Тікелей эфир

Қазақ әйелдері қалай киінуі қажет? Стилистпен сұхбат

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
"Үйлесімді киіну – жеке тұлға ретінде жетістіктерге апаратын қадамдардың бірі" дейді Бұлбұл Қалқанбаева.

Бала күннен әдемі киінуге жаны құштар Бұлбұл Қалқанбаева жасы отыздан асқанда кеңседегі жұмысын біржола тастап, стилист кәсібін меңгерді. Ол бүгінде қазақ аудиториясына әдемі әрі үйлесімді киінуді үйретіп, өзі сияқты стилист мамандар дайындап жүр.

Бұлбұл Қалқанбаева Информбюро тілшісіне берген сұхбатында киім талғамы туралы әңгімелейді.

– Әйелдерге әдемі киінуді не үшін үйреткіңіз келді?

– Бала күннен үйлесімді киіну қымбат киіну деп ойлап келдім. Тұрмыс жағдайы орташа отбасыда өмір сүрдім. Әдемі киінудің қажет екенін студент кезімде түсіндім. Тұрмысқа шығып, декретте отырғанда құштарлығым арта түсті. Сол кезде стилист кәсібін оқып, меңгере бастадым. Google-ға "қалай әдемі киінуге болады?" деп жазсаң, ақпарат шықпайды. Жан-жақтан іздеп, оқып, үйреніп, ішкі пайдалана алмаған потенциалымды шығара бастадым. Үйреніп алуға болатын дүние екенін түсіндім. Бұл да спортшының бұлшық еті секілді, бір рет жаттықса, мықты болып кетпейді. Бұлшық ет уақыт өте қатаяды. Талғам қалыптастыратын көздің де бұлшық еті солай. Көре-көре көз жаттайды. Әдемі киіну үшін байдың қызы болу керек емес екен.

Ең бірінші блог бастағанда қазақ әйелдеріне базардан да әдемі киінуге, үйлесімді киінуді оңай үйренуге болады дегенді айтқым келді. Қоғам көйлек киюді үйреткісі келген жас қызды қабылдай алмады. "Байға тидік, бала таптық, бізге стиль неге керек?" деген секілді негатив пікір өте көп болды. Жұрттың сөзін көтере алмай талай рет блогымды тастап кеткім келді. Десе де, төрт жылда жеткен жетістігім аз емес. Аудиториямның 95 пайызы үйлесімді киіну – жеке тұлға ретінде жетістіктерге апаратын қадамдардың бірі екенін мойындап қалды. Әдемі киіну жай ғана сыртқы қабық емес екенін түсінеді.

Әдемі киіну қай салада болсын сарапшылығыңды одан әрі айқындай түсетін, кез келген ортаға сөзіңді өткізе алатын, өзіңе деген құрметіңнің көрсеткіші ретінде қалыптасып келе жатыр. Соны қыздар өте жақсы түсінеді. Қазақ аудиториясына ең алғаш психология, өзіңді тану деген ағым келгенде жылап қабылдадық. Өзіміз білмеген, көлеңкеде қалған проблемалар шықты. Бір сәтте адамдар эмоцияларын игеріп, проблемаларын шеше алды. Стиль – сәл кенже қалып қалған, кейіндеу келген салалардың бірі. Бірден жақсы қабылдай қоймайды. Қарсылықтар болды. Қазір мені қазақ қыздарының әдемі өзгеріске, үйлесімді киінуге деген құлшынысы қуантады.

Кез келген қазақ әйелі базардан не сауда дүкенінен киінсе де, люкс кисе де көпшілігі жақсы киінуге ұмтылады. Бұл мені қуантады. Мансапқа жеткің келсе сол биікте тұрғандай киін дейді. Кез келген адамды келе жатқан кезде алғашқы үш секундта тануға болады. Ол адамның өзін жақсы көру көрсеткіші, өз-өзін сыйлау деңгейі, басқаға айтқысы келген ішкі менінің батылдығы, барлығын көремін. Бірден құрметім арта түседі. 

– Сіз талғамыңызды қалай қалыптастырдыңыз?

– Анасының көйлегін киіп алып, оны қиып тастайтын, джинс шалбардан белдемше тігіп алатын, матаның қиқымынан көйлек жарататын қыз болып өскен жоқпын. Стилистердің көбі бала күннен бүлдіруге бейім болған. Мен ондай болмадым. Үйде үш қыздың үлкені болғаннан кейін ұлдың жұмысын жасадым. Еркекшора болдым, аттың үстінде мал бақтым. Қи ойып, малға жем-суын беріп, арасында сабаққа барып келіп жүрдім. Әкеме көмек керек болған соң үйдің шаруасына араластырмады. 

Кеңес заманында өмір сүрген ата-ана балаларымыз. "Сұлуынан – жылуы" деп киімің жылы, таза болсын, бастысы кір, жыртық болмасын деп өсірді. Ол кездегі ата-анада кінә жоқ. Заман солай еді. Әдемі кинудің қажет екенін үлкен қалаға шығып, студент болғанда ұқтым. Сол кезде әдемілікті көріп, көру көкжиегім кеңейді. Бірақ талғамымның жеткен жерін оңды-солды сынап көруге қаражат болмады. Декретте отырғанда көру арқылы, көз бұлшық еттерін жаттықтыру арқылы талғамды қолдан жасап алдым.

Табандылық, еңбек, күнделікті ізденіп, жұлдыздарды, журналдарды қарап, киімнің әр сантиметр нобайын жаттау арқылы көздің бұлшық етін жаттықтырдым. Стилист қалай менің кәсібіме айналып кеткенін, басқа әйел әдемі киінсе, бірге қуанатын деңгейге жетіп қойғанымды байқамай қалыппын. Үйлесімді киінген қыз көрсем шаттанамын, әдемі ішкі күй сыйлайды.

Фото: Бұлбұл Қалқанбаеваның жеке архивінен

– Клиенттеріңіз кім? Стилист қызметін кімдер пайдаланады?

– Парақшамды әртүрлі аудитория – базардан 5 мың теңгеге сөмке алатын келіншек те, бірнеше миллион теңге жұмсайтын әйел де қарайды. Клиенттерім де әртүрлі. Қымбат брендтерден 400-500 мың теңгеге аяқ киім алатын, өзім секілді қарапайым масс-маркеттен киінетін әйелдер бар. Жеңілдік кезінде 100 мың теңгеге толық гардеробты жасақтап шыққан кезіміз болды. Бөліп жармаймын, дегенмен 60-70 пайызы – қарапайым қыз-келіншектер. Олар менің әр пазлымның куәсі. Өскеменде жүргенімде қалай өзімді құрағанымды, брендім қалай дүниеге келгенін, әр қадамымды Instagram-да күнделікті айтып жүргеннен кейін олар сүрінгенімді де, жылағанымды да, қайта тұрып, шаттанғанымды да біледі.

Өзіме ақырын люкс сападағы брендтерді рұқсат ете бастадым. Аудитория да соған дайын екен. Бала кезімде қалаған нәрселерді алып жатқанымды көріп, бөлігімді жауып жатқаныма түсіністікпен қарай алатын аудитория. Екі жыл бұрын "мұны кім киеді, оданда бала-шағама киім алып бермеймін бе?" дейтін. Ол да дұрыс. Екі жыл бұрын мен де солай ойладым. Барыңды тастап, люкс ал демеймін. Бірақ, күнделікті өмір сапасын кемі бір пайызға жақсарту қажеті.

Біз бұл өмірге жақсыға лайықпыз деп келеміз. Қанағат қылып, көрпеңе қарай көсілген дұрыс. Люкс сіздің құндылығыңыз емес шығар. Оған құртқан ақшаңызды шаңғы костюмін алуға жұмсайтын шығарсыз. Құндылығыңызға қарай өміріңізге рақат алып келетін, жаныңызға ләззат сыйлайтын, сізді қуантатын, әр сәт сайын шабыттандыратын өмір сапасымен өмір сүру керек. Соны қыздарға насихаттаймын. Өзің көре алатын көкжиекте қалып қалмауды көйлекпен көбірек байланыстырдым.


Оқи отырыңыз: Былғары костюм, кең шалбар: 2023 жылы қандай түсті киімдер сәнді болады?


Киімді тек сыртқы қабық деп қабылдауға қарсымын. Әйелдер жасына жетпей әже болып киінеді, оған қарсымын. Тәрбиеден асып кетпей, менталитетті ескеру керек. Ормал байлау керек болса байлау керек. Әдемі қартаюға болады. Өзіңді, ресурстарыңды сыйлап, жай ғана әдемі болып жүруге болады. Қазан-ошақтан кет, күйеуіңді тыңдама демеймін. Әйел сырттан жақсы пікір естігенде, ішкі күйі әдемі болғанда енесімен, күйеуімен ұрыспайды. Оған уақыты жоқ. Ішкі күйі керемет болғанда жақындарына да бақыт сыйлайды. Бәріміз әдемілікке құштармыз. Олай емес дейтіндер жүрегінің түбіндегі құштарлықты мойындамауы мүмкін.

– Секонд-хендтен киінуге қалай қарайсыз?

– Өте жақсы қараймын. Сән өзінен-өзі пайда болмайды. Ол қияли адамдардың шығара салған дүниесі емес. Қоғамдағы жаңалықтардың бәрі сәнде тікелей көрініс табады. Мысалы, жан-жануарларды қорғау мақсатында экотеріге көшіп жатырмыз. Екі жыл карантинде ыңғайлы, спорт стиліндегі, қатты көзге ұрмайтын барынша табиғи түстердегі киімдер кидік. Бұрынғыдай бәрін сатып ала бермеу мақсатында "баяу сән" келе жатыр.

Бангладеш, Қытай секілді жұмыс күші арзан елдерде тігіледі. Әкелеміз, сатамыз, лақтырып тастаймыз. Сапа да кетті. Сондықтан бір рет пайдаланған сапалы дүниені тазалап, неге қайта кимеске? Сөмке, аксессуарлар алуға болады. Сапасы өте жақсы. Осылайша қайта-қайта киім сатып алмауды үйренеміз. Қалтаны да қақпайды. Біз қазір ақшамызды сапасыз киімдерге, синтетикаға құртып жатырмыз. Секонд-хендтен сапалы дүние көріп қалсақ, неге алмасқа?

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сіз көп іздеген көйлектер (@bul_bulbul_brand)

– Өзіңіз аласыз ба?

– Аксессуар аламын. Қазір винтаж, яғни ескі заттар өте жақсы бағаланады. Сән тарихын қарасақ, 1910 жылдан 2000 жылға дейін әр он жылдықта қоғамдағы жаңалықтарға сай сәнде өзгерістер болып отырған. Одан кейін ештеңе болған жоқ. 1980-жылдардың көлемді иығы мен 70-жылдардың "колокол" шалбары, 50-жылдардағы белі қыналған new look, Dior стилі, 40-жылдардағы төрт бұрыш костюмдер сәнге айналып келіп жатыр. Жаңадан ештеңе шықпағаннан кейін винтаж киімдер бағаланады. Атадан балаға киімді жыртығымен мұраға қалдыратын old money деген түсінік бар.

Адамдар бұрынға қарағанда саналы бола бастады. Бұрынғыдай жапа-тармағай жылтыраққа жармаспайды. Әр 2 мың теңгелік футболкаға жүгірмейді. 10 мың теңгеге бес футболка алғанша, сапалы бір футболка алғысы келеді. 50 мың теңгеге масс-маркеттен бір жуған соң тастайтын пиджак алғанша, сол ақшаға сапалы винтаж костюм алуға болады. Бұл да гардеробқа құйылған инвестиция. Өзім де винтаждан алуды көбірек қолға алайын деп жүрмін.

Десе де қазақ аудиториясы біреудің кигенін киюге әлі дайын емес, өйткені бала кезден өзінен үлкендердің киімін киіп өскен. Қазір бала күнде киілмей қалған киімдерді киіп, ішкі қалауларын жауып жатыр. Түбінде винтажға ораламыз. 

– Ал бір киімді ұзақ кию дұрыс па?

– Сапалы киімді ұзақ киетіндерге жақсы қараймын. Әр киімге эмоционалды түрде қатты байланысы бар адамдар болады. Мен мұны диплом қорғағанда, келін болып түскенде кигенмін. Мынау құдалықтан келген сырғам дейді. Баяу сән тұрғысынан алсақ, қайта-қайта алғанша бір сапалы киімді бес жыл киюге болады. Түгі шығып, өңі кетіп қалған киімді өмір бойы кие беру де дұрыс емес. Киім тозса, шалбардың тізесі шықса ұзақ кимеңіз. 

Фото: Бұлбұл Қалқанбаеваның жеке архивінен

– Сән өзгергенімен, стиль қалады дейді. Сіз өз стиліңізді таптыңыз ба?

– Адамның стилі ішкі күйіне қарай өзгеріп отырады. Оған уақыт, тұрғылықты жері, жас ерекшелігі, сол кездегі ішкі сана-сезімі, психологиялық ерекшеліктері, мәртебесі әсер етеді. Мысалы, мұғалімдер жасына, мәртебесіне сай киінеді.

Сән – көшпелі дүние, келеді, кетеді. Адамның өзіне сай стилі қалып қалады. Өзім стилімнің көп өзгергенін байқаймын. Менің стилім осы дейтіндей бұл салада жүргеніме көп болмады. Бес жылда басымды тауға да, тасқа да ұрып, талай нәрсені көрдім. Онсыз болмайды. Стильдің өзі бағыттары бар: драматикалық образ, natural образ, нәзік не күрделі романтизм, классика. Барлығын көрдім, жаныма жақынын таптым. Бірақ та аудиториям үнемі жаңа дүние күтетіндіктен мінез-құлық стиліме жат образдарды да көрсетуім керек. Олардың мінезі менікіндей емес қой.

Стиль адамның мінезімен тікелей байланысты. Образ мінезбен де сай келуі керек. Мен классикпін. Түзу сызықтар, жинақы, драма ноталары бар киімдер жақын. Қазақ аудиторися көзді ауыртатын, батыл көрінетін өткір образдарға дайын болмай жатады. Соның элементтеріне табиғилықты қосқанда классика жақын келеді. Пиджак маған жақсы жарасады, өйткені түзу сызықтар бар. Клиенттермен жұмыс істегенде де стилін тауып беруге тырысамыз.

Жоғарғы сән көрсететін дүниелерді қазақ аудиториясына сол күйінде өткізе салмайсың. Менталитет басқа, тәрбие бар. Ашық-шашық, жырық, әлемдік сән айтқан трендтің барылғын сол қалпында бере салуға болмайды. Керісінше, айналдырып келіп, бейімдеп беруің керек. Vogue журналындағы дүниелерді сол қалпында киіп көрсетсем аудитория шалқасынан түседі.


Оқи отырыңыз: Сәнгер Алмас Керімбек: Сән – жай ғана жылтыр көйлек емес, ол – тарих пен философия


– Әйелдер киім таңдағанда қандай қате жібереді?

– Әлі күнге дейін киімнің актуалды фасонын, яғни үлгісін ажырата алмайды. Актуалды емес үлгідегі киімдерге сұраныс бар, өйткені қыздарда білім жетіңкіремейді. Сұраныс болғандықтан Түркия мен Қытай шығара береді. Алуды азайтқанда ғана ондай киімдер шықпас еді. Масс-маркеттің өзі қажет емес киімге тұнып тұр. Қыздар гүліне қызығып, түріне қызығып алып қоя береді. Ең басты қателік осы.

"Жақсы киіну – қымбат киіну" деп ұрынып отырған қыздар көп. Әсіресе, сырт киім қымбатқа түседі. Киім таңдағанда ережелерді білсе жеткілікті. Оған талант керек емес. Жейденің матасы форма ұстайтын болуы керек. Жакеттің ұзындығы алақанның жартысына дейін келуі керек. Шалбардың белінде бүрмелі тігісі аса көп болмауы керек деген секілді 15-20 ереже бар. Сол ережемен бес киім алсаңыз, бесеуі де бір-бірімен үйлесіп кетеді. 

Әдемі киінуді таланты жоқ адам да үйрене алады. Тағы да айтамын, ережелерді білсеңіз болды. Талғамды көру арқылы қалыптастыра аласыз. Үйрену оңай. Көз жаттыққанда әдемілікті көруге құмар болады.

– Аз ақшаға да жақсы киінуге бола ма?

– Әрине, бірнәрсе аларда мынау ақшасына тұра ма деп ойланамын. Қымбатқа ұрына бергенге қарсымын. Ысырап қой. Менен "люкс не үшін алады сапасы керемет пе?" деп сұрайды. Реплика, өтірік люкс алып, "люкс киіп жүрмін" дейтіндер бар. Шынайы люкс алу – ішкі күйің, өзің үшін ғана. Біреуге мен люкс киіп жүрмін деп дәлелдеу үшін емес. Жасанды люкс – өзіңді алдау.

Люксті өзіме енді ғана рұқсат ете бастадым. Біреу мақтан не басқа десін, бұл менің ішкі дүниеме жақсы әсер етеді. Біреуге люкс құндылық болмауы мүмкін. Люкс кигеннің барлығы әдемі емес. Брендке малынып жүрген қаншама қыз-келіншекті білемін. Бай болып көріну – бірнеше логоны үстіңе іліп алу деген сөз емес. Кез келген образда екі логадан әрі қарай көп. Люкс кигің келсе ішкі күйің үшін ки. Талғамды ақшаға сатып ала алмайсың. Қанша ақшаң болса да, люкстің жөні осы екен деп бірінің үстіне бірін жапсыра берудің қажеті жоқ. Үйлесімсіз, қарағанда көзді ауыртып, бірнеше лого менмұндалап тұрады. Оның бәрі неге керек? 

– Қандай түстер әрдайым өзекті болып қалады?

– Аудиторияның түске қатты байланып қалғанын түсінбеймін. Осы түстегі киімдер өзектілігін жоғалтпайды деп айта алмаймын. Адам түсті жылдар бойы таңдайды. Pantone институты осы түсті жыл түсі деп жариялады деп өзіңе күшті жарасатын көк түсті тастай салып, тоқсары түсті киіп кету дұрыс емес. Қазақ қыз-келіншектерінің бет-әлпеті күнге күйген, тотыққан. Менталитетіміз үнемі өшіңкі түстерді киюге бейім. Таза қанық түстерге көз үйренбеген. Қыз-келіншектердің көбі ашық түс киюден қорқады. Адам өмір бойы өзіне жарасатын түсті өзі біледі. Сән әдебиетінде базалық ақ, қара, сұр түстерді "ахромат" дейді. Тек қана сондай киімдер кисек гардеробымыз сұрқай болып кетеді. Теріміз аппақ емес. Өзім қанша жыл қара түс кие алмай келдім, өйткені бетім күнге тотыққан қара қызбын. Бидай өңді болсақ та бетіміз күнге тотыққан, қызаруға не қараюға бейім. Славяндар секілді кез келген түсті қабылдай алмаймыз.

Тапқан түсімді өмір бойы киюге бармын. Осы түстерді ғана киюім керек деп шектелгім келмейді. Өзіме көк түстің өте әдемі жарасатынын білемін. Түс сәннен кетіп қалады деген болмайды. Бастысы – өзіңізге жарасатын киім кию. Pantone ұсынатын түсті жоққа шығармаймын. Оны кисең трендте боласың деген сөз. Бетіңізге жарасып жатса киіңіз, бірақ ол түсі бәріне жараспауы мүмкін. 

Фото: Бұлбұл Қалқанбаеваның жеке архивінен

– Стилист қалай ақша табады?

– Стилист клиентпен бірге шопинг жасап ақша табады. Дүкендердің бәрін аралап қойғандықтан стилист клиентке не керек екенін біледі. Адамның мінез-құлық типін анықтайды, қалауына құлақ көреді, гардеробын қарайды. Екі сағат дүкендерді аралап, үйлесімді киім таңдап береді.

Гардеробты сұрыптайды. Киімі көп, бірақ киерге киімі жоқ қыз-келіншектер көп. Стилист гардеробтағы бар киімнен өзіңіз көрмеген үйлесімдікті жасап береді.

Стилистердің қазіргі табыс көзінің бірі –  марафон жасау. "Қалай? Қайтіп? Немен кию жайлы" марафонымда үйлесімді киіну ережелерін үйретемін. Мен айтқан техникалар қазақ аудиторисына өте жақсы өтті. Марафонға қатысып әдемі киініп қана қоймай, өзгелерге стилист боламын дегендер көп.

Онлайн консультация қызметі. Тіпті, Whatsapp қолдаудың өзін ақшаға айналдырып қоюға болады, өйткені дүкенге көп баратын, киімді алайын ба, жоқ па деп ұзақ ойланатын қыз-келіншектер көп.

Қазіргі қоғам ақпаратты, білімді сатып алуға, өзіне инвестиция құюға дайын. Ол төлеген ақшадан сәл артырақ берсе клиент қайта келеді. Стилистер аз. Аудитория одан да көп. Стилист кәсібін меңгеруге кеш емес. Қазір дәл уақыты дер едім. Былтыр жазда стилистерді дайындай бастадым. 


Оқи отырыңыз: Қазақ қыздары мен әйелдері қандай бас киім киген?


– Bulbul деген киім брендіңізді бастауға не түрткі болды?

– Клиенттермен жүргенде дене демалатын, матасы мақта көйлек таппай қиналдым. Бір көйлек алсаң құрамы 100% полиэстер болып шығады. Ол терлетеді, денеге зиян заттар бөледі. Бірнеше бала босанған, жасыратын жері бар қазақ қыз-келіншектеріне денебітім ерекшелігін түзейтін көйлектер болмады. Бренд идеясы туғанда көйлектер шығарамын дедім. Он көйлектің эскизі жасалды. Жеті көйлек халықтың көңілінен шықты. Оның ішінде бес көйлек әйелдердің денебітімін өте жақсы түзейді.

Киім алғанда матаның құрамына назар аударуы керек. Денеге ыңғайлы, тері демалуы керек. Ол киімді бірнеше жыл кие алуымыз қажет. Табиғи материалдардан тігілген киімдерді киюді түсіндіріп жатырмыз. Ақырындап адамдар көше бастады. Халықтың қажеті болған соң алғашқы коллекциядағы киімдер жақсы сатылды. Көйлекпен шектелмеуді, коллекцияны толықтыру керек екенін түсіндім. Әлі цехым жоқ. Мақсатқа қарай әрекет ете береміз. 

Серіктестер жаңалықтары