Қазақстанда такси қызметіне жүгінетіндер көп. Мобильді такси қосымшалары пайда болғалы жолаушылар тасымалдап ақша тауып жүргендер қатары көбейді. Дегенмен такси қызметін мемлекет толық реттей алмайды. Олай болса, жолаушы мен жүргізушінің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Информбюро осы сұраққа жауап іздеді.
Такси неге қауіпті?
Күн сайын жүргізушілер мен жолаушылар таксиде келе жатып өміріне қауіп төндіреді. Себебі, жүргізушінің қандай екенін, ал көлікке кімнің отыратынын алдын ала ешкім білмейді. Жүргізушіге қарағанда жолаушылар өзін қауіпсіз сезінбейді. Екеуара сөзге келіп қалса, жолаушыны оп-оңай көліктен түсіріп кетуі мүмкін. Бұл қатарға межелі жерге дейін жеткізіп тастамау, телефонмен сөйлесу, видео қарау, салонда бөгде адамның болуы, қорқытып-үркітуді, жеке басқа өтіп қорлауды қосыңыз. Жүргізушілерді бопсалайтын жолаушылар да жоқ емес.
Таксиге мініп, келеңсіз жағдайға тап болған жолаушылардың оқиғасы туралы таныстарыңыздан не жаңалықтардан естіген боларсыз. Әсіресе әйелдер жүргізушілердің басым бөлігі ер адам болғандықтан көлікте өзін қауіпсіз сезінбейді. Жанында ешкім болмаса көлік нөмірін түсіріп, жақындарына ескертетіні де сондықтан.
Қазақстанда 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жолаушылар жүргізушілердің үстінен шамамен жеті есе жиі шағымданған, яғни шағымдардың 88 пайызы жолаушылардан келіп түскен. Алайда әр бесінші шағым (20%) расталмаған. Ал жүргізушілер жолаушыларға қатысты аз шағымданды, бірақ көп жағдайда олар расталып жатады.
Такси қызметін кім қадағалайды?
Елімізде такси "Автомобиль көлігі туралы" заңмен және Жолаушыларды және жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерімен реттеледі. Бірақ жүргізушілерге қойылатын нақты талап жоқ. Мұны әдетте жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар, агрегаторлар қадағалайды.
"Әдетте жүргізуші мен жолаушы бір-бірімен байланыс орнатқанда келіспей қалады. Мысалы, жолаушы үйден кеш шығады не жүргізуші басқа жерге тоқтайды. Сөзден сөз шығып, арты жанжалға ұласады. Шағымның басым бөлігі жолаушы мен жүргізуші арасындағы қақтығыс пен келіспеушіліктен туындайды. Бұл біздің сервиске ғана емес, барлығына тән", – деді inDrive қауіпсіздік директоры Сабина Мамедова.
Оның айтуынша, көп мәселе полициясыз шешіледі, өйткені жүргізуші де, жолаушы да мұндай сервистердің құқық қорғау органдарымен ынтымақтасатынын әрі жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкін емес екенін біледі. Жүргізуші агрегаторға тіркелгенде аты-жөнін, телефон нөмірін, жүргізуші куәлігінің нөмірін, көлік құралын тіркеу туралы куәліктің деректерін және төлқұжат деректерін береді.
Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін тексеру шаралары агрегатор, таксопарк, мемлекет тарапынан әртүрлі. Мысалы, тиісті өкілеттігі бар таксопарктер көліктің жағдайын тексереді. Мемлекеттік органдар жыл сайын әрбір көліктің техникалық жай-күйін тексеріп отырады. Оған қоса жүргізуші куәлігі сынақтан өткендерге ғана беріледі.
"Агрегаторға тіркелген барлық қолданушы тіркеу процедурасынан өткенде кейбір деректерін, соның ішінде телефон нөмірін береді. Яғни, құқық қорғау органдары бұл деректерді ресми сұрау салу арқылы ала алады. Ал біз әрдайым жүргізуші куәлігі мен көлік құжаттарын тексереміз. Таксопарктер де солай тексереді. Оған қоса жүргізушілер өздерінің аккаунты мен тіркелген көлік құралын пайдалануды растау үшін тұрақты түрде фотомониторингтен өтіп тұрады", – деді Сабина Мамедова.
Айтуынша, жолаушылардан келіп түскен шағымдар, пікірлер мен рейтингтер жүйесі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етеді. Шағымдар расталса жүргізушінің аккаунты бұғатталып, қайта тіркелуге рұқсат бермеу үшін тіпті пайдаланатын смартфоны бұғатталады.
"Әркім өз мәселесін өзі шешеді"
Агрегаторларға жүгінгісі келмеген соң таксопарктерге тіркелмей жолаушыларды тасымалдайтын жүргізушілер өте көп. Адамдар асыққанда не арзан бағаға келісу үшін таксиді жолдан ұстай салады. Ал бұл жолаушы үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі көлік жүргізіп келе жатқан адам туралы мүлдем білмейсіз, ол ешқайда тіркелмеген, яғни бұл қызметпен заңсыз айналысып жүр.
Қазақстан такси қызметі республикалық қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов нарықта реттелмейтін такси саласында қауіпсіздіктің аздығы, құбылмалы баға, нашар қызмет көрсету, әділетсіз бәсекелестік, жүргізушілер мен жолаушылардың құқықтарының бұзылуы, такси көліктерінің ескі болуы секілді көптеген мәселе бар екені атап өтті.
"Қазақстанда такси қызметін ұйымдастыру тікелей әкімдіктердің құзырында болғанымен, бұл сала мемлекет тарапынан реттелмейді. Сол себепті 90 пайызы көлеңкелі секторда қалып отыр. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келгенде өзекті мәселе болып отыр. Көлік салонында жүргізуші мен жолаушының арасын бөліп қоюды ешкім қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырмайды. Қазіргі таңда жүргізушілердің, жолаушылардың, такси компанияларының құқықтарын ешкім қамтамасыз етпейді. Әркім алдау, қорлау, нашар қызмет көрсету, алаяқтық секілді туындаған қиындықты өзі шешеді. Сондықтан бір мәселеге тап болса әркім өзі шешуге мәжбүр", – деді Медет Құрманов.
Оның сөзінше, жолаушылар тасымалымен айналысу үшін жеке кәсіпкер немесе ЖШС ашу қажет дейді. Жергілікті атқарушы органдарға қызметі туралы хабарлама жібергеннен кейін жүргізуші тасымалдаушыға, көлікке және жүргізушіге қатысты көлік заңнамасын сақтауға міндетті.
Жүргізуші болу үшін үйден шықпай-ақ 20 минутта қосымшаға тіркелуге болады. Олай болса жүргізушілер мен жолаушылар түрлі қатерлерден сақтандырылады деп айту қиын. Сондықтан қауіптің алдын алу агрегаторлар қойған ережелерге тәуелді болып отыр.
Мемлекет тарапынан реттеле бермейтін такси қызметін реттеу күрделі болып отыр. Агрегаторлар такси жүргізушілерін өздері іріктемейді, оларды заңды жұмыс істеп жатқан таксопарктер тіркейді әрі тексереді.
Таксидегі харассментпен күрес
Жүргізуші таксиге мінген жолаушыны сөзге тартып, әртүрлі сұрақ қойып жатады. Олардың көбі мұны адамның жеке шекарасын бұзу екенін біле бермейді. Осы орайда қаладағы әйелдердің қауіпсіздігі тақырыбын зерттеп жүрген Айдана Тілеукен таксидегі харассментпен күресуге бағытталған TaxiHAQ жобасын жасады.
"АҚШ елшілігінің түлектер менторлық бағдарламасына қатысқанда таксистерге анти-харассмент тренинг өткіземін деп ойладым. Бағдарлама қысқа болған соң менторым Айгерім Құсайынқызы әлеуметтік желілерде кішкентай шағын курс өткізейік деді. Инстаграм және Тикток платформаларында шағын анти-харассмент курс жасадық. Мен үшін қыздардың қауіпсіздігі мәселесі өте маңызды, өйткені бұл барлық жастағы және барлық әлеуметтік топтағы қыздардың қаладағы түрлі шараларға қатысуына, қаланың мәдени және экономикалық дамуына тікелей әсер етеді", – деді Айдана Тілеукен.
View this post on Instagram
Жоба авторы такси жүргізушілері жиі қоятын орынсыз сұрақтар туралы сауалнама жүргізген. Қыздар жиі еститін сұрақтар: Тұрмыс құрғансыз ба не жігітіңіз бар ма? Жасыңыз нешеде? Қай жерде тұрасыз? Нөміріңізді бересіз бе? Үйге кеш қайтасыз ба? Кешке кездесейік? Балаңыз бар ма? Үнемі осылай киінесіз бе? Айдана шағын курсында жолаушыларға харассмент жасайтын такси жүргізушілерін сыртқы түрін айыптайтын, жеке өмірге араласатын, тұспалдап сөйлейтін, таксист-қорқытушы, таксист-бағалаушы, әзілқой таксист және таксист-сталкер дер бірнеше топқа бөліп, әрқайсын сипаттап берген.
"Әлеуметтік желідегі шағын видеокурсымызды көрген адамдардың пікірі екіге жарылды. Біреулер жобамызды репост жасап, жақсы пікірлер жазып қолдаса, екінші біреулері "әйелдердің өзі кінәлі" деп айтты. Ең бастысы бұл мәселеге халықтың назарын бұрдық. Олар осы видеоларды көріп, таксидегі харассмент не екенін біледі. Осындай жағдай басынан өтсе жүргізушіге бұлай істеуге болмайтынын айтып не қосымшада шағым жазып, бұдан былай харассментке төзбей, әрекет етеді", – деді жоба авторы.
Айдана Тілеукен такси жүргізушілерінің харассменттің не екенін білмейтінін, сондықтан олардың сауатын ашу қажет деп есептейді.
"Ең алдымен, таксистердің өздері харассмент не екенін білуі керек. Мысалы, "Яндекс Такси" қосымшасына тіркелген кезде этика бойынша тренинг өтеді. Дәл солай анти-харассмент туралы тренинг қосса жақсы болар еді. Такси шақырған кезде таксистердің профилінде сондай тренинг өтті деген кішкентай белгі болса, такси шақырған қыз жүргізушінің анти-харассмент тренинг өткенін біледі. Мен де осындай тренинг жасауға атсалысқым келеді. Материалдарымыз дайын. Бірақ такси қосымшалары ұсынысыма әлі жауап берген жоқ", – деді ол.
Қауіпсіздік үшін не істеуге болады?
Қазақстандықтар таксиді мобильді қосымшалар арқылы шақырады не көшеде қол бұлғап тоқтатады. Мобильді қосымша арқылы такси шақырғанда жүргізушінің рейтингіне мән беріңіз. Бұған дейін мінген жолаушылардың төмен баға беруі ойланарлық жайт.
Көлік келгенде қосымшада көрсетілген көлік екеніне көз жеткізіңіз. Көлікті сіз шақырған жүргізуші емес, басқа адам айдап келсе онда өзге біреудің аккаунтын қолданып жүр деген сөз. Мұны өзіңіз қолданатын қосымшадағы қолдау қызметіне хабарлай аласыз. Жүргізуші аккаунтты өзге біреуге берсе бұл өзіне де зиян тигізеді. Аккаунтын пайдаланған басқа адам жол апатына ұшыраса, агрегатор аккаунт иесін тіркейді. Ереже бұзғанда жүргізуші ол жерден кетіп қалса кейін рөлде сіз емес, басқа адам болғанын түсіндіруге тура келеді.
Такси шақырғанда автокөлікте жүргізушіден басқа бөтен біреу болмауы керек. Жүргізуші бөтен адамды отырғызу үшін жолаушыдан рұқсат сұрауы қажет. Дегенмен қауіпсіздігіңіз үшін бөтен адамдардың отыруына келісім бермеңіз.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жаза жеңілдетілуі мүмкін бе? ІІМ жауабы
Жүргізуші өзін біртүрлі ұстаса, ішімдік ішкен деп күмәндансаңыз онда оның қызметінен бас тартыңыз. Қолдау қызметіне не үшін бұлай жасағаныңызды жазыңыз. Жол ақысы төленіп қойса қолдау қызметіне жазып, ақшаңызды қайтарып ала аласыз.
Қасыңызда кішкентай бала болса, тапсырыс бергенде автокресло қажет екенін көрсетіңіз. Жануарды тасымалдасаңыз оны да ертерек ескертіңіз. Бұл жүргізушімен арадағы түсініспеушіліктің алдын алады.
Агрегатор қосымшасын пайдаланатын жүргізушілерге сапар біткен соң баға беріп, пікір жазуға болады. Бұл жүргізушінің рейтингіне қатты әсер етеді. Жүргізушілер де жолаушыға баға бере алады. Жолаушы да, жүргізуші де не ұнамағанын нақты көрсеткені жөн. Бұл алдағы уақытта басқа адамдардың келеңсіз жағдайға тап болмауына ықпал етеді. Ал заң бұзғандардың рейтингі түсіп қана қоймай, тіпті аккаунты біржола бұғатталуы мүмкін. Сол себепті кері байланыс өте маңызды. Жүргізушінің өзін ұстауы, сөзі, көлік айдағаны ұнамаса қолдау қызметіне хабарласып, мән-жайды айту қажет.
Ал қала арасында қатынайтын такси жүргізушілері ұзақ жолдан шаршап, тынығып алу үшін рөлді басқа біреуге беруі мүмкін. Елімізде жол-көлік оқиғаларының 35 пайызына жүргізушінің қырағы болмауы, көлік айдап келе жатқанда қалғып кетуі себеп. Сондықтан Көлік министрлігі қалалар арасында қатынайтын такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды күшейткелі отыр. Себебі жүргізушілер 8 сағаттан артық көлік жүргізбеуі керек.
Қазақстан заңнамасында шетелдік есепте тұрған көліктер жолаушы тасымалдай алмайды. Алайда бұл норма сақталмай отыр. Оған қоса тапсырыс берген кезде нөмірі мен көлік маркасы басқа машина келіп тұрады.
Жолаушылар көбінесе жүргізушілердің үстінен жол апатына ұшыраған кезде шағымданады. Жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзатын такси жүргізушілері туралы дереу хабар берсеңіз сізден кейінгі жолаушылардың өмірін аман алып қалуыңыз мүмкін.
Навигатор көрсеткен жолдан шығып, сіз білмейтін жолмен кетіп бара жатса бұл да дабыл қағатын жағдай. Сол себепті басқа маршрутпен жүру өзіңізге қажет болмаса жүргізушіден навигаторды пайдалануын талап етіңіз.
Жүргізуші телефон нөміріңізді, жеке басыңыз туралы сұрақ қойса жауап бермеуге, қолдау қызметіне шағымдануға хақыңыз бар.
Тоқетері жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін сапар кезінде болған келеңсіз оқиғаны хабарлау қажет. Сонда агрегаторлар қауіп төндіретін қолданушылар туралы біліп, қажет шараларды қолданады.