Щучинск қаласының №6 құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Александр Усольцев салаға қалай келгені, сақтық шаралары және қиындықтары мен сынып кетпеуге көмектесетін қуанышты сәттері туралы әңгімеледі. 20 жылдан астам уақыт суға батқан адамдарды құтқарып келе жатқан маман физикалық дайындықтан бөлек, күйзеліске түспеу қабілетінің аса маңызды екенін айтады.
– Құтқарушы болуыңызға не түрткі болды? Бұл салаға келуіңізге себеп болған ерекше оқиға бар ма?
– 2003 жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істеп келе жатырмын. Бұл салада жүргеніме биыл 21 жыл толады. Үзіліссіз жұмыс істеген кезде күні кеше келгендей сезімде боласың, арада көп уақыт өткеніне сену де қиын. Ал мамандық таңдауымызға қалай десек те, бала күнгі арманымыз, айналамыздағылардан көрген-білгеніміз әсер етеді. Үлкен суда жүзуді қатты ұнаттым. Құтқарушылардың қалай адамдарды аман алып қалып жатқанын көріп, мен де дәл солардай өмір мен өлім арасындағы арпалысты сәтте қол ұшын созатын жан болғым келді. Мені осы ой алға сүйреп, ойланбастан осы салаға келдім. Қатты артық айтқаным болар, дегенмен бұл салаға мейірімді жандар келеді деп ойлаймын. Мұны осында бірге жұмыс істейтін әріптестерімнен білемін. Барлығы да ақкөңіл, мықты шыныққан жандар. Бұл сала өміріңді жақсы адамдармен толықтыруға да көмектеседі.
– Құтқарушы болу үшін қандай дағдылар мен біліктілік қажет?
– Су жаратылысы бөлек әлем болғандықтан, кейбір адамға үрей салады. Көлдің жағасында өссе де, аяғын бір де бір рет суға малмай өткен адамдарды білемін. Олар жүзу түгілі, үлкен судың жанына барудан қорқады. Әрине, адамның сумен байланысты мінез-құлқына әртүрлі фактор әсер етеді. Ал құтқарушы болу үшін жүзуден бөлек, судан қорықпау және оған құрметпен қарау маңызды. Суға құрметпен қарау дегенді қара сөзбен түсіндіре алмаймын, бірақ мұнда үлкен мән жатыр. Екіншісі – барлық құрал-жабдықтарды дұрыс қолдана білу. Кейбір адамдар құтқарушы болуды жылдам жүзумен ғана байланыстыруы мүмкін. Бірақ бұл жерде де теориялық білім маңызды. Үшіншісі – физикалық дайындық, бұл да өте маңызды.
Оқи отырыңыз: Темекі түтінінсіз болашақ: Оған 2030 жылға қарай қол жеткізу қаншалықты мүмкін?
– Ал денелеріңізді қалай шынықтырасыздар, қай дене бөліктеріне ерекше мән беру қажет?
– Жұмыста міндетті түрде тұрақты жаттығамыз. Денеміздің босаңсып кетуіне мүмкіндік бермейміз. Әсіресе, ағын су ешкімді аямайтындықтан, қиын сәтте жылдамдық шешуші рөл атқарады. Өз басым салауатты өмір салтын ұстанып, футбол ойнаймын. Өкінішке орай, соңғы уақытта футболға өзім қалағандай көп уақыт бөле алмай жүрмін. Сондай-ақ, таза ауада, орманда серуендегенді ұнатамын.
– Суға батып кетпеу үшін сақтық шаралары қандай?
– Қазақта "Сақтансаң сақтайды" және "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген жақсы сөздер бар. Екеуінің де астарында оқыс жағдайдың, түрлі аурудың алдын алу жатыр. Құлаққа түрпідей тиетін шығар, бірақ "шомылуға болмайды" деп жазылған жерлерді айналып өту қажет. Өйткені мұндай ескертулер есеп-қисаппен жазылады. Бұл жерлер тіпті құтқарушылар үшін шомылуға қиын жерлер деген сөз. Екінші жағынан онда құтқарушылардың жетуі қиын болуы мүмкін. Яғни демалысты жоспарлаған кезде "шомылуға болады" деп жазылған жағажайларды ғана таңдаңыз.
Сондай-ақ:
- тек рұқсат етілген жерлерде, арнайы жағажайларда жүзіңіз;
- үрлемелі матрацтар мен дөңгелектерде жағадан алыс жүзуге болмайды;
- суға түсуі мүмкін жерлерде тұруға немесе ойнауға болмайды;
- таныс емес жерлерде суға түспеңіз;
- алкогольдік ішімдік ішуге және мас күйде суға түсуге болмайды;
- жүзу үшін қолдан жасалған құрылғыларды пайдаланбаңыз;
- катамарандардың, қайықтардың және басқа су көліктерінің жанында жүзбеңіз;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Естеріңізде болсын, сіздің өміріңіз сіздің қолыңызда!
– Ал ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қай мекемелерде және қалай өткізесіздер?
– Осы тұста бізге көптеген мешіттердегі имамдардың көмектесетінін айтып өткім келеді. Яғни олар жұма намазы кезінде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ақпаратты бөліседі. Бұдан бөлек балалардың жоғары қабаттан құлауы жиі болады. Діни қызметкерлер мешітке келген адамдардың барлығына осы туралы ескертеді. Төтенше жағдайлар саны көп болғандықтан, барынша алдын алу шараларын нығайтып жатырмыз. Мұнымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері адамның суда өзін өзі ұстауы бойынша қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Мұндай шаралар жиі әрі тұрақты түрде өтеді. Мысалы, біз аурухана қызметкерлерімен бірлесіп те түрлі шара өткіземіз. Кешендердің бірінің аумағында құтқарушылар және дәрігерлер балаларға судағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Оларға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету қажеттігін көрсеттік. Олар көрермен болып шетте отырмай, мұның іс жүзінде қалай екенін білді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті жағажайларға барып қажетті жадынамаларды таратады.
Сауықтыру орталықтарына да барып, бірнеше жүздеген балаға сабақ өткізген кезіміз болды. Олар да құтқару құралдарымен танысып, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуді үйренді. Осылайша балапандарымызды жастайынан қауіпсіздік мәдениетіне баулу арқылы біз оларды судағы жазатайым оқиғалардан сақтай аламыз.
Оқи отырыңыз: ТЖМ жер сілкінісі болғанда іздестіру-құтқару жұмысын қалай жүргізеді? Фоторепортаж
– Жұмыстарыңыздағы ең қиын нәрсе не?
– Әдетте "Ештен кеш жақсы" деген сөзді жиі қолданамыз, ол бізді жұбататындай көрінеді. Бірақ құтқарушылардың жұмысында мұндай әңгіме жоқ. Яғни мен үшін ең ауыры – құтқаратын адамға кеш жету,. Біз үшін ең ауыры – "тым кеш" деген сөзді есту. Бұл бойың үйренетін дүние емес. Мейлі кішкене бала болсын, мейлі отағасы болсын, мейлі отанасы болсын, оларды жақсы көріп, үйінде күтіп отырған адамдар көп. Біз үшін ең қиыны осы.
– Мұндайда күйзеліс пен депрессия болмауы үшін не істейсіздер?
– Оқыс жағдайдың куәсі болу кімге болса да қатты қиын. Әрине, құтқару операциясы кезінде сезімге ерік бермейсің, барынша әр тағаттың қадірін түсінесің. Бірақ барлығы өтіп кеткен соң эмоциялық жағынан қиын болатыны сөзсіз. Маған күйзеліс пен депрессияға түспеуіме жұмыстан кейін күлімсіреп алдымнан шығатын жан жарым мен бала-шағам көмектеседі. Олардың нұрлы, жадыраған жүзі құдды бір емдейтін дәрі секілді. Менің байлығым отбасым.
– Мотивацияға толы болуға, алға жүруге не көмектеседі? Күнделікті білімдеріңізді қалай толықтырасыздар.
– Қазір заман ағымымен бірге жүруімізге тура келеді. Мұны дұрыс деп білемін. Оның үстіне дамығысы келетін адамға барлығы дайын тұр. Бұл үшін бір айлық интернетіңіз болса жеткілікті. Маған шетелдік мамандардың тәжірибесі туралы роликтер қараған ұнайды. Біздің олардан үйренетініміз көп. Ал мотивацияға толы болуыма, сынып кетпеуіме адамдардың алғысы көмектеседі деп ойлаймын. Яғни тікелей маған келіп алғыс сөз айтуы емес, құтқарған адамның, олардың жақындарының қуанышын көру үлкен бақыт. Сенің арқаңда біреудің тірі қалғанын көргеннен артық бақыт жоқ шығар. Әрине, "тірі қалдырдым" деп артық айтқандығым болады. Жай ғана "тірі қалуына себепші болдым" деген дұрыс шығар. Өмір, уақыт, энергиядан асқан құнды, бағалы сыйлық жоқ. Суға бармас бұрын міндетті түрде сақтық шараларымен таныс болыңыздар.
Оқи отырыңыз: Астанада құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге пәтер кілті табысталды