Тікелей эфир

Абьюзер деген кім және одан қалай қорғанамыз? Психологпен әңгіме

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Жыл сайын құрбандардың 70-90 пайызы полиция көмегіне жүгінбейді.

Статистика бойынша әлемде әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылықты бастан кешіреді. Қазақстанда 2022 жылдың алғашқы 9 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық себебінен 93 әйел, ал 2023 жылдың басынан бері кемінде 18 әйел көз жұмды. 

Сондай-ақ, құқық қорғау органдары академиясының мәліметіне сәйкес, құрбандардың 70-90 пайызы полиция көмегіне жүгінбейді. Осы орайда педагогика және психология ғылымдарының магистрі, практик психолог Жайнагүл Маденова зорлық-зомбылықтың отбасылық жанжалдан айырмашылығы, қоғамда қалыптасқан стереотиптер, виктимблейминг және жақындарымызға қол ұшын созу туралы сөз қозғады. 

– Психология тұрғысынан зорлық-зомбылық қалай сипатталады?

– Бұл – бір адамның екінші адамды үнемі басып тастауға тырысуы. Құрбанға өзінің қалағанын жасатып, оның өзіне берер бағасын төмендетуі. Отбасылық жанжалда белгілі бір себеп болады, ал зорлық-зомбылықтың неден басталатынын түсіну қиын. Құрбан өзінің не үшін таяқ жейтінін білмейді, бірақ өзін кінәлі сезінеді. 

– Неге Қазақстанда әйелдердің басым бөлігі отбасындағы зорлық-зомбылыққа көніп жүре береді?

– Біріншіден, жақындары мен қоғамның абьюзерден өзін толық қорғайтынына сенбейді. Екіншіден, сын мен виктимблеймингтен қорқады. Расымен де, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа келгенде заң әлсіз. Енді-енді ғана реттеліп келеді. Ал қоғамға келетін болсақ, "түймедейді түйедей еттің", "ішсе де, шексе де, бір ер адамның етегінен ұста", "қандай болса да, ол балаңның әкесі, бәріне көнуің керек" деген стереотиптер бар. Бұдан өзге "Тұрмысқа шығарда қатыгез екенін білмедің бе?", "Барлығына өзің кінәлісің, ашуландыратын бірнәрсе жасағансың ғой" деген виктимблейминг бар – яғни кінәнің барлығын зиян шеккен адамға аудару.

Абьюзердің қолында билік пен ақша болса, әйел адам жақындарының әлсіз екенін жақсы түсінеді. Туыстарына зиян тигізіп алмау үшін үндемей жүре беруі мүмкін. 

– Ер адамның қатыгездігін қыз-жігіт болып жүргенде байқау мүмкін бе?

– Зорлық-зомбылықтың төрт түрі болады: физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық. Біз қазір физикалық зорлық-зомбылық туралы сөз қозғап отырмыз. Ал зорлықтың бұл түрі бір күнде басталмайды. Бастапқыда керемет романтикалық әрекеттер жасайды, сыйлықтар береді, жылы сөздер айтады. Уақыт өте келе "Біздің бір-бірімізді сүйетініміз соншалық, бізге ешкімнің де қажеті жоқ" деген сөздер айтылады. Осылайша әйел адам психологиялық қақпанға түседі. 

– Ал бұл қақпанға түспеу үшін не істеу керек?

– Құлаққа жауыр болса да, барлығы өзіңді сүюден басталады. Өзін сүйетін адам құрметсіздік көрсетілген жерде қалмайды. Сондай-ақ ерлі-зайыпты шаңырақ көтерген соң әрқайсысының жеке өмірінің болуы маңызды. Ол араласатын достар, хоббиден басталып, қаржылық тәуелсіздікке дейін ұласады. Мысалы, Англияда әрбір әйелдің міндетті түрде банкте жеке шоты болады. Егер шоты жоқ болса, әлеуметтанушы мамандар дабыл қаға бастайды. Бұл отбасындағы теңсіздіктің көрінісі іспеттес. Үшіншіден, қорғаныш механизмінен арылуға тырысу. Ми үнемі қорқып немесе мазасызданып тұра алмайды. Өмірдегі ауыр травмаларды бір түкпіріне жасырып, жалған позитивпен өмір сүруге мәжбүрлейді.

Ел алдында жарқырап, әзілдесіп немесе өзін мықты қорғай алатындай көрінген әйелдердің зорлық-зомбылық құрбаны болғанын естігенде таңғалып жатамыз. Шын мәнінде бұл ұят, қорқыныш секілді сезімдермен бүркемеленген қорғаныш механизмі. Маман болсам да, міндетті түрде психологқа жүгіну қажет деп айтпаймын. Емі әртүрлі. 


Оқи отырыңыз: Әйелін соққыға жыққан адамға қылмыстық іс қозғала ма?


– Абьюзерлердің өзі психологиялық көмек сұрап келетін кездер бола ма?

– Осы тұста ер адамдардың да көбінесе психологиялық зорлық-зомбылық құрбаны болатынын айта кеткеніміз жөн. Олар да зиян шегіп, артық кетіп қалмайын деп ажырасып жатады. Ал абьюзерлерге келетін болсақ, сирек болса да, келетіндер бар. Екі себеппен келеді – психологқа бару міндеттелгендіктен және өзін өзгерткісі келгендіктен. Адам өз еркімен келмесе, біз ешқашан көмектесе алмаймыз. Сол себепті біріншілерімен жұмыс істемеймін.

Ал егер шынайы өзгерісті қалап келсе, қуана көмектесемін. Бір рет қол көтерген ер адам екінші рет қол көтермеуі мүмкін. Бірақ әйел адамның көнетінін көргенде үшінші рет міндетті түрде қайталайды. 

– Қазір әлеуметтік желіде абьюзерлерге қатаң жаза қолдану, яғни соттау, әрекетін қылмыс ретінде қарастыру туралы пікірталас болып жатыр. Сіз бұған не дейсіз?

Абьюзерлер – шын мәнінде психологиялық тұрғыдан өте әлсіз адамдар. Дәлірек айтсақ әке-шешенің қатыгез тәрбиесінің, көрсеткен отбасы моделінің құрбаны. Адам қаншалықты қатыгез болса, соншалықты қорқақ деген сөз. Заңды қатаңдату сөзсіз зорлық-зомбылықты азайтуға көмектеседі. Абьюзер де адамның санасына кіріп-шықпайтын әрекеттердің құрбаны деп қорғауға болады. Бірақ ішкі жарамыз бөлек дүние, бала күнінде травмасы бар екен деп адам өлтіргізіп қарап отыра алмаймыз. Яғни бағдаршам секілді реттеп отыратын заң керек, онсыз болмайды.

Екінші жағынан мақсатымыз түрмені толтыру емес, осы үздіксіз циклды бұзу болуы қажет. Бала отбасында қатыгездік көреді, оны өзі құрған отбасына алып келеді, кейін бұл түрмеде ұласады емес, жанын емдейтін шараларды көбейту. Отбасыны сақтау мүмкін емес шығар, дегенмен қоғамға саналы азаматты қосамыз. 


Оқи отырыңыз: "Ұсақ бұзақылық". Тойда қалыңдығын ұрған өзбекстандық күйеу жігіт 15 тәулікке қамалады


– Зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген жақындарымызға қалай көмектесеміз?

– Қатыгездіктің емі – оған төзбейтін қоғам қалыптастыру. Біздің қоғамда табу болған бірнеше тақырып бар. Соның бірі – осы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Иә, айту өте ұят, тіпті, өзіңнен жасырған дүниелерді сыртқа шығаруыңа тура келеді. Мұнсыз болмайды, "Ауруын жасырған адам өледі" деп бекер айтылмаған. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық. Жуырда бір танымал актер шылымды жерге тастағаны үшін айыппұл арқалады, әлеуметтік желіде миллиондаған жағымсыз пікір жазылды. Журналистер телехикаяның тұсаукесерінде үш рет бетіне басып, кешірім сұратты. Ақырында өте мықты тақырыпты қозғаған телехикаяның рейтингі төмендеді. Осыдан кейін актерді түсірілімге шақыратындар да азаятыны сөзсіз. Яғни, қоғам әп-сәтте барлығын орнына келтірді.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяның әр көшесіне камера орнатылған, қылмыс жасаған адам туралы жаңалықтарда бірнеше апта бойы айтылады, түрін де көрсетеді. Біз де "Ең бастысы маған тиісіп жатқан жоқ" деп теріс айналмауымыз керек. Тікелей бір оқиғаны бөліспесек те, барлығымыз жанама түрде атсалыса аламыз. Әлеуметтік желідегі флешмобқа қосылыңыз, заңгер ретінде көмек беріңіз, мақала жазыңыз және т.б. Қол ұшын созамын деген адамға жол көп. Ал егер жақыныңыз зорлық-зомбылық құрбаны болса, жеке алып шығып жағдайы туралы сұраңыз. Көмектесуге әзір екеніңізді жеткізіңіз. 

Серіктестер жаңалықтары