Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин "Алматы" телеарнасындағы "Басты назарда" бағдарламасының тікелей эфирінде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап береді. Тікелей эфирде қойылған маңызды сұрақтарды назарларыңызға ұсынамыз.
Коронавирус жұқтырғандардың саны неге күрт өсті?
Былтырғы жағдаймен салыстырғанда биыл жаңа мутациядан өткен вирустар айналымға кірді. Сондықтан, биылғы жұқтыру көрсеткішінің өсіп, жағдайдың күрделенуінің басты себебі осы болып тұр. Қазір күнара 400-ден астам адамнан вирус жұқтыру дерегі анықталып жатыр. Бірақ, алаңдауға уақыт жоқ. Біз қала тұрғындарын жауапкершілікке шақырамыз. Бұл жәй ғана вирус емес, қауіпті вирус. Оның жұқтыру көрсеткіші, былтырғы вируспен салыстырғанда екі есе артық.
Сондай-ақ, өткен жылы айналымда болған вирустың инкубациялық мерзімі 14 күнге дейін жететін. Ал, қазіргі вирустың инкубациялық кезеңі 7 күнге дейін жетіп жатыр. Тіпті, 3-5 күн ішінде індетті жұқтырғандар болып жатыр. Бұл вирустың асқынуы өте күрделі. Қатты бас ауруы болып, жүрек, өкпеге де кері әсерін тигізіп жатыр. Жас, оның ішінде 1 жастағы балалар жұқтырған жағдайлар өсіп кетті.
Қалада індет жұқтырғандарға ауруханада орын тапшылығы болмай ма?
Біздің барлық инфекциялық ауруханаларымыз дайындықтан өтті. Мысалы, қазір 5000 төсек-орын болса, соның 52%-нда ғана науқастар бар. Ал қалған 48%-ы бос. Резервте тағы 2000 орын бар. Жедел медициналық станциясының қызметкерлері науқастардың ауру ағымдарын іріктеп жатыр. Жағдайы ауырлары ауруханаларға жеткізіледі. Ал, симптомсыз және жеңіл түрде сырқаттанғандар үй стационарларында қалады. Мекемелердің барлығы дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Дәріханаларда да дәрі тапшылығы жоқ.
Сондай-ақ, біз қаладағы барлық медицина мекемелерін реттеп қойдық. Ең ауыр науқастар бірінші эшелонда емделеді, орташа деңгейдегі науқастар екінші эшолонда емделеді. Ал, жеңіл және симптомсыздарды оқшаулау ретінде үшінші эшелонда медициналық бақылаудан өтеді. Науқастарға дайындалған орындар жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Елордада студенттер мен оқушылар қашықтан оқуға көшеді. Тек бітіруші сыныптар ғана мектепте оқиды
Үшінші толқын басталды. Қала қандай жағдайда жабылады?
Өткен жылы біз әр жағдайға байланысты сценарий құрдық. Карантиндік шектеу шараларын аурудың төменгі, орта және жоғарғы деңгейіне қарай қабылдадық. Арудың өте жоғары деңгейі болғанда, яғни ауруханаға тәулігіне 500-ден артық науқас түсіп жатса онда бізге алаңдауға негіз бар. Қазір соңғы екі тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 250-ден асқан жоқ. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда барлығы 2 601 адам жатыр. 3 257 адам үйде емделіп жатыр. Олардың қатарында 985 науқас вирустың симптомсыз түріне шалдыққан. Сондықтан, олар үйлерінде аумақтық дәрігердің бақылауымен емделуде.
Індет өршіді. Оқушылар мен студенттер оқу жылын қалай аяқтайды?
Жаңа қаулы шықты. Соған сәйкес, 2020-2021 оқу жылының соңына дейін, оқушылар болса төртінші тоқсанның аяғына дейін, студенттер болса екінші семестрдің аяғына дейін барлығы қашықтықтан оқуға жіберіледі. Мейлі ол мемлекеттік білім беру ұйымы болсын, мейлі жекеменшік болсын барлығына тәртіп бір. Біздің басты мәселеміз, қазір балаларды қорғау болып отыр. Себебі, мектеп жасына дейінгі балалардың, оқушылардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейді. Мәселен, былтырғы наурыз айы мен биылғы наурыз айын салыстырғанда, індетке шалдыққан балалардың саны төрт есе артық.
Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирустың британдық және оңтүстік африкалық штаммдарын жұқтырған науқастар көбеюде
Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы қашан жанданады?
Қоғамдық тамақтану қауымдастығы тарапынан, қаладағы тамақтану нысандарының жазғы алаңдарын ашып, жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы ұсыныс түсті. Осыған орай, біз кәсіпкерлерге Ashyq пилоттық жобасы аясында жазғы алаңдарында қызмет көрсетуге рұқсат беріп отырмыз. Менің ойымша, келер аптадан бастап ауа-райы жақсы болса, олар жұмыстарын бастай алады. Жазғы алаңдар таңғы 7-ден түнгі 22.00-ге дейін меймандарын күте алады. Ал, тамақты жеткізу қызметінің уақытына шектеу жоқ. Қазіргі уақытта Атамекен кәсіпкерлер палатасына 110 кәсіпорын тіркелді. Олар Ashyq жобасы арқылы қызметтерін бастайды.
Карантиндік шектеулерден не шықты?
Біз қабылдап жатқан шектеу шаралары, инфекцияның таралу жолын кесу. Біз талдау жүргізгенімізде, қысқа мерзімдік шектеулердің өзінен нәтиже шыққанын байқаймыз. Мысалы, жұмыс орындары бойынша инфекция жұқтыру деңгейі 7,4 пайыздан 5,5 пайызға дейін төмендеді. Яғни, екі пайызға түсті деген сөз. Ал қоғамдық орындардан, базарлардан ауруды жұқтыру көрсеткіші 3 пайызға түсті. Қоғамдық тамақтану орындарынан 3ндетке шалдығу деңгейі 4 есе азайды. Қоғамдық көліктердегі шектеудің арқасында аурушаңдық 1 пайызға түсті.