Тікелей эфир

Режиссер Дәрежан Өмірбаев: Жеке кино институтының болмауы – ауру

"Соңғы сеанс" – режиссердің сценарийсіз түсірген алғашқы туындысы.

Локарнода өткен 75-халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетілген "Соңғы сеанс" фильмінің режиссері Дәрежан Өмірбаев түсірілім жұмыстарының барысы мен туындының негізгі ойы туралы әңгімеледі. Дәрежан Өмірбаев алғаш рет 1992 жылы Швейцарияда өткен осы халықаралық кинофестивальға "Қайрат" картинасымен қатысып, "Күміс жолбарыс" жүлдесімен қоса ФИПРЕССИ сыйлығын жеңіп алды. 30 жылдық шығармашылық жолында сегіз толықметражды, үш қысқаметражды картина түсіріп, Венеция, Канн, Локарно, Токио және тағы басқа әлемдік кинофестивальдерде жүлделі орындар жеңіп алды.

Сурет: brod.kz

– Фильмді түсіру туралы ой қалай келді?

– Канн фестивалінің кинолар жинағында оқиғасы кинотеатрда өтетін фильмдер болатын. Сондай фильм түсіру туралы ой келді. Алайда маған ешкім тапсырыс берген жоқ, ал идея бейсанамда қалды. Кейін араға 10 жыл салып Bilimhana мектептерінің негізін қалаған бизнесмен Толон Тойчубаев хабарласып, осы фильмді түсіруге ұсыныс айтты. Кейін фильмге өз басымнан өткен кішігірім жағдайларды қостым. Мысалы, кинотеатрда сеансты көру үшін кемінде 5 адам болуы керек деген ереже бар еді. Мен ешкім болмағанда өзім танымайтын адамдарға билет сатып алып беретінмін. Бұдан өзге жұмысқа автобуспен бара жатып адамдарды бақылап қараймын. Осы кино арқылы қазіргі заман өмірін көрсеткім келді. 

– Фильм неге "Соңғы сеанс" деп аталады? 

– Шындыққа тура қарауға тырысамын. Қазір кино саласы "өліп" барады. Қалай десек те, кино саласының сапасы 60-жылдардағыдай емес. Сондай-ақ, Питер Богдановичте "Соңғы киносеанс" деген туынды болған еді. 


Оқи отырыңыз: Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет 


– Ақын, жазушы Адольф Арцишевскийді бұл фильмге түсуге қалай көндірдіңіз?

– Бұл кейіпкерді ұзақ уақыт іздедік. Солардың бірі Толон Тойчубаевтың досы архитектор Камал және тағы бір режиссер азамат болды. Кейін кейіпкерді іздестіріп жүргенде Антон Чеховтың күнделігіндегі естелігі есіме түсті. Ол Таганрогтағы кітапханада өзінен басқа тек еврей ұлтының адамдары келетіні туралы жазған еді. Еврей халқының білімге ерекше құштар жан екенін мойындауымыз керек. Еврейлерді "кітаптың халқы" деп айтуға болатын шығар. Сондықтан да неге еврей ұлтының азаматын отырғызбасқа деп ойладық.

Оның үстіне ол кісімен жұмыс істеу қызық болды. Өзі ұсынысымызға қуана келісті. Ол кісіге қатысты бір оқиғаны айтсам, ренжімейтін шығар деп үміттенемін. Соңында қар жауып тұрғанда келе жатқан сәтін түнгі үшке дейін түсірдік. Кейін жылынып отқанда "Жаны жарыққа толы" жанды сомдау үшін өміріңіздегі қандай оқиғаны еске алдыңыз?" деп сұрадым. Сонда "Жастық шағымда бір әйелдің үйінде қонақта болдым. Түнде күйеуі келіп қалып терезеден секіріп түсіп, сол сәтте терең ойға шомдым. Жаңа сол оқиғаны есіме алдым" деп жауап берді. 

– Ал бас кейіпкерді қалай таңдадыңыз?

– Алдыңғы жылы астанадағы "Шабытта" емтихан өткіздім. Сонда бір жас жігіт "Nissan көлігін жақсы көретін астаналықтар" туралы фильм көрсетті. Фильм де, режиссер де ұнады. Кейін біз хабарландыру жариялағанда сол азамат кастингке келді. Бұл кездейсоқтық деп айта алмаймын. Оның үстіне ол өз жасынан кіші көрінетін еді. 

– Түсірілім жұмыстары қалай жүрді?

– Біз автобусты бір күнге жалға алып, кейін ішінде жүріп түсірдік. Қай кейіпкердің қандай видео қарайтынын, не тыңдайтынын алдын ала білдік. Бұл менің сценарисіз түсірген алғашқы туындым. Фильмде бірде-бір актер жоқ. Арцишевский – жазушы, Ілияс Шәкіров – студент, болашақ режиссер, киномеханик – сол кинотеатрда жұмыс істейтін қызметкер. Меніңше, кәсіби актерлерге қарағанда қарапайым адамдардың ойыны қызығырақ. Танымал актерді бұл фильмге түсіретін болсақ, ол барлығын құртатын еді.

Өз басым кәсіби актерлерді киноға жолатуға болмайды деп есептеймін. Бұл өнердің мүлдем басқа түрі. Ішінде үндіс азаматты ойнаған қазақ жігіт бар. Басына чалма кидірдік. Үндістерге қарағанда бұл жігіт үндістерге көбірек ұқсайды. Осы кейіпкерлер тыңдап отырған видеолардың ішінде ең маңыздысы қазіргі заманда ғылымның рөлі туралы еді. Ғылым мен техника дамымаған мемлекеттер артта қала беретін болады. 

Сурет: ALMAU

– Өзіңіз сомдаған кейіпкер қазақ халқының, менталитетінің екіге бөлінуі туралы айтқан бағдарламаны тыңдап отырады. Бұл жаныңызға жақын жара ма? 

– Алдыңғы күні мейрамханада ұлымның тойы өтті. Тойда қойылған барлық ән ағылшын тілінде болды. Тек соңында "Шудың бойында" деген бір қазақша ән қосылды. Оның үстіне жиналған қонақтардың 99 пайызы қазақтар. Бұл факті. Алайда бұл жерде біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Бізде, расымен, Шымкент, Тараз, Қызылордада таза қазақ тілді халық тұрады. Ал үлкен қалаларда көбінесе орыс тілді азаматтар шоғырланған. Бұл жалғыз менің емес, әрбір қазақтың ойында жүрген нәрсе.

Осы тақырыпқа байланысты Қанағат Жүкешев есімді философты тауып алып, еңбектерін оқуға, айтқандарын тыңдауға кеңес беремін. Ол объективті шындықты айтады. Қазақ халқы екіге бөлініп отыр. Мысалы, менің ұлым да, қызым да қазақ мектебін тәмамдады. Бірақ біз үйде орысша сөйлесеміз. Немерем қазақ балабақшасына барады, бірақ барлық жерде орысша сөйлейді. Ешкімді кінәламай, тарихтың осындай кезеңінде өмір сүріп жатқанымызды түсініп, оны өзгертуіміз үшін жұмыс істеуіміз керек. 


Оқи отырыңыз: Сәнгер Алмас Керімбек: Сән – жай ғана жылтыр көйлек емес, ол – тарих пен философия


– Қалай өзгертуге болады?

– Қырғыз балаларының қазақша сөйлей бастағаны туралы жаңалықты оқыдым. Олар қазақ тілін "Балапан" телеарнасын көру арқылы үйренген екен. Осыдан-ақ, мультфильмнің тіл үшін рөлі қандай екенін көруге болады. "Қазақ тілін дамыту керек, өліп барады" деп байбалам салудың қажеті жоқ. Орнына бірінші кезекте қазақ тілінде  сапалы мультфильмдер жасауымыз керек. Ал жақсы мультфильм шығару үшін арнайы кадрлар даярлау қажет. Кадр дайындау үшін кино институт ашу керек. Мысалы, Қытайда тек мультипликаторлар даярлайтын екі институт бар. Қажетсіз кітаптарды басып шығара бергенше, қаражатты осы салаға салуымыз керек. 

– Бізде кино факультеттері бар емес пе?

– Кино факультеттері бұл мәселені шеше алмайды. Онкологияда жаман ауруды дер кезінде емдемейтін болсаңыздар, метастаздар пайда болады. Сол секілді Қазақстанда кино институтын ашпайтын болсақ, әрбір ауылда кино факультеті ашылады. Жеке кино институтының жоқтығы – ауру. Ал ашылып жатқан кино факультеттері сол аурудың метастаздары. Мысалы, Шымкентте кино факультеттері бар. Бірақ Шымкентте арнайы маманды қайтан табасыз? Ол жақта киностудия, кино түсіретін азаматтар да жоқ. 


Оқи отырыңыз: Режиссёр Фархат Шәріпов: Жасөспірімдерді жыныстық құлдыққа салу әлі бар


 

Серіктестер жаңалықтары