Тікелей эфир

Көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа жүйесі. Ол қашан және қалай жүзеге асады?

2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелерінің кооперативінен мүлік иелерінің бірлестігіне не жай серіктестікке ауысу қажет.

2020 жылдың басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін заңға түзетулер енгізілді. Көппәтерлі тұрғын үй иелері 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін жиналыс өткізіп, пәтер иелері кооперативінің орнына мүлік иелерінің бірлестігіне немесе жеке серіктестікті таңдауға тиіс болатын. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты жиналыстарды өткізу мерзімі кейінге шегерілді.

"Бір үй – бір бірлестік – бір шот"

Әділет министрлігінің дерегінше, басқарудың 1 132 жаңа нысаны құрылған. Олардың басым бөлігі Нұр-сұлтан және Алматыда орналасқан. Басқарудың жаңа нысандарын құрудың төмен көрсеткіші халық жиналыстарын өткізуді шектейтін карантин шараларына байланысты.

"Тұрғын үй қатынастары саласындағы реформаларға азаматтардың шағымы мен наразылығы түрткі болды. Көппәтерлі тұрғын үйді толық басқару үшін меншік иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін әр пәтер иесінің құрамы мен үлесін анықтай отырып тіркеуі керек. Көппәтерлі үйдің тұрғындары ортақ мүлікке назар аударып, мұқият болуы қажет. Ал бұл өз кезегінде Тұрғын үй қорын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан пәтер иелері қаражаттың түсуі мен жұмсалуы ашықтығын қамтамасыз ету үшін өз үйінде мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестік құруы маңызды", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жиналыстарды өткізу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған. Бірақ, МИБ және ЖС жүйесіне толық көшу жоспары өзгеріссіз қалады. 2022 жылғы 1 шілдеге дейін басқарудың барлық ескі нысандары – пәтер иелері кооперативтері, пәтер иелерінің тұтынушылық кооперативтері, тұтынушылық кооперативтер жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерге барлық техникалық, қаржылық және басқа құжаттарды беруі тиіс және заңнама тәртібімен жойылуы керек.

Санитарлық шектеулерді ескере отырып, меншік иелері ақпараттандыру нысандары арқылы дауыс бере алады. Бүгінгі таңда көппәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша оннан астам ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді. Олардың кейбірінде онлайн режимде дауыс беруге болады. 


Оқи отырыңыз: Меншік иелері бірлестігі. Тұрғын үйді басқарудың жаңа формасы қалай жұмыс істейді?


Мүлік иелерінің бірлестігі не жай серіктестік қалай құрылады?

Жиналыс ұйымдастыру. Жиналысқа меншік иелерінің кемінде 50%-ы, бастамашыл топ немесе тұрғын үй инспекциясын шақырылады. Жиналыс өткізу туралы 10 күн бұрын хабарлануы керек. Жиналыста:

  • МИБ не ЖС басқару формасын таңдау;
  • МИБ төрағасы немесе ЖС-нің сенім білдірілген тұлғасын, үй кеңесінің мүшелерін сайлау;
  • тексеру комиссиясын немесе тексерушіні сайлау туралы шешім қабылдау керек.

Жиналыс өткізу:

  • қатысу тәртібі бойынша жүргізілетін ашық ерік білдіру жолымен;
  • жазбаша сауалнама арқылы;
  • ақпараттандыру нысандары арқылы талқылау және дауыс беру арқылы;
  • жиналысты өткізу нәтижелері бойынша хаттама жасалады және дауыс беру парақтары толтырылады.

Жиналыста кворум болмаған жағдайда жазбаша сауалнама жүргізу қажет. Жазбаша сауалнама парағы 7 жұмыс күні ішінде әрбір меншік иесіне жіберіледі және бір ай мерзімнен аспайтын уақытта жүргізіледі. Нәтижесінде хаттама жасалады.

Құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырып, МИБ-ті тіркеу керек. Мүлік иелері бірлестігін тіркеу үшін 4 құжат керек:

  • өтініш;
  • хаттаманың түпнұсқасы;
  • типтік жарғы;
  • бюджетке төленген мемлекеттік баждың түбіртегі.

Жай серіктестік құрылған жағдайда барлық меншік иесі қарапайым жазбаша сенімхаттар береді және бірлескен қызметтер туралы келісімшарт жасалады.

15 жұмыс күні ішінде:

  • екінші деңгейлі банкте ағымдағы және жинақ шотын ашу;
  • жиналыста жарна мөлшерін бекіту;
  • сервистік қызмет субъектілері мен коммуналдық кәсіпорындармен үйді күтіп ұстау бойынша шарттар жасау;
  • кондоминиум нысанын тіркеуді қамтамасыз ету керек.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық


Тұрғындар ПИК-ке риза болса және жаңа басқару формасын таңдамаса, не істеу керек?

Қызмет көрсетуші ұйымдардың атына келіп түсетін шағымдар көп болғанымен іс жүзінде көбі оның жұмысын қанағаттанарлық деп есептейді. Тұрғындар шешім қабылдай алмаса тұрғын үй инспекциясы көмектесіп,оларға  басқарудың жаңа формасының көптеген артықшылығы туралы айтып береді. 

"Көппәтерлі тұрғын үй иелерінің менталитетін ақырындап өзгерту керек. Пәтері бар әрбір азамат кондоминиум нысанының ортақ мүлкіндегі үлестің қандай да бір бөлігі өзіне тиесілі екенін, сәйкесінше нысанның мүлкін күтіп ұстау шығындарының ауыртпалығын көтеретінін түсінуі қажет. Тұрғындар бірігіп, басқару формасы туралы ортақ пікірге келгенше, ақпараттық жұмыс жүргізіледі", – деді "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ Өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов.

"Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот" қағидаты ақшаны жұмсау мен қолданудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Пәтер иелері бірігіп, басқару формасын тіркейді. Есепшотқа жиналатын ақша өз үйлеріне ғана жұмсалады. Бақылау мен мониторинг тұрғындардың қолында болады.

"МИБ көп пәтерлі тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізу үшін жергілікті атқарушы органға жүгінуге құқылы. Кондоминиум нысаны тіркелмесе, техникалық тексеру жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Тұрғындар бұл үшін ақша төлемейді. Лифтіні жөндеу немесе ауыстыру үшін тұрғындар жергілікті атқарушы органнан қаржылай көмек сұрай алады. МИБ-тің шотында лифтіні ауыстыруға қаражат болмаса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен лифтіні ауыстыра алады. Бірақ, ақшаны қайтару керек", – деді Марғұлан Әбдікәрімов.


Оқи отырыңыз: Пәтер иелері кооперативі МИБ болып ауысады. Одан қарапайым тұрғынға не пайда?


Меншік иелері күрделі жөндеу жүргізу үшін де жергілікті атқарушы органға жүгіне алады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама және жөндеу жүргізеді. Міндетті түрде тұрғындар жиналысы өткізіліп, бастаманы көпшілік қолдауы керек.

Меншікті басқару нысанын құрудың барлық сұрақтар бойынша телеграм-ботқа және Suraqtar.kz платформасына жүгінуге болады.

Серіктестер жаңалықтары