Жаңа пәтерінің кілтін алуға келушілердің қуанышында шек жоқ. Кілт қолдарына тигенше тағатсыздана күтті. Үйдің айналасын қарап, ауланы аралап та үлгерді.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жаңа қоныс иелерін құттықтау үшін келді.
Шаршы метрі 180 мың теңге тұратын жаңа үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша берілді. Бұл қаладағы орташа нарықтық бағадан екі есе төмен.
Бақтияр Оңайбек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жеті жыл бойы ақшасын тірнектеп жүріп жинапты. Бүгін пәтерінің кілтін алуға келді. Ол тез үйлі боламын деп, үстемесі жоғары ипотекаға ұрынбаңдар деп кеңес береді.
Айына 50 мыңнан жинадым
Бақтияр Оңайбек Оңтүстік Қазақстан облысынан 2001 жылы көшіп келген. Мамандығы – мұғалім.
– Ол жылдары мұғалімдердің айлығы аз болды. Айналдырған 40-50 мың теңге алатынбыз. Ол ақшаға отбасын асырай алмайсың. Сондықтан бастапқыда құрылыс жағалап жүрдім.
Өз мамандығыма 2008 жылы оралдым. 2011 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, ай сайын 50 мың теңгеден жинай бастадым. Бұл істі бастағаннан кейін жауаптылық керек. Несие төлеген сияқты ай сайын 50 мың теңгеден салып отырдым. Өзіміз саяжайда тұрдық. Жөндеп алдық. Дегенмен, саяжайда тұру қиын. Көп адамдар шыдай алмай көшіп кетті. Біз жер үйде тұруға бейім болған соң, шыдадық, – деп сөзін бастады.
Қойған мақсатқа талмай ұмтылу керек
– Басқа ипотекамен рәсімдеуді қалтамыз көтермейтін еді. Оның үстіне 15-20 жыл төлеу өте ауыр. Психологиялық тұрғыдан шаршап кетер ме едік?! Зерттеп қарасам, көптеген отбасылардың бұзылуының өзіне осы себеп болып жатады. Айрандай ұйып отырған талай отбасы пайызы жоғары ипотекаға ұрынып, төлей алмай, ұрыс-керіспен ажырасуға дейін барғанын талай көргем, – дейді ол.
Мені отбасым қолдады
– Қасымда сүйеуші әйелім болды. Төрт баламызды да қарап, мені қолдау үшін арасында жұмысын да істеп жүрді. Міне, бүгін 77 шаршы метр, үш бөлмелі пәтер алып жатырмыз, – деді қуанышы қойнына сыймай.
Осыдан екі жыл бұрын бір-екі бөлмелі пәтер алуына болар еді. Бірақ асықпай, жұмыс орынына жақын жерден пәтер алуды көздеген. Балаларының жеке бөлмелерінің болуы да маңызды еді. Сөйтіп, міне он жылға келісім шарт жасасты. Осы мерзімде ішінде артық төлейтіні – 1,5 млн теңге шамасында ғана.
Оқи отырыңыз: Көпбалалы отбасыларға 1 мамырдан бастап пәтер беріле бастайды. Оны қалай алуға болады?
Бес пайызбен несие алу үшін не істеу керек
Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, баспана алу үшін, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй бағасының кемінде 20 пайызы көлемінде бастапқы жарнаң болуы керек.
Таза әрленген бір бөлмелі пәтердің ең жоғары бағасы 7,3 млн теңге екенін ескерсек, салымшының депозитінде шамамен 1,4 млн теңге жиналса жеткілікті. Осыдан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оларға пәтер сатып алу мақсатында жылдық 5 пайызбен несие алу мүмкіндігін ұсынады.
– Бүгін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 364 отбасыға пәтер кілтін табыстадық. Оның ішінде 24 көпбалалы отбасы бар.
Бүгін – еліміз бойынша ұлы мереке. Осындай күнгі қос қуаныш бәрімізге күш-қуат береді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.
"Жақсы жаңалығымыз бар"
– Бүгін біздің 400-ге жуық салымшы қоныс тойын тойлап жатыр. Өз пәтеріне қол жеткізу – олардың көптен күткен арманы болатын. Ең алдымен олар шот ашып, қаражат жинақтады. Қоныс иелерінің көпшілігі – өз шотында 50 пайызға дейінгі мөлшерде бастапқы жарнасын жинаған салымшылар.
– Әлі де қаражат жинауды жалғастырып жатқандар мен мемлекеттік бағдарлама аясында өткізілген пулға қатыса алмағандар үшін жақсы жаңалығымыз бар. Бұл тұрғын үй нысандары бойынша өтініш қабылдау жөніндегі хабарландыру baspana.kz порталында жарияланатын болады, – деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
Әлі екі мыңға жуық пәтер бар
Ляззат Ибрагимованың айтуынша, биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына Елордадағы 17 жаңа үйден тағы 1825 пәтер ұсынылады.
Жеке басында баспанасы жоқ, әкімдік кезегінде тұрғандар мен банк салымшылары бағдарламаға қатыса алады.
Үстемесі екі пайыз несиеге берілетін пәтерлер бар
– Жақында 10 пайыздық бастапқы жарнамен пәтерлер беріле бастайды. Ол – Нұр Отан партиясының ХVIII съезіндегі Елбасы тапсырмасына сай қолға алынған, көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар үшін үстемесі екі пайызға дейін төмендетілген жаңа бағдарлама.
Ол жақын арадан бастап іске қосылады. Алғашқы жарна 10 пайыз көлемінде. Сонда сіз құны 12 миллион тұратын пәтерді алу үшін 1 миллион 200 мың теңге жарна құясыз, – деп сендірді Ляззат Ибрагимова.
Сонымен қатар, облыс және қала әкімдіктері әлеуметтік әлсіз топтарға тұрғын үй сертификаттарын табыстайды. Бұның бәрі жалдамалы пәтерде отырған отбасыларды қолдауға бағытталған. Сертификат иелері ескіден де, жаңа үйден де алуына болады.
Отбасы қай жерден, қандай үй алатынын өзі таңдайды
– Жер үй алам десе де, құқылы. Қазір біз құжат мәселені қолға алып жатырмыз. Жылдың соңына дейін алты мың қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлайды деп сенеміз. Ол үшін 50 млрд теңге бөлініп отыр.
Бағдарламаға қатысу үшін әкімдікке кезекке тұрып, бағыттама аласыз. Бағдарлама сегіз жылға жоспарланған, – дейді Ляззат Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозиттік портфелі бойынша бірінші орында. Банкте 131 миллиард теңге сомасына 186 мың астаналық шот ашқан.