Тікелей эфир

Робот дәрігер, наноспутник және Qmeta. Қазақстан оқушылары әзірлеген 7 стартап

Жас өнертапқыштардың алды шетелден қолдау тауып жатса, кейбірі идеясын іске асыруға инвестиция қажет етеді.

Informburo.kz порталы соңғы бір жылда қазақстандық оқушылар әзірлеген тың стартап-идеялар топтамасын ұсынады. 

Qarapaiym emdeu

Білім-Инновация лицейі мен НЗМ оқушылары Qarapaiym emdeu деп аталатын робот жасап шығарды. Жоба иелерінің бірі Ұлан Айтпай мұндай роботтардың коронавирус секілді жұқпалы аурулардан қорғану үшін тиімді екенін айтады. Сондай-ақ, ауруы бойынша тек анықтама алғысы келетіндердің уақытын үнемдейді. 

"Бұл роботты жасап шығару туралы идея 2020 жылдары келді. Ол кезде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем коронавирустан қиналған еді. Яғни құрылғы бірінші кезекте түрлі вирустық аурудан қорғайды. Екіншіден, Қазақстанның медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі және осыдан туындайтын ұзын-сонар кезек мәселесі шешіледі. Робот келген адамды ЖСН нөмір және камера арқылы сәйкестендіреді. Дене қызуы, жүрек соғысы, алкогольді ішімдік ішкен-ішпегені туралы ақпарат береді. Мұнымен қатар, науқас қай жері ауырып тұрғанын айтқан кезде робот пайызбен қандай аурулар болуы мүмкін екенін анықтайды. Бұдан өзге оқу мен жұмысқа арналған анықтаманы жылдам шығарып береді", – деді Ұлан Айтпай. 

Жазға қарай оқушылар роботты бірнеше емханаға терминал ретінде орнатады. Бұл үшін 5 млн теңгедей қаражат қажет. 

Qmeta

Ақтау қаласындағы НЗМ оқушысы Расул Абуов пен оның достары виртуалды шындықта оқыту платформасын әзірледі. Мектеп оқушылары жасаған Qmeta көмегімен жаратылыстану бағытындағы пәндердің істәжірибесін жасап көруге болады. 

"Теория мен тәжірибе қатар жүрмесе, білім сапасы төмендейді. Оқушылар мұғаліммен бірге есеп шығарып, формула мен терминологияны үйренсе, артынша Qmeta көмегімен сол есепте жазылғанға істәжірибе жүргізеді. Біздің құрылғыны химия, биология, физика және математика пәндеріне қолданған тиімдірек. Десе де шайқастар мен белгілі бір оқиғалардың моделін жасап, гуманитарлық пәндерге де қолдануға болады", – деді Расул Абуов. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы оқушылар мен студенттер қалай оқиды? Білім берудегі өзгерістерге шолу


Qmeta командасы бұл жобамен бір жылдан астам уақыт айналысып келеді. Ал платформаның өзін жасап шығуға бес айдай уақыт қажет болған.

Жуырда өздері жасаған құрылғыны Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде тестілеп көрмек. Мұндай бір құрылғының өз бағасы 230 мың теңге болады. 

Bee Security

12 жасар Едіге Төлебай, Мейіржан Садвахасов достарымен бірге үй мен бағалы заттарды күзететін Bee Security роботын құрастырған. Оның қазір қолданыста бар құрылғылардан басты ерекшелігі – үй мен аулада жүреді және камерасы 360 градуста бақылау жасай алады. Мұнымен қатар, үйге ұры түскен жағдайда дыбыстық дабыл қосылады. 

"Бастапқы кезде бағалы заттарды сақтайтын робот-сандық жасаймыз деп ойладық. Сол себепті дәл қазір жобамыз жәшікке көбірек ұқсайды, бірақ оның сыртқы моделін клиент қалағандай етіп өзгерте аламыз. Бұл құрылғыны адам ұялы телефонындағы қосымша арқылы қашықтан басқарады. Мұндай бір роботтың өз бағасы телефон мен камераны қоспағанда 80-90 мың теңгені құрайды", – деді Едіге Төлебай. 

Роботты құрастырушылардың бірі Дінмұхамед Жұмағали роботтың заманауи шаңсорғыштар секілді жұмыс жасайтынын айтады. Яғни қуат алу мәселесін өзі реттейді. 

Бірегей наноспутник

138 гимназияның 10-сынып оқушысы Шолпан Аманкелді озон қабатын зерттейтін наноспутник жасап шықты. Өнертапқыштың айтуынша, ол дәлірек нақты бөлшектер мен стратосферада газдардың бар-жоғын анықтайды. 

"Техниканы 2023 жылдың наурыз-сәуір айларында 50 км қашықтықтағы стратосфера қабатына жіберуді көздеп отырмыз. Осыған ұқсас спутниктер ұшырылды, бірақ олардың жүктемесі дәл мұндай пайдалы болмаған еді. Мысалы, аталған құрылғының көмегімен аграрлық өнеркәсіп саласына қажет көптеген пайдалы ақпарат алуға болады. Мұнымен қатар, қала құрылысы мен ғарыш туралы білімді толықтыруға қажет көптеген ақпарат аламыз. Басқалар да жасай алуы үшін барынша қолжетімді материалды пайдаландым", – деді Шолпан Аманкелді. 


Оқи отырыңыз: Оқу жылы енді 31 мамырда аяқталады: Оқушылар жазда неше күн демалады? 


Мұнымен қатар, Шолпан Аманкелді аталған наноспутниктің көрші елдердің территориясына өтпейтінін айтады. Яғни, белгіленген радиустан шығатын болса, спутник ұшқан жеріне қайта оралады. 

Ару бұған дейін Индонезияда өткен жас өнертапқыштар байқауында бас жүлдені жеңіп алып, жобасын Малайзия мемлекеті сұраған. 

Smart House 

Алатау ауданы Ақкент елдімекеніндегі №178 мектеп оқушылары Райымбек Мирақпаров пен Дәурен Ахметов қазақ тілінде айтылған бұйрықты танитын ақылды үй қосымшасын жасаған. Бұл қосымшаның көмегімен жарық пен есіктегі құлыпты басқаруға болады. Оқушылар орыс тілінде ақылды үй қосымшасы мен құрылғысын жасап жүрген компанияның өздерін істәжірибеден өтуге шақырғанын айтты. 

"Бұл жобаны ойлап тауып, құрастыруға бір жарым жылдай кетті. Құрылғының сыртқы макетін бірнеше рет өзгерттік. Жарықты қосу, сөндіру, есікті ілу-ашу және тағы басқалар. 5 түрлі команда беруге болады. Жуырда өз құрылғысын екі мың үйге сатқан компанияда істәжірибеден өтуге ұсыныс алдық. Жуырда заманауи "Ақылды үй" жобасын сіздер де қазақ тілінде қолдана аласыздар", – деді Райымбек Мирақпаров. 

Робот-жылыжай

Алматы қаласындағы НЗМ оқушысы Жәңгірхан Шалабаев өсімдіктер мен көкөністерді үй жағдайында өсіруге болатын робот-жылыжай жасап шығарды. Өз бағасы 75 мың теңге тұратын жылыжай робот өзіңізге керек көкөніс пен өсімдікті небәрі бір айда өсіруге көмектеседі. 

"2020 жылы біраз уақыт азық-түлік сатып алу үшін дүкенге бара алмаған кезіміз болды. Сонда неге өсімдікті үйде жылдам өсіруге болатын робот жасамасқа деп ойладым. Ең алдымен, тәжірибе жасап, құрылғының өсімдікті қаншалықты жылдам өсіре алатынын тексеріп көрдік. Нәтижесінде уақытты 25% үнемдеуге болатынын көрдік. Мұның барлығы қашықтан басқарудың арқасы деп ойлаймыз. Яғни арнайы қосымша арқылы азаматтар бұл жылыжайдағы жарықты қосып-сөндіріп, қажет кезде суарып отырады", – деді Жәңгірхан Шалабаев. 

Өнертапқыштың айтуынша, жарты жылда осындай 100-150 жылыжай жасап шығару үшін 10-20 млн теңге арасында инвестиция қажет. Сондай-ақ, құрылғының көлемін үлкейтуге болады.

Автоматтандырылған касса

№82 Дарын мектебінің оқушысы Әділжан Қадыров пен әріптестері автоматтандырылған касса жасап шықты. Оның қолданыста бар кассалардан ерекшелігі әр тауарды жеке өткізудің қажеті жоқ. Мұнымен қатар, ол дүкендердегі ұрлықты азайтуға көмектеседі. 

"Біз жасап отырған құрылғы сатушы және сатып алушы тарап үшін де өте тиімді. Екі тараптың уақытын үнемдеп қана қоймай, дүкендердегі кадр тапшылығы мәселесін шешеді. Бұдан өзге, дүкендердегі майда ұрлықтардың тоқтауына себепші болады. Шамамен құрылғыны құрастыруға, жалпы кодты жазып шығуға әріптестерім Ерсерік Маханбет, Нұрасыл Амантұр үшеуімізге бірнеше айдай уақыт керек болды", – деді Әділжан Қадыров. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы ҰБТ өзгеріп, мәтіндік сұрақтар саны артады


 

Серіктестер жаңалықтары