Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам тіркелгенін хабарлады. Олар – Германиядан Алматыға оралған Қазақстан азаматтары. Біреуі елге 9 наурыз күні, екіншісі кеше, 12 наурыз күні ұшып келген.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. ДДСҰ басшысы соңғы екі аптада Қытайдан басқа елдерде коронавирус жұқтырған жандардың саны 13 есе, ал, вирус тіркелген елдер саны 3 есе өскенін хабарлады."Елімізде 3 айдан бері коронавирусқа қарсы көп шаралар іске асырылды. Өкінішке қарай, бүгін екі қазақстандық азаматтың коронавирусқа шалдыққаны анықталып отыр. Олар қазір карантинге жатқызылды. Жалпы, оларға барлық қажетті ем жасалып жатыр. Медицина қызметкерлері қажетті дайындықтан өткен. Коронавирусқа қатысты қосымша ақпаратты call-орталықтың 14 06 нөміріне хабарласып, біле аласыздар", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?
10 наурыз күні еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ғалымдардың болжамынша, Covid-19 Қазақстанда 11 наурыз бен 16 наурыз аралығында тіркелуі мүмкін екенін айтқан еді. Қазақстан осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде-бір адам тіркелмеген елдер қатарында болып келді. Кеше, 12 наурыз күні Қазақстанда барлық спорттық, мәдени, бұқаралық және мерекелік шараларға тыйым салынды. Вирусқа шалдыққан алғашқы адамның тіркелуінен кейін сақтық шаралары күшейтіле түседі.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі