Тікелей эфир

Жұмыс істейтін жандарға зейнетақы төлемеу керек: Светлана Жақыпованың бастамасы туралы сарапшылар пікірі қандай

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Экономист Әнуар Нұртазиннің айтуынша, 2037 жылға қарай Қазақстанның зейнетақы жүйесі толығымен құлдырауы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бірер апта бұрын жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлемеу туралы мәселенің қаралып жатқанын айтты. Министрдің бұл сөзі қоғамда дау туғызып, бірқатар азамат бұл ұсынысқа қарсылық білдірді. Депутат Айдос Сарым бұл өзгеріс енгізілсе, елдегі кадр жетіспеушілігі мәселесінің одан бетер ушығатынын айтады. Сондай-ақ ол "зейнеткерлер жастардың жұмыс орнын тартып алып отыр" деген сөзге еш негіз жоқ екенін алға тартты. Себебі көптеген жастар қазір шетелге шығуды мақсат тұтады. Ал Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов бұл идеяның конституцияға қарама-қайшы әрі әділетсіз екенін айтады. Ол мұны "мемлекеттік шығыс проблемасын әлсіз топтың арқасында шешу" деп атап, әділ шешім іздеуге шақырды. 

Белгілі экономист Әнуар Нұртазин жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді зейнетақыдан айыру мәселесінің неге қазір көтеріліп отырғанын түсіндіріп, дамыған елдерде бұл мәселенің қалай реттеліп жатқанына тоқталды. Маманның айтуынша, бұл өзгерістің ауылы алыс емес еді. 

"2037 жылға қарай Қазақстанның зейнетақы жүйесі толығымен банкротқа ұшырайды"

"Бұл өзгеріс бұдан ертерек енгізілуі мүмкін еді деп ойлаймын. Себебі республика бойынша бізде әлеуметтік міндеттемелер көлемі аса ауыр. Кейбір экономистер бізде бюджет дағдарысының болып жатқанын айтып жүр. Мен әзірге бұлай қатты айтқым келмесе де, Қазақстанның қаржылық-экономикалық секторындағы жағдай алаңдатарлық болып отыр. Сәйкесінше осы өзгеріс жылдам енгізілуі мүмкін. Өйткені бүгінгі таңда Қазақстанда зейнетақы нарығы жұмыс істемейді. Біздің есеп бойынша, 2037 жылға қарай Қазақстанның зейнетақы жүйесі толығымен банкротқа ұшырайды. Тіпті қазір қосымша салымдар енгізіліп жатқанына қарамастан, осылай болуы мүмкін. Болжаммен аталған өзгерістер алдағы екі жыл ішінде енгізіледі. Бұл "Министр неліктен дәл қазір осы тақырыпты көтеріп отыр?" деген сұрақтың жауабы", – деді Әнуар Нұртазин. 

Экономист зейнетақы жүйесін оңтайландыру туралы сөз болған кезде әрдайым зейнеткерлердің жағдайы нашарлай түсетінін айтады. Яғни оңтайландыру тікелей зейнетақы көлемінің қысқаруымен байланысты. 

"Біз зейнетақы жүйесіне қатысты кез келген оптимизация туралы айтқан кезде – бұл әрдайым зейнеткерлердің жағдайын нашарлатумен байланысты болады. Мәселе әрдайым "қаншалықты нашарлайды", "қай топтағылардың жағдайы нашарлайды" деген сауалдардың төңірегінде болады. Кейбір экономистер бізде әлеуметтік бағыттағы бюджет екенін айтады. Осы тұста барлығының көңіл-күйін түсіретін шығармын. Себебі келесі жылы әлеуметтік блокқа 5,3 триллион теңге салынып отыр. Бұл сол 6,1 триллион теңге қарызды төлеу үшін. 6,1 – түсімнің 40 пайызы. Яғни бұл бізде әлеуметтік бағыттағы бюджет емес, қарыздарды төлеуге бағытталған бюджет деген сөз. Осыған орай бюджеттегі қалған шығын бөліктері қысқара береді. Бюджеттен базалық зейнетақы беру мәселесіне келетін болсақ, жалпы бюджеттік нормалауға қатысты қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынып жатқан шаралар қаржы және экономика тұрғысынан паллиатив болып саналады – жүйелік емес, ұзақ уақытқа жалпы қаржы экономика секторындағы жағдайды жақсарта алмайды. Қалай десек те, бұл уақытша шешім", – деді экономист. 

"Бұл белгілі бір деңгейде мақұлданған жоба"

Маманның айтуынша, бұл жоба белгілі бір деңгейде мақұлданған. Ары қарай ол дамыған алыс-жақын шетелдерде бұл мәселенің қалай шешіліп отырғанына тоқталды. 

"Әрине, алда бұл шешім өзгеруі мүмкін екенін түсінуіміз керек. Себебі бұл дайын жоба емес, болжам жоба. Дегенмен болжам жоба болса да, белгілі бір деңгейде мақұлданған. Сәйкесінше бұл цифрлар ары қарай қайтадан есептеліп, оңтайландырылатын болады. Бұл үшін бір-екі жыл немесе одан да аз уақыт қажет болуы мүмкін. Барлығы келесі жылы бюджеттің кіріс бөлігінің қалай орындалатынымен байланысты. Мұндай проблема дамыған мемлекеттерде өте оңай шешіледі. Бірақ алдымен бұл жерде қандай дамыған мемлекеттер туралы сөз болып отырғанын түсініп алу қажет. Мысалы, Оңтүстік Корея үнемі дамудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Оның зейнетақы жүйесіне қарап белгілі бір шешімдер шығаруға болады. 60 жыл көлемінде АҚШ пен Жапонияның қолдауымен өсіп келе жатқанына қарамастан, Оңтүстік Корея өз зейнеткерлерін толығымен қамтамасыз ете алмайды. Яғни қариялардың басым бөлігі зейнетақыға шыққан соң далада қала жаздайды. Сәйкесінше біз әлеуметтік бағыттағы мемлекетпіз бе, жоқ па соны түсініп алуымыз керек. Әлеуметтік бағыттағы мемлекет болсақ, бірлескен зейнетақы жүйесіне оралуымыз керек. Зейнеткерлер базалық кіріс алып, өмірде жапа шекпеуі үшін зейнетақының жоғары және төмен шегі белгіленуі тиіс. Бұл қорғаныс пен билік мәселесі. Салыстырмалы түрде мұндай жүйе тарихи зейнетақымен қолдау институттары қалыптасқан скандинавиялық елдерде қарастырылған", – деп қосты Әнуар Нұртазин. 


Оқи отырыңыз: Зейнетақы төлемдерін 55 жастан бастап алуға болады. Ол үшін не істеу керек?


Мұнымен қатар экономист мемлекеттік зейнетақысы бар елдердегі жүйеге тоқталды. Осы тұста Қазақстанмен салыстыру үшін өмір сүру ұзақтығын ескеру қажеттігін айтады. 

"Дамыған мемлекеттерде public pensions деп аталатын мемлекеттік зейнетақы бар – бұл әлеуметтік қорғау пакеті. Жапония, Канада және АҚШ-та әлеуметтік зейнетақы қарияларға қаржылай базалық көмек ретінде ұсынылады. Мысалы, Жапонияда қария 67 жасқа толған кезде ұсынылады. Осы тұста Жапонияда әйелдердің орташа жасы 100 жыл екенін ескеруіміз керек. Ал бізде әйелдердің орташа жасы 70-тен сәл асса, ерлердікі 60-тан сәл асады. Яғни Жапонияда өмір сүру ұзақтығы бір жарым есе көп. Осындай ерекшеліктерді ескеріп, бізге зейнетке шығу жасын мүлдем көтеруге болмайды. Бұл бірлескен зейнетақы жүйесімен пара-пар. Төлем жұмыс өтіліне қарай үлестіріледі", – деп түсіндірді Әнуар Нұртазин. 

"Қызметіне қарамастан, барлығы тең зейнетақы алатын елдер бар"

Экономист, сондай-ақ, әмбебап зейнетақы жүйесі бар скандинавиялық мемлекеттерге тоқталды. Бірқатар елде қариялар жас кезінде қандай қызмет атқарғанына қарамастан, барлығы теңге зейнетақы алады. 

"Біз үшін әмбебап зейнетақы жүйесі қызық. Мысалы, Швеция, Норвегия секілді елдерде азаматтарға жұмыс өтілі мен мәртебесіне қарамастан, бірдей зейнетақы беріледі. Бәлкім дәрігерлер мен мұғалімдерге қарағанда прокурорлар мен судьялар мемлекетке көбірек пайда әкелетін шығар. Себебі олар режимді қолдап отырады. Алайда зейнетке шыққаннан кейін олардың барлығының зейнетақысы бірдей болады. Себебі зейнетақы базалық қажеттіліктерге қарай есептеледі – тұратын орын, тамақ, ем, демалыс және т.б. дегендей.  АҚШ, Канада секілді дамыған мемлекеттерде мемлекеттік кепілдік пен қосымша қаржылай сақтандыруы қарастырылған азаматтар өзі инвестиция жасайтын зейнетақы жүйесі бар. АҚШ-та кейбір азаматтардың табысы аса жоғары. Бұл посткеңестік мемлекеттер үшін үлгі. Себебі қазір АҚШ-тың қор нарығы 62 трлн долларды құрайды. Кейбір капиталистік мемлекеттерде, бірінші кезекте Еуропа елдерінде зейнетақыдан бөлек медицина саласында қолдау жүйесі бар – Денсаулық сақтау министрлігі субсидиялайтын health care benefits. Англиядай мұндай көмек түрі NHS, АҚШ-та Medicare, Канадада universal health care program деп аталады. Олардың барлығы 60-65 жастағы зейнеткерлерге медициналық қаржылай көмек көрсетеді", – деді Әнуар Нұртазин. 

Экономист бірқатар дамыған мемлекетте жесір қалған немесе жалғызбасты зейнеткерлерге коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектесетін төлем түрі барын айтады. 

"Мысалы, ерлі-зайыптының біреуі қайтыс болды немесе адам өмір бойы отбасын құрмады делік. Мұндайда үйдің ақысын өтеу, коммуналдық төлемдер жасау қиын болуы мүмкін. Осы тұста шығыстың бір бөлігін өтеуге көмектесетін төлем түрі бар. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі саяхатты субсидиялайтын төлем түрі бар. Мысалы, Еуропа, Жапония елдерінде күйзеліске түсіретін жағдайлар аз болғандықтан, 67-70 жастағы зейнеткерлердің денсаулығы өте жақсы болады. Оларға осылай саяхаттау тиімді. Бұл Қазақстан ішінде Сарыағашқа барып демалу деген секілді жағдай. Тағы бір айта кететін жайт – Францияда зейнет жасын көтеру туралы әңгіме қозғалған болатын. Елде көтеріліс болып, осы бастаманы көтерген президент мерзімінен бұрын зейнетке кетуге мәжбүр болды", – деді Әнуар Нұртазин. 


Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері Қазақстан азаматтарына қанша зейнетақы төленді


Қаржы кеңесшісі Лес Оспанова зейнеткерлердің кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге көп көмек тигізіп отырғанын алға тартты. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматы ретінде еңбектеніп, салық төлеп келген азаматтардың зейнетақы алуға құқылы екенін баса айтты. 

"Бұл өзгеріске түбегейлі қарсымын! Себебі орташа есеппен 40 жыл еңбек етіп, салық төлеп келе жатқан азаматтар зейнетақы алуға құқылы. "Зейнеткерлер жастардың жұмыс орнын тартып алып отыр" деген сөз бекер. Себебі жұмыс ұсынатын сайттан өзіңіз қалаған жұмысты таба аласыз. Қазір керісінше шағын бизнесте жұмыс орны көп ашылып жатқандықтан, білікті мамандар жетіспейді. Өзгерісті білікті мамандар даярлаудан бастау қажет. Қалай десек те, маңдай терімен күн көріп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төлемеу дұрыс емес", – деп қарсылығын жеткізді Лес Оспанова.

6 жыл зейнетақы төлеу орталығында жұмыс атқарып, қазіргі уақытта жеке практикамен айналысып, соңғы 3 жылда зейнетақы бойынша кеңес беріп жүрген Сәбит Қадыров бұл өзгерістің тиімді және тиімсіз тұстарына тоқталды. 

"Соңғы естіген жаңалық, яғни "Енді зейнетке шықса да жұмысынан айырылғысы келмейтін қазақстандықтарға зейнетақы төленбеуі мүмкін" деген жағдай бойынша айтарым. Бірінші тиімді жағын айтатын болсам, бұл кім 200 мың теңгеден жоғары айлық алады соларға тиімді. Себебі Қазақтанда мемлекеттен төленетін ең жоғарғы зейнетақы сомасы 200 мың теңге шамасында болады. Әрине бұл 300-400 мың жалақы алатын адамғы тиімсіз. Өйткені зейнетке шығатын болса табысы азайып, атындағы кредит, ипотекасына жетпей қалуы мүмкін. Сол себепті зейнетақыдан бас тартып, табысын сақтай отыра өз міндеттемелерін орындай алады. Сонымен қатар зейнетақы жасына жеткен уақытта бұл кісілерден әлеуметтік аударымдар ұсталынбайды, тек жеке табыс салығы ғана ұсаталынады. Сол себепті табысы тағыда артар еді. Ал кімге тиімсіз, әрине бұл жоғарыда айтқандай 200 мың теңгеден кем жалақы алатын, атында кредит, ипотекасы бар адамдарға тиімсіз. Себебі зейнетке шыға отыра әрі қарай банк алдындағы міндеттемелерін орындау үшін жалақысын сақтай отырып, зейнетақы қосымша табыс көзі ретінде көмек болар еді", – деді Сәбит Қадыров. 

Әлеуметтік заңгер сонымен қатар бұл өзгерістің көлеңкелі экономиканы арттыратынын айтады. Себебі зейнетке шыққан адам әрі қарай жұмыс істегісі келсе, келісім шартсыз қолма-қол жалақыға ауысады. Ал бұл азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің сақталуына кепілдік бермейді.

"Тағы да бір тиімсіз жақтарының бірі, бұл жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуы қиындайды. Айта келе, біздің мақсат зейнет жасына жеткен кісілердің зейнетақысын қысқарту емес, ол кісілердің тәжірибесі мен білімін алып, келесі ұрпаққа құнды болатыны туралы ойлануымыз қажет. Сол себепті өз ойым аталған ұсыныс тек сол талқылау сатысында қалып, заң жобасында қаралуға жетпеу қажет деп ойлаймын", – деп қосты маман. 

Серіктестер жаңалықтары