Тікелей эфир

"Қазақша үйренгісі келетіндер көп". Орыс жігіт қалай қазақ тілі клубын құрды?

"Батыл бол" клубының кездесулеріне қатысу – тегін.

Алексей Скалозубовтың "Батыл бол!" қазақша сөйлеу клубының негізін қалағанына көп болған жоқ. Клуб кездесулеріне қазақ тілін үйренемін деген кез келген адам тегін қатыса алады. Informburo.kz тілшісі Алексеймен сұхбат құрып, қазақ тілін үйренуге және қазақ тілі клубын құруға не себеп болғанын сұрады.

– Алексей, қазақ тілі клубының идеясы қалай дүниеге келді?

– Мен қазақ тілін бұрыннан үйренгім келетін. Мектепте жақсы оқыдым. Пәндердің бәрінен, оның ішінде қазақ тілінен де бестік баға алуға тырыстым. ҰБТ-да қазақ тілінен 25 ұпайдың 23-ін жинадым. Қостанайда университетте оқығанда деңгейімді көтеріп, ойымды қазақша жазып үйренуге тырыстым. Бірақ, ол уақытта менде қазақша сөйлесетін ешкім болмады. Сыныптастарым мен курстастарымның арасында қазақтар болса да, олар қазақша сөйлемейтін. "Қазақша түсінеміз, бірақ сөйлей алмаймыз" дейтін олар. Шыны керек, мен туып-өскен Есіл мен Қостанайда бәрі орысша еді.

Үш жыл бұрын Алматыға көшіп келдім. Дәмхана мен асханаға барғанда тілімді жаттықтыра бастадым. Бірақ, бұл жеткіліксіз болды. Кассада тұрып жарты сағат әңгімелесе алмайсың. Уақыт өте келе жаңа достар таптым. Олардың көбі Шымкент, Тараз, Түркістан, Қытайдан келгендер. Карантин кезінде жиі жолығып, қазақша сөйлесіп, ауызекі тілді жаттықтырдық. Бұл мен үшін өте күшті практика болды. Кейін карантин талаптары әлсіреп, мұндай кездесулеріміз сиреп кетті.  

Бір жыл бұрын Instagram желісінде қазақша үйрететін жақсы репетитор іздеп, сториз салдым. Солай "Батыл бол" клубының негізін қалаушылардың бірі Ақжарқынмен таныстым. Бір-екі ай сабақ алып, үзіп, қайта жалғастырып, тағы да үзіп жүрдім. Бірде ақша, бірде уақыт жетпесе, енді бірде күш-жігер болмады. Онлайн сабақ маған ұнамайтын. Сөйтіп, қазақша сөйлесу клубтарын іздедім. Бірақ, олардың бәрі ақылы екен. Міне, осылай клуб құру идеясы қажеттіліктен туды.


Оқи отырыңыз: Владислав Тен: Мемлекеттік қызмет иелеріне қазақ тілін білуді міндеттеу қажет


– Клуб неге "Батыл бол!" аталады?

– "Батыл бол!" орысша "Смелее!" немесе сөзбе-сөз "Будь смел!" деп аударылады. Клубтың атауы қазақ тілінде сөйлеуге деген жеке кедергілер мен қорқынышты жеңу деген ойды жақсы ашып тұр. Күнделікті өмірде қазақша сөйлеп бастау үшін батылдық қажет.

Клуб қатысушылары / Фото Алексей Скалозубовтың Facebook парақшасынан алынды

– Тіл үйренуде қандай әдістемені қолданасыздар?

– Кездесулерді волонтерлармен бірге өткіземіз. Қазақ тілін ауызекі бастапқы деңгейде білемін, бірақ бұл кездесуді ұйымдастыруға, тапсырмаларды үлестіріп, рөлдерді бөліп, уақытты бақылауға кедергі емес. Оған қоса әр кездесуде қазақ тілін еркін меңгерген, қазақ тілін үйрететін және репетитор тәжірибесі бар волонтерлер мен кураторлар болады. Олар түсінбеген сұрақтарға жауап беріп, сөйлем мен диалог құрауға, бейтаныс сөздеді аударуға көмектестеді.

Әдістемеміз өте қарапайым. Біз бірден қазақша сөйлеп бастаймыз. "Танысу" секілді қарапайым диалогтар жазылған брошюралар таратамыз. Онда қысқа да жеңіл сөйлемдер бар. Диалогтар әртүрлі форматта болады. Екі адам сөйлескенде қалғандары тыңдайды. Не болмаса бәрін жұпқа бөлеміз, сосын олар өзара ауысып отырады. Осы қарапайым әдістеме соншалықты тиімді болады деп ойламаппын. Тіпті қазақ әліпбиін білмейтін жаңадан үйренушілер мен шетелдіктер бірінші кездесуден-ақ сәлемдесіп, дәмханада тамаққа тапсырыс береді. Қатысушылардың бойында қазақ тіліне деген құштарлық пен ынтаның қалай оянатынын сөзбен айтып жеткізу қиын. 


Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады?


– Клуб мүшелері қазақ тілін не үшін үйренгісі келеді?

– Сауалнама жүргізгенде қатысушылардан мұны тікелей сұраймын. Әртүрлі жауап бар. Біреуге ана тілін білмеу – ұят. Біреу Қазақстанды аралап, кездескен жанның бәрімен еркін сөйлескісі келеді. Біреуге қазақ фильмдері мен музыкасы ұнайды. Енді біреуге қазақ тілі жұмыста, бизнесте көмектеседі. Ал біреу мұны азаматтық борышы санайды. Қатысушылардың арасында жақындары мен туыстарын түсінгісі келетіндер де, қазақтілді адамға ғашық болып қалғандар да бар.

Клуб қатысушылары / Фото Алексей Скалозубовтың Facebook парақшасынан алынды

– Қазақ тілін үйренуге өзіңізді қалай жігерлендіресіз?

– Тіл үйренуге ойын түрінде қараймын. Күнделікті өмірде әріптестеріммен, достарыммен, сондай-ақ таксиде, дүкенде немесе кафеде қазақша сөйлесуге тырысамын. Әрбір жетістік қуанышқа кенелтіп, әрі қарай әрекет ете беруге түрткі болады. Әсіресе, айналамдағылардың қолдауы мен қошеметі қуантады.

– Көп адам "тіл үйренуге қабілетім жоқ" деп сылтауратады. Бұл миф пе, әлде шынымен солай ма?

– Миф. Біз клубта ережелерді үйренбейміз, грамматика мен бітпейтін қызықсыз жаттығуларға байланып қалмаймыз. Бір-бірімізді тыңдап, сөйлесеміз. Мұнда құштарлық көп те, жүктеме аз. Тілдік ортаға толық енеміз. Сөйлеу әдетін жиі қайталау мен сұрақтарға қазақша жауап беру арқылы қалыптастырамыз. Балалар екінші-үшінші сабақтардан-ақ сұрақтарға тез жауап беріп, өзі де сұрақты жылдам қояды.


Оқи отырыңыз: "Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат


– Клубқа қатысу тегін екен. Сонда қандай да бір көмек керек емес пе? 

– Клубымыздың негізгі қағидасы – ақы алмау. Қазақ тілін меңгеріп жүрген адамның алдынан болмашы кедергі шықпауы керек. Тіпті 100 теңге жинағанның өзі кедергі. Әр адам өзін барынша жайлы, тең жағдайда сезінуі қажет. 

Twitter мен Facebook-та бірнеше адам бірден кездесу өткізетін орын беруге дайын екенін жазды. Бірі өз кеңсесін ұсынса, енді бірі мемлекеттік мекемелерге жүгінуге кеңес берді. Жазбамды оқығаннан-ақ Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығынан Салтанат Мурзалинова-Яковлева жазып, орталықтан кездесу өткізетін орын ұсынды. Клуб сол жерде ашылды. Facebook-та оқырмандардың көмегімен Visit Almaty-мен кездесу өткізуге келістік.

Бізге блогер Яков Фёдоров келгеннен кейін әкімдіктен адамдар байланысып, кездесуге шақырды. Әкімнің орынбасары бастамамызды қолдау көрсетті. Осылайша Жастар ресурстық орталығы мен Visit Almaty-да тұрақты кездесу орнымыз пайда болды. 

Алексей Скалозубов пен Яков Фёдоров / Фото Яков Фёдоровтың Facebook парақшасынан алынды

– Сабақта адамдар көп күліп, қол шапалақтайды екен. Бұл бір-біріңізді қолдаудың тәсілі ме?

– Иә, кездесулер үнемі көңілді өтеді. Топта әр диалогтан кейін қол шапалақтаймыз. Бұл әр қатысушы үшін үлкен қолдау, сөйлеушіге қуаныш сыйлап, мотивация береді. Сұрақтарға қызықты берілген жауап жайлы және бейресми атмосфера тудырады. Оның үстіне қазақша әзілдеу және сол әзілді түсіну тамаша емес пе?! 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары