Тікелей эфир

Орталық Азия жаңа білім беру хабына қалай айнала алады? Сарапшылар пікірі

Мамандардың айтуынша, 2030 жылы сұранысқа ие болатын жұмыс орындарының 85%-ы әлі пайда болмады.

Алматыда AlmaU университетінде Central Asia+ Rector's Club бейресми бірлестігі өз жұмысын бастады. Ректорлардың "Бас қосу" отырысына Орталық Азия, Түркия, Армения, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия секілді елдердің жоғары білім беру саласындағы университет көшбасшылары мен сарапшылары қатысты.

"Әр елдің тәжірибесіне зер салып, қазіргі міндеттерге сай келетін клуб құрғымыз келді. Қазір әлемнің назары Орталық Азия мемлекеттеріне түскені жасырын емес. Украинадағы жағдайдан кейін ахуал толығымен өзгерді. Орталық Азияның әлемде айтарлықтай орны бар. Десе де аймақтағы жоғары білім саласы туралы ақпарат өте аз. Америкалық, қытайлық білім беру моделі туралы жақсы білеміз де, біздегі білім саласы туралы өзіміз де дұрыс білмейміз. Сондықтан қазір бас біріктіріп, жағдайды өзгертуіміз керек", – деді Алматы Менеджмент университетінің ректоры Гүлнар Күренкеева.

Оның сөзінше, 77 миллион адам тұратын Орталық Азияның әр елінің жоғары білім саласын дамытуда өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Қырғызстан қазір шетелдік студенттер саны жағынан көш бастап тұр. Өзбекстанда жоғары білім беру нарығы қарқынды өсіп жатыр. Қазақстанда жеке білім беру саласы аяққа тұрды. Ал Тәжікстан үнді және пәкістандық студенттер үшін тартымды болып отыр.

AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева / Фото: AlmaU

Клуб бес елмен шектелмейді, ауқымы кеңейеді. Клубқа түркі елдері, Шығыс Азия мен Кавказ өңірі қосылады. AlmaU ректоры мүмкіндіктері мен мәселелері ұқсас университет көшбасшылары бас қосатынын айтты.

"Аймақта қордаланған мәселе көп. Орталық Азия жаңа білім беру хабына айнала алады. Осы хабта жоғары білім саласындағы мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын, жаңа идеяларды ұсынамыз. Нарық жылдам дамып жатыр. Орталық Азия университеттеріне сұраныс жоғары. Сол себепті оқу мазмұны, форматы мен, әдіснамасы, қаржыландыру механизмі тұрғысынан ұсыныстар әзірлеуіміз керек. Әрине, біз әлі кеңес жүйесінің ықпалынан шыға алмай жатырмыз. Мемлекет бақылауының да ықпалы зор. Халықаралық сарапшылар Қазақстанда жоғары білім беру саласы дұрыс қаржыландырылмайтынын айтады. Кампустар мен жатақханалар артта қалып жатыр. Инновациялық жобалар арқылы шешімін табуға болады", – деді Гүлнар Күренкеева.

Фото: AlmaU

Оқи отырыңыз: Ғылым министрі: Қазақстанда жоғары білім еңбек нарығының сұранысына жауап бермейді


Клуб отырысы жылына екі рет жаңа елде өтіп тұрады. Талқылаулар анонимді түрде өтеді. Дәрістерге жоғары білім саласындағы әлемдік сарапшылар шақырылады.

"Орталық Азия+ ректорлар клубына Әзербайжан, Грузия, Түркия секілді елдердің ректорлары да қосылады. Тәжірибесі мол, автономды, дербес оқу орындарының ректорлары бірге дамығысы келеді. Біз бір-бірімізбен бәсекелеспейміз. Инновациялық дүниелерді еркін алмаса аламыз. Жоғары білім нарығы қарқынды дамып жатқан Өзбекстан алға шығуы мүмкін. Біз Алаш Орда қайраткерлері жүз жыл бұрын жазып қалдырған адамзатқа ортақ идеялары туралы ағылшын тілінде кітап шығарғымыз келеді. Біз әлемге мәдениет пен көзқарастар біріккен Орталық Азия алаңы бар екенін көрсетуді қалаймыз. Central Asia+ Rector's Club ректорлардың ғана емес, ойшылдар мен студенттердің бірлестігіне айналады", – деді AlmaU президенті Асылбек Кожахметов. 

AlmaU президенті Асылбек Кожахметов / Фото: AlmaU

Бас қосуға Minerva Project негізін қалаушысы Бен Нельсон, CEEMAN президенті Даница Пург, Назарбаев Университетінің оқу ісі жөніндегі вице-провосты Лоретта О'Доннелл секілді тұлғалар қатысты.

"Орталық Азия елдері Central Asia+ Rector's Club-тың қатарына қосылды. Бастамасы жаман емес. Бүгінгі бас қосуда жоғары білім беру саласындағы университет көшбасшылары мен сарапшылары тәжірибе алмасып, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Біздің басты мақсатымыз – білім саласындағы инновацияны дамыту әрі университет ректорларының біліктілігін арттыру. Central Asia+ Rector's Club жаңа білім беру хабы бола алады деп сенемін", – деді Minerva Project төрағасы және бас директоры, Minerva University құрметті профессоры Бен Нельсон.

Minerva University құрметті профессоры Бен Нельсон / Фото: AlmaU

Оқи отырыңыз: 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттер қанша теңге стипендия алады? Жаңа нұсқа


"Бас қосу" отырысында EdCrunch конференциясының бағдарламалық директоры Нұрлан Қиясов университеттердің әлемдегі және аймақтағы жаңа рөлі тақырыбында сөз сөйледі. Ол оқу орындарының алдында тұрған сынақтар мен мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше, 2030 жылы сұранысқа ие болатын жұмыс орындарының 85%-ы әлі пайда болған жоқ. Ал студенттердің 98%-ы үшін ең маңыздысы – жұмыс табу.

"Университет түлектерін жасанды интеллект алмастырмас үшін оларға дата, техникалық және адами сауатты үйрету қажет. Қазір университеттер осы дағдыларды үйрету үшін арнайы бағдарламалар ашып, онлайн курстар өткізіп жатыр. Жер бетінде халық саны өсіп жатқандықтан алдымызда үлкен сынақтар тұр. 2010 жылы әлемде 160 млн студент болса, 2040 жылға қарай 600 млн студентке жетеді. Бұл студенттер кампуста оқымайды, жатақханада тұрмайды, кітапханаға бармайды, олар жоғары білімді басқаша алады. Осыншама студентке жоғары білім беру үшін қазірден апта сайын бір университет ашу керек. Біз қаласақ та, қаламасақ та жағдай осы. Орталық Азия геосаяси жағдайларға байланысты сынақтар мен мүмкіндіктерді пайдала отырып, шетелдік студенттер көптеп келетін аймаққа айналуы мүмкін", – деді EdCrunch конференциясының бағдарламалық директоры Нұрлан Қиясов.  

Central Asia+ Rector's Club бас қосуы аясында AlmaU-да жаңа мектептің тұсауы кесілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары