын да, орысшасын да жариялаймыз. Министрліктің "Білімді ел" газетіне де шығады. Жарияланғаннан кейін тағы да пікірлерді жинап, қай жерінен олқылық кеткенін де анықтаймыз, – дейді informburo.kz тілшісінің сұрағына жауап беріп.

Кәсіподақ төрайымы заңды әзірлеу бір басқа, оның қабылдануы үшін құжат "бюрократия дәлізінен" "аман-есен" өтуі керек дейді.

"Айтылған дүниелердің бәрі орындала қоятын "коммунизм" орнаған жоқ қой. Яғни, заң жобасында еліміздің экономикалық жағдайына байланысты мәселелер бар. 9 қараша күні өткен Білім министрлігінің алқа отырысында министр Ерлан Сағадиев бұл заңды әлі талқылап болған жоқпыз деді. Министр "қосымша қаражат талап ететін нормаларды абайлап енгізіңіздер, егер қаражатқа байланысты өтпей қалса, ыңғайсыз болады" деді.

Ал мен алқа мүшелерінің алдында қаражатты талап етпейтін мұғалімнің құқығына зиян келтіретін мәселелер барын айттым. Сабақтан тыс жұмыстарға жекпеу, көшені сыпыртпау, газет-журналға күштеп жаздырмау, ақша жинатпау, ремонт жасатпау сияқты мәселелер. Бұл жерде қаражат емес, ерікті шешімнің керек екенін айттым".

Майра Амантаеваның болжамынша, заңның жобалық мәтіні Жаңа жылға дейін дайын болады. Кейін Мәжіліске түсіп, төменгі палатадан тағы комиссия құрылады. Мәжілісмендер мен қаржы органдарының ескертуі тыңдалған соң, "кез келген заң сияқты бұл құжат та бюрократия дәлізімен жүріп өтеді".

Біздің "Заң мәтіні орысша ғана дайындалып жатқаны рас па?" деген сұрағымызға ол "Орысша ғана емес, қазақ тілінде қатар әзірленіп жатыр. Орысша әлі ешкімге беріп жатқан жоқпыз, оны кім шығарып жүр?" деп өзімізден сұрады.

"Қазақстанда түпнұсқасы қазақша жазылған екі-ақ заң бар"

Республикалық "Qazbilim" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы Қазақстанда алдымен орысша дайындалып, кейін қазақшаға аудара салатын заң бұл ғана емес дейді.

– "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасын Білім министрлігі мен мұғалімдер кәсіподағы бірге қолға алғанын білемін. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева жобаны дайындайтын комиссия құрылды деп мәлімдеді. Бірақ, комиссия құрамын жариялаған жоқ, жасырын ұстап отыр. Министрліктен вице-министр Эльмира Суханбердиеваның өзі, ал кәсіподақтан, төрайымы Майра Амантаеваның кіргенін білемін.

Бізде заңдарды негізінен бірінші орысша дайындап, содан кейін қазақшаға аударатыны белгілі ғой. Бұл заң да солай. Қазақстанда қазақ тілінде жазылған екі-ақ заң бар, ол – "Көші-қон" туралы заң мен "Тіл туралы" заң. Бірақ, заңды таза қазақ тілінде жазатын уақыт жетті. Сондықтан, ұстаздардың талап етуі дұрыс, – дейді.

Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, кез келген құжатта белгілі бір нормативтік құжаттардағыны қайталау болады. Өйткені, "Мұғалім мәртебесі" туралы заң Білім заңынан, "Бала құқығы туралы" құжаттан алыс кете алмайды. "Яғни, сол құжаттардағы нормалар сақталуы керек. Мәселе, жаңа баптарда. "Мұғалім мәртебесі" туралы заң өзінің жаңа баптары арқылы "Білім туралы", "Бала құқығы туралы" заңдарға өз өзгерістерін енгізе алуы керек. Сонда ғана кемелді заң болады", – дейді ол.

Informburo.kz порталы келесі материалдарында заң жобасының мазмұнын, ондағы "ескі" нормалар мен қандай жаңа баптар бар деген мәселені көтереді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары