Тікелей эфир

Тұңғышбай Жаманқұлов, Макс Боқай, Динара Егеубаева. Мәжіліс депутаты болуға кімдер өзін-өзі ұсынды?

Фото: informburo.kz
Фото: informburo.kz
Мәжіліске бір мандатты округтерден 29 депутат сайланады.

19 наурызда Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – Қазақстан азаматтары өзін-өзі ұсыну арқылы бір мандатты округтерден сайлауға түсе алады. Олар төменгі палатасының 30 пайызы – 29 орынға таласады. Кеше, 8 ақпан күні үміткерлерден өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына 7 партиядан бөлек, республиканың өңірлерінен де ел азаматтары сайлауға қатысуға өз құжаттарын өткізді.

Өкінішке қарай, біз Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен олардың толық тізімін ала алмадық. Соған орай, өңір әкімдіктерінің ресми сайттарын қарап, Мәжіліс сайлауына қатысуға өтініш білдірген азаматтарға шолу жасадық. 

Ескерту: Төмендегі шолуда Мәжіліс сайлауына қатысуға құжат өткізгендер ішінен қоғамда есімі белгілі тұлғаларды іріктеп беріп отырмыз. 

Марат Жыланбаев

Марат Жыланбаев – 1963 жылы туған алыс қашықтыққа жүгіретін спортшы, жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

"Гиннестің рекордтар кітабына" жеті рет енген. Негізгі мамандығы – суретші.

Ол сайлауға Астана қаласының №1 сайлау округі бойынша құжат өткізген.


Арман Шораев

Арман Шораев 1970 жылы туған. Қоғам белсендісі, "Avrora Garden Group" ЖШС бас директордың кеңесшісі.

Бұған дейін "Хабар" агенттігі" АҚ Орталық бюросының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің қоғамдық-саяси бөлімінің бас инспекторы, "Коммерциялық телеарна" АҚ бас директоры, ҚР президентінің жанындағы БАҚ (ақпараттық саясат) жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі болған.

Ол Астана қаласының №2 сайлау округі бойынша құжат өткізген.


Макс Боқай

Макс Боқай 1973 жылы дүниеге келген.

Ол 2016 жылғы "жер митингілері" кезінде белсенділігімен көзге түскен еді. Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырғаны үшін Атырау соты оны бес жылға бас бостандығынан айырған. 2021 жылы ол бостандыққа шықты, қазіргі уақытта жұмыссыз. 

Макс Боқай Мәжіліс депутаттығына Атырау облысы бірмандаттық аумақтық №13 сайлау округі бойынша құжат өткізген.  

Ирак Елекеев 1947 жылы туған. Қазір зейнеткер.

Парламент мәжілісінің бірінші, төртінші шақырылымдарының депутаты болған.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ол Атырау облысы бірмандаттық аумақтық №13 сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсынған.


Тұңғышбай Жаманқұлов

Тұңғышбай Жаманқұлов – актер, режиссер, театр педагогы. 1948 жылы туған.  

Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парасат және Достық ордендерінің иегері.

Қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істейді. 

Ол сайлауға Алматы қаласы №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша құжат өткізген.


Абзал Құспан

Абзал Құспан – заңгер, қоғам қайраткері, Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының адвокаты. 1978 жылы дүниеге келген.

Қаңтар оқиғасы бойынша құрылған "Аманат" қоғамдық комиссиясының төрағасы.

"Құрмет" орденінің иегері. 

Абзал Құспан сайлауға Батыс Қазақстан облысының №14 сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсынған.

Өмір Шыныбекұлы – педагог, Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі, қоғам қайраткері. 1962 жылы дүниеге келген.

Қазір Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.

Ол Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде Шымкент қаласындағы №7 сайлау округіне құжат тапсырған


Инга Иманбай

Инга Иманбай – журналист, заңгер, азаматтық белсенді, тіркелмеген демократиялық партия жетекшісі. 1989 жылы өмірге келген.

Инга Иманбай парламенттік сайлауға Алматы қаласының №3 сайлау округі бойынша құжат өткізген.


Ермұрат Бапи

Ермұрат Бапи – саясаткер, қоғам белсендісі оппозициялық "DAT" газетінің редакторы. 1959 жылы дүниеге келген.

Ол Алматы қаласының №3 сайлау округі бойынша өзін-өзі Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде ұсынған.

Халида Әжіғұлова 1986 жылы дүниеге келген.

Ғалым, заңгер-әлеуметтанушы, заң ғылымдарының докторы (PhD), қауымдасқан Еуразия технологиялық университетінің құқық профессоры, Алматы қаласы бойынша балалар омбудсмені. 

Ол сайлауға қатысуға Алматы қаласының №4 сайлау округі бойынша құжат өткізген.


Санжар Боқаев

Санжар Боқаев – кәсіпкер, саясаттанушы. 1982 жылы дүниеге келген. 

Әр жылдары Алматы қаласы ішкі саясаты басқармасы, жастар саясаты басқармасына жетекшілік еткен. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. "Нұр Отан" партиясы Алматы филиалы төрағасының орынбасары болған.

"ҚазТрансГаз" компананиясы экс-басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың, сенат спикері болып тұрғанда Дариға Назарбаеваның кеңесшісі болған.

Ол парламент сайлауына үміткер ретінде Алматы қаласының №4 сайлау округі бойынша құжат өткізген


Тоғжан Қожалы

Тоғжан Қожалы – "ХАҚ" қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры.

1972 жылы дүниеге келген.

Ол Парламент мәжілісінің депутатының үміткер ретінде Алматы қаласы №4 сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсынған.

Динара Егеубаева – журналист. Отандық "Хабар", "31 арна" және «КТК» телеарналарында жұмыс істеген. Қаңтар оқиғасы туралы жазып жүрген зерттеуші журналистердің бірі. 

Ол 1969 жылы өмірге келген.

Алматы қаласының №5 сайлау округі бойынша сайлауға қатысуға құжат өткізген. Ол бірінші болып Парламент мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сәйкестігі туралы хаттама алған. 


Әсет Матаев

Әсет Матаев – KazTAG халықаралық ақпараттық агенттігінің жетекшісі. 1985 жылы дүниеге келген. 

2016 жылы әкесі Сейітқазы Матаев екеуіне аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп айып тағылып, сотталған еді. Алайда 2019 жылы ҚР Жоғарғы Соты Астана қаласы сотының оларға қатысты 2016 жылғы 9 желтоқсанда шығарған үкімінің күшін жойды.

Әсет Матаев Алматыдағы №5 бір мандатты округ бойынша ҚР Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына өз кандидатурасын ұсынған.


Мұхтар Тайжан

Мұхтар Тайжан – қоғам белсендісі, экономист, саясаткер, "Болатхан Тайжан атындағы қордың" президенті, кәсіпкер. 1973 жылы дүниеге келген.

2016 жылы Мәжіліс жанынан жер мәселесі жөнінде құрылған комиссия мүшесі болған.

Ол Мәжіліс сайлауына түсуге үміткер ретінде Алматы қаласы №5 сайлау округінде құжат өткізген.


Мэлс Елеусізов

Мэлс Елеусізов – "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы. 1950 жылы дүниеге келген. 

ҚР Жоғарғы кеңесінің он екі және он үшінші шақырылымына, Мәжілістің бірінші, екінші және үшінші, төртінші шақырылым депутаттығына, 2005 және 2011 жылдары ҚР президенттігіне үміткер болған.

Ол Мәжіліс сайлауына үмітер ретінде Алматы қаласы №5 сайлау округі бойынша құжат тапсырған.


 

Серіктестер жаңалықтары