Тікелей эфир

Қазақстанда көліктерді тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілді

Жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлерді қайтадан алу жеңілдеді.

Отандастарымыз басқа аймаққа көшкен жағдайда өзіндегі нөмірді ауыстырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, біркелкі санмен жазылған қымбат нөмеріңізді жақын туыстарыңыздың атына қайта рәсімдеуге болады. Бұл өзгерістер туралы Ішкі Істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұдан былай бір отбасының мүшелері бір-бірінің нөмірін емін-еркін ала береді. Ол үшін өтініш жазу керек. Сондай-ақ, елімізде жеңіл көліктер мен мотоциклдерге жүргізуші куәлігін алу үшін міндетті түрде көлік мектептерінде оқу керек. А, В санатына жататын екі көлік түрі жол апатына жиі түседі, сондықтан куәлік алмастан бұрын кешенді теориялық және тәжірибелік даярлықтан өту міндеттелген.

Көлікті тіркеу процесінде құжат рәсімдеу де жеңілдеген. Енді құжаттар мемлекеттік органдардың дерекқорынан алынады. Сондай-ақ, алаяқтықтың алдын алу үшін автокөліктерді сату-сатып алу келісімін нотариалды куәландыру керек.


Оқи отырыңыз: 2024 жылы елімізде такси бағасы қымбаттайды


"Дәл осы мақсатта көлікті бастапқы тіркеу немесе кузовты ауыстыру, қайта жабдықтау немесе оның түсін ауыстыру барысында міндетті түрде криминалистер тарапынан көліктің тексерілуі енгізілді. Жалпы 53 түзету қабылданды. Олар ағымдағы жылдың 23 сәуірінен бастап күшіне енді", – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Серіктестер жаңалықтары