Тікелей эфир

Кредиті кешірілетіндердің тағы тізімі жасалып жатыр. Жаңалықтарға шолу

Доллар бағамы арзандады. Елімізде алдағы тәулікте күн күрт суытады.

"ҚазАвтожол" басшысы күдікке ілінді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі "ҚазАвтоЖол" АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, филиал директорына "Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш – Алматы" автомобиль жолы мен "Анар – Осакаровка" жолы учаскесін қайда жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалмаса да, актіге қол қою арқылы өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Ол осы әрекеті арқылы мемлекетке 300 млн теңгеден астам шығын келтірген.

"Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктіге қатысты соңғы үкімді оның кінәлі екендігінің деңгейін анықтау арқылы сот шығарады", – делінген ресми хабарламада.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жол сапасы бойынша 100 елдің қатарына кіре алмады

"Жолаушылар тасымалы" АҚ тағайындалған неміс басшы өзімен бірге Германиядан тағы 14 маман әкеледі

Олардың бәрі "Жолаушылар тасымалы" АҚ-да лауазымды қызмет атқарады. Ақпаратты компанияның бас директорының орынбасары Қайрат Асқаров растап отыр.

"Deutsche Bank"-пен ынтымақтастық аясында, ішкі қолдау шеңберінде лауазымдарға тағайындалу үшін мамандар тартылады" деп мәлімдеді Қ.Асқаров.

Алматыда туристер орта есеппен тәулігіне 69 долларды жаратады

Астанаға келген қонақтардың бұдан екі есе ақша жұмсап кететіні (тәулігіне 123 доллар) белгілі болды. 2018 жылы Елордаға 200 мың турист келіпті. Бір жыл ішінде шетелдіктердің шығыны 82 млн доллар болған. Алматыға 2018 жылы 400 мың шетелдік қонақ келіпті. Мұндағы туристердің бір жылдық шығыны 194 млн долларға жуықтаған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады дейді мамандар

Көбіне Астана мен Алматыға қыдырып келетін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан тұрғындары екен.

Қарағандыда 3 жасар баланы өлтірген күдікті ұсталды

3 жасар Максим Ғарифуллинді ұрлап әкетіп, өлтірген 23 жасар Игентай Сопыжанов өз қылмысын мойындады. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іздестіру аясында полиция қызметкерлері оны 9 қыркүйек күні түнгі сағат бірлер шамасында вокзал маңынан ұстаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция департаментіндегілер Сопыжановтың 2014 жылы Максим Ғарифуллиннің анасының туысын өлтіргені үшін 9 жылға сотталғанын хабарлады. 2018 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты Сопыжановтың сотталған мерзімі 6 жыл 8 айға қысқартылған. 2019 жылдың қаңтар айында Әулиекөл аудандық соты Сопыжановтың жазасын бас бостандығын шектеуге алмастырған. Сөйтіп 8 ақпанда ол Қостанай облысындағы УК-161/4 түзеу мекемесінен босап шыққан.

"Қазгидромет" 6 тоннадай балық қырылып қалған Тоқпан көлінің ластанғанын анықтады

Тоқпан көлінің үш нүктесінен жоспардан тыс сынама алған "Қазгидрометтің" Қызылорда облыстық филиалының мамандары осылай деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Көлік доңғалақтарын қашан ауыстыру керек

"Жүргізілген зертханалық талдау нәтижесінде еріген оттек бойынша 1,67-2,88 мг/дм3 айрықша жоғары деңгейде ластанғаны тіркелді" делінген синоптиктердің хабарламасында. Мамандар тағы да бірнеше талдау жұмыстарын жүргізетінін мәлім етті. Олардың қорытындылары 10-шы қыркүйекте белгілі болмақ.

"7-20-25" бағдарламасымен бастапқы нарықтағы үй саудасы екінші нарықтағыдан аз

"Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма басшысының орынбасары Рүстем Қыдықов бұлай болатынын әу бастан білгенбіз деп отыр. Айтуынша, бастапқы нарықтағы үйлер сұранысқа әлі дайын емес.

"Баспана хит" бағдарламасы іске қосылғаннан бері екінші нарықтан қазақстандықтар 13 мыңнан астам пәтер сатып алған. Бұл бастапқы нарықтан пәтер сатып алуға болатын "7-20-25" бағдарламасынан гөрі 3 мың пәтерге көп.

"Баспана хитпен" де "7-20-25" бағдарламасымен де пәтер алғандардың 62%-ның ай сайынғы төлем сомасы 100 мың теңгеден аспайды. Екінші нарықтан сатып алынған пәтерлердің орташа есеппен ақысы – 9,8 млн теңге болса, бастапқы нарықтағыныкі – 14,3 млн теңгені құраған.

Еңбек министрлігі кредиті кешірілетіндердің қосымша тізімін жасап жатыр

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова хабарлады. Айтуынша, мемлекет кредитін кешіруге міндетті тұлғалардың кейбірі тізімге енбей қалған. Бұған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде деректердің толыққанды болмағаны себеп.

Бұдан бөлек ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде де 4 мыңнан астам жетім бала мен кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жастар туралы мәлімет жоқ.

Оқи отырыңыз: Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?

"Егер азамат өзін "тұл жетім" қатарына жатқызса, онда БҒМ жүгіну керек. Бұл ретте ол үш құжатын тапсырады: ата-анасының қайтыс болғаны туралы екі куәлік және туу туралы куәлігі. БҒМ оны қосымша тізімге ензігіп, Еңбек министрлігіне тапсырады. Осылар бойынша жаңа тізім жасақталып жатыр, ол әрі қарай Мемлекеттік несие бюросына жолданады" деп мәлімдеді С.Жақыпова.

Вице-министр тізімде жоқ азаматтардың Еңбек министрлігінің 111, 8 (7172) 74 32 20, 8 (7172) 75 01 79, 8 (7172) 15 01 79 нөмірлі cаll-орталығына жүгіне алатынын қосымша хабарлады.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков кепілсіз тұтынушылық несиесінің бір бөлігі кешірілгендер ешқандай "қара тізімге" алынбайтынын мәлім етті.

Доллар бағамы арзандады

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 386,51 теңге болды. Өткен жұма күнгі бағаммен салыстырғанда доллар 1,31 теңгеге арзандаған.

Валюта айырбастау бекеттері долларды 386-386,5 теңгеге сатып алып, 387,5-388,5 теңгеден сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Елімізде алдағы тәуліктерде күн күрт суытады. Орал аймағынан салқын әрі ылғалды ауа массаларын әкелетін биіктегі барикалық жыраның және онымен байланысты ауа ағындарының Қазақстандағы ауа райына әсері әлі де байқалады. Сондықтан 10-12 қыркүйекте жаңбыр жауады, оңтүстік және оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, көптеген облыста ауа температурасы жылдың осы мезгіліне тән орташа көрсеткіштен төменірек болады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күн ашылып, ауа температурасы нөлден жоғары 3 градусқа дейін төмендейді. Тек республиканың батысында антициклонға байланысты күн жауын-шашынсыз болады, сол антициклон шығысқа қарай жылжуының арқасында біртіндеп оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстардағы жаңбыр тоқтайды.

Baq.kz: АИТВ вирусынан қорғану тәсілі табылды. Ғалымдардың халықаралық тобы адам иммунтапшылығы вирусынан қорғайтын әдісті анықтады. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, паразит шистосом құрттардың дернәсілдері адамның Т-лимфоциттерін АИТВ (адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы) вирусын жұқтырудан қорғайды. Ғалымдар шистосом құрттарының жұмыртқаларынан арнайы препарат жасап шығарды. Бұл дәрі-дәрмектің көмегімен адамның дендриттік жасушалары адам иммунтапшылығы вирусына 80% төзімді болады. АИТВ адамның иммундық жүйесін бұза отырып, басқа да инфекциялық аурулардың дамуына әсер етеді, өйткені иммундық жүйе организмді ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қабілетін жоғалтады. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам уақыт өте келе сау адамдар үшін ешқандай қауіп келтірмейтін микроорганизмдердің өзіне тез қабылдайтын болады.

Серіктестер жаңалықтары