Тікелей эфир

Кореяда қазақтар қандай жұмыс істеп жүр?

Фото fluger.ru сайтынан алынды
Фото fluger.ru сайтынан алынды
Жұмыс іздеп Кореяға аттанған отандастарымыз кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге мәжбүр. informburo.kz тілшісі жат елдегі қазақтармен тілдесіп көрді.

Кеңсе жұмысынан қара жұмысқа көшу

Қарлығаштың (есімі өзгертілді) Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында тұрып жатқанына 1 жыл 8 ай болыпты. Ол күнде таңғы 6:00-де оянып, жұмысқа дайындалады. Ал 8:00-де жұмысы басталады екен.

– Мен Kia Motors компаниясына көліктің қосалқы жабдықтарын дайындайтын өндірістік орында жұмыс істеймін. Біздің цехта көлік есіктеріне жапсырылатын резиналар шығарылады. Күнделікті қайталанатын еңбектен жалығып, Кореяға келгенмін. Мұнда да осындай жұмысқа тап болдым. Бірақ еш өкінген емеспін, – дейді Қарлығаш.

28 жастағы Қарлығаш Орал қаласында туып өскен. Мектептен кейін оқуын Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде жалғастырады. Банк саласында несие бөлімінің маманы болып 3 жылдай еңбек етіпті. Ол күнде бірдей операцияларды орындаудан жалығып, Оңтүстік Кореяға кетуге бел буады. Мақсаты – ел көріп, тәжірибе арттыру.


Қарлығаш жұмыс істейтін цехі

Қарлығаш жұмыс істейтін көлік жабдықтары цехі / Фотоны кейіпкер біздің өтінішпен арнайы түсірді


"Кореяға кетуге кәріс сериалдары әсер етті"

– Кәрістің "Қыс сонатасы" сынды сериалдарын көріп өстім. Содан Кореяға баруды армандайтынмын. Студент кезімде маман болып еңбек етсем, Оңтүстік Кореяға саяхаттауға ақша жинаймын деп жоспарладым. Бірақ Астана қаласында орта мансаптағы банк қызметкерінің жалақысы күнкөріске әрең жететіні белгілі. Саяхатқа ақша жинау мүмкін емес, – дейді ол.

Қарлығаш басы бос кезінде саяхаттап үлгергісі келгенін айтады. Сондықтан Кореяда жұмыс істеу мүмкіндік барын естісімен қамдануға көшкен.

Таныссыз Кореяда орнығу мүмкін емес

– Кореяда жұмыс істеп жүрген таныс қазақты достарымның достарына шейін сұрастыру арқылы таптым. Ол Сеул әуежайынан мені күтіп алып, өзі тұратын Кванджуға алып барды. Жұмысқа орналасуыма, жергілікті ортаға бейімделуіме де сол көмектесті, – дейді Қарлығаш.

Ол Кореядағы танысын онша білмесе де, тәуекелге барады. Себебі оның одан өзге сенімді адамы да болмапты.

– Менің жолым болды. Себебі қазіргі таңда қазақтардың Кореяға енді келіп жатқан отандастарымыздың ақшасын алып, тақырға отырғызып кетіп жатқанын жиі естимін. Соңғы кездері Қазақстаннан келіп жатқан қазақтардың саны артқандықтан, алаяқтар да көбейген, – дейді ол.

Кешігуге болмайды

– Қазақстанда банкте жұмыс істесем де, кейде кешіксем, бастығым түсіністікпен қарайтын. Ал Оңтүстік Кореяда кешігу кешірілмейді. Себебі сізге бола өндіріс тоқтап қалуы мүмкін, – дейді ол.

Қарлығаш кәрістердің жұмыс тәртібіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Жалқаулық та танытпайды. Себебі қатардағы әр жұмысшының міндетті күндік жүктемесі бар.


Қарлығаштың цехта бірге істейтін өзбек және қырғыз әріптестері бар

Қарлығаштың цехта бірге істейтін өзбек және қырғыз әріптестері бар / Фотоны кейіпкер біздің өтінішпен арнайы түсірді


– Қазақстанда әріптестеріммен әңгіме құрып, асықпай жұмыс істейтінмін. Ал мұнда жұмыс уақытында әңгіме құру қалыпты жағдай емес. Бар күшің мен уақытыңды жұмыс өнімділігіне жұмсайсың, – дейді ол.

Қарлығаш Қазақстандағы "интеллектуалды" жұмысын Оңтүстік Кореядағы қара жұмысқа ауыстырғанына еш өкінбейді. Себебі ол кәрістердің еңбек тәртібін игергеніне және өзіндегі қаржы тапшылығын жойғанына қуанады.

АҚШ есігін жапқанымен, Кореяға жол ашық

Жанат (есімі өзгертілді) есімді қазақтың жігіті таңнан кешке дейін балық және шаянға ұқсас теңіз мекендеушілерін тазалайды. Басында жұмысқа зауқы болмаса да, қазір үйреніп қалған.

– Оңтүстік Кореяға кету жоспарымда болған жоқ. Студент кезімде АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барып, үш айда 14 000 АҚШ долларын тауып келгенмін. Сондықтан оқуды тәмамдағаннан кейін, сол жаққа қайтып баруды көздедім. Бірақ өкінішке орай, виза ала алмадым, – дейді Жанат.

Жанат Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқыған. Ол оқу тегін болғаны үшін ғана осы мамандықты игеріп шығыпты. Ал орман шаруашылығымен айналысу о бастан жоспарында болмаған екен.

"Түсіме балық кіреді"

– Студент кезімде АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барып, жаз бойы Аляска штатында балық тазалаған едім. Жұмысы ауыр болса да, табысы жоғары болатын. Сондықтан сол суық Аляскаға қайтып баруды ойластырдым. Ал виза бермеген соң, Кореяға жол тарттым, – дейді ол.

Жанат Кореяда АҚШ-тағыдай ақша табу мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Десе де, Қазақстанға қарағанда жалақы 8-10 есе көп.

– Кореяның Ансан қаласында университеттегі курстасымның ағасы жұмыс істейтін. Сол кісімен байланысқа шығып, сол жаққа бардым. Бастапқыда Кореяда жұмыс істейтін қазақтардың WhatsApp мессенджеріндегі топтар арқылы тапқан әртүрлі жұмыстарға барып жүрдім, – дейді Жанат.

Сосын ол жұмыспен қамтамасыз ететін жергілікті компанияның көмегімен тұрақты жұмыс табуға тырысқан. Себебі күндік жұмыстардың табысы салыстырмалы түрде аз және машақаты да көбірек.


Балық тазалаушылар түскі ас ішіп жатыр

Балық тазалаушылар түскі ас ішіп жатыр / Фото fluger.ru сайтынан алынды


– Ең тиімді ұсыныс – балық тазалау болды. Табысы да көбірек. Соңғы 9 айдан бері балық пен шаяндарды тазалаймын. Олар тіпті түсіме кіретін болды, – дейді ол күліп.

Еңбек мигранттарына қысым жоқ

Жанат Қазақстанда жүрген кезінде жұмыс істеуге келген өзбектердің еңбек ақысын ала алмай қайтып кететінін жиі естігенін айтады. Сондықтан бастапқыда Кореяда да сол сияқты болуы мүмкін деп ойлапты. Бірақ кәрістердің біреудің ақысын жемейтініне көзі жетіп отыр.


Кореядағы қазақтар жұмысты WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топтар арқылы да табады

Кореядағы қазақтар жұмысты WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топтар арқылы да табады / Скриншот кейіпкерден алынды


– Кәрістер еңбек мигранттарына өз қатарластары сынды қарайды. Қазіргі жұмысым өзіме онша ұнай қоймаса да, мұнда бірге істейтін адамдармен қарым-қатынасым жақсы болғандықтан, кеткім келмейді. Сосын сабжанг (sibjang – бастық – ред.) да біздің жағдайымызды барынша жақсартуға тырысады. Жатар орыным да тегін, – дейді Жанат.

Отандасымыз әзірге Қазақстанға қайтуды жоспарлап отырған жоқ. Себебі елге оралғаннан кейін немен айналысатынын өзі де білмейді.

Ұстаздар кетіп жатыр ...

Қызылордалық Сауле (есімі өзгертілді) есімді математика пәнінің мұғалімінің білім беру саласында 15 жылдық тәжірибесі бар. Ал Оңтүстік Кореяға кетуіне қаржы тапшылығы түрткі болыпты.

– Таңнан кешке дейін мектепте жұмыс істесем те, жағдайымыз жақсармай қойды. Күйеуімнің табысы да көлігін жөндеуден артылмайды. Балаларым өскен сайын олардың оқуына және өзге де шығындарына ақша тауып беру үлкен проблемаға айналды. Содан өзім қатарлы мектептегі әріптестеріммен бірге Кореяға кетуді жоспарладық, – дейді ол.

Сауле екі әріптесімен бірге мектептен шығып, Оңтүстік Кореяға кетеді. Шекарадан еш қиындықсыз өтіп, Мокпо қаласына орнығыпты.

– Әріптесімнің інісі жүрген Мокпо қаласына бардық. Ал жұмыс жағынан аса қиындық болған жоқ. Біз мандарин теру науқанына дәл келген екенбіз. Бірден кірісіп кеттік, – дейді Сауле.

Мектептегі жалақыдан мандарин теріп тапқан табысы артық

Математика мұғалімінің айтуынша, мандарин теріп, күніне 70-90 АҚШ доллары шамасында ақша табуға болады екен. Ол егер осы ақшаны Қазақстандағы мектепте тапса, Кореяға бару ойына да келмес еді.


Кореяда мандарин теру науқаны аяқталуға жақын

Кореяда мандарин теру науқаны аяқталуға жақын / Фотоны кейіпкер біздің өтінішпен арнайы түсірді


– Аптасына 5 күн жұмыс істейміз. Ал демалыста күндік жұмыстарға шығамыз. Біз әдетте орамжапырақ сұрыптау цехына барамыз, жұмыс ауыр емес, тек тыным таппай тыпырлай беруің керек, – дейді мектеп оқытушысы.

Сауле орта есеппен айына 2500 АҚШ долларын табады. Өз шығындарынан артық бөлігін бірден Қазақстанға жібереді екен.

– Қазақстандағы таза жұмысымды тастап, Кореяның еңбек күшіне айналғаныма еш өкінбеймін. Бастысы балаларымның болашағын жарқын етуге тырысып жатырмын, – дейді Сауле.

Оңтүстік Кореяға визасыз жүріп-тұру режимі жойылуы мүмкін

2014 жылдың басынан бері қазақстандықтар Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүретін. Содан бері елімізден Оңтүстік Кореяға қосымша табыс табу мақсатында баратын отандастарымыздың саны күрт өскен.


Орамжапырақтан салат жасайтын цехтағы жұмыс барысы

Орамжапырақтан салат дайындайтын цехтағы жұмыс / Фотоны кейіпкер біздің өтінішпен арнайы түсірді


Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесіне сенсек, қазір Кореяда 31 216 қазақстандық тіркелген. Ал оның 38 пайызының (11 860 адам) заңсыз жұмыс істеп жатқаны белгілі болып отыр, яғни олардың Кореяда қалу мерзімі аяқталған. Басым бөлігі – 20 мен 29 жас аралығындағы жастар.

Қазақстаннан Кореяға ұшатын қазақтар көбейе түскендіктен, шекарада да тексеру күрделендірілген. Көптеген қазақтар бірден әуежайдан елге қайтарылып та жатыр. Ал Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың саны азаймаса, визасыз режимнің жойылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Осыған орай, Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі заңсыз жүрген отандастарымызды арнайы құрылған "жасыл дәліз" тәртібімен еш кедергісіз елге қайтуға шақырып жатыр. Жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айына шейін "жасыл дәліз" ашық болады.

Серіктестер жаңалықтары